Елімізде 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған өңірлердегі түлектер үшін арнайы гранттар бөлінген. Мәселен, педагогикалық, инженерлік, IT және жаратылыстану бағытындағы мамандықтар бойынша Атырау, Маңғыстау облыстарын – 1500, Ұлытау мен Жетісуға – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістанға – 500 орын берілді.
Грантқа үміткерлер арасында ұпайлары тең болған жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде “Алтын белгі” иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері де бар. Сондай-ақ гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.