Асыл дініміздің негізі қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті екендігі мәлім. Алайда Пайғамбарымыз дүние салғаннан кейін қасиетті Құран аяттары мен Алла елшісінің хадистерін бұрмалап түсіндіруші түрлі топтар пайда болды. Насихат сұраған сахабасына Пайғамбарымыз:
“Ұлық Алла Тағаладан қорқыңдар. Расында, араларыңдағы ұзақ өмір сүргендер, көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады, сондықтан сендерге еш ауытқымай менің және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек болады”, – деп айтқан (имам Тирмизи).
Бұл хадисте Алла елшісі өзінен кейін дінді бұрмалаушы түрлі топтардың болатындығын айтып, тақуалықты ұстанудың, басшыға бағыну, әһли сүннет уәл-жамағат жолымен жүрудің маңызды екенін нұсқайды. Өкініштісі сол, қазіргі уақытта мұсылмандарды тура жолдан тайдыруды көздеген жат ағымдар аз емес. Тек олардың атаулары мен қызмет жасау тәсілдері өзгерген демесек, негізгі ұстанымдары арамдықты насихаттау болып қалуда. Жат ағымнан сақтанудың бірнеше жолы бар. Олардың алғашқысы Әһли сүннет жолында берік болу.
“Әһлу сунна уәл-жамағат” жолын ұстанушы деп – Мұхаммед Пайғамбардың сүннетін ұстанатын мұсылманды айтамыз. Әһли сүннет уәл-жамағаттың ақидадағы имамы екеу. Ол имам Матуриди және имам Әшғари (Алла оларды рахымына бөлесін). Орта Азия мұсылмандары, соның ішінде қазақ халқы ғасырлар бойы имам Матуриди ақидасын ұстанып келді. Ислам әлеміндегі ақида мәселесінде талас күшейген заманда имам Матуриди мұсылмандар арасына жік салғалы тұрған теріс ағымдарға қарсы өзінің ұшқыр білімділігімен, аят, хадистерден алынған дәлелдерге сүйеніп, өте маңызды мәселелерді дұрыс шеше білген. Ғалым мұсылмандарды теріс пиғылды ағымдар жетегінен қорғады. Осылайша ислам ақидасын бір жүйеге түсіргені үшін имам Матуриди “Мусахихул ақидатил муслимин” (“Мұсылмандардың ақидаларын түзетуші”) және “Ағламул һуда” (“Тура жолды білуші”) деген атаққа ие болды.
Бүгінде қоғамда Матуриди мен Әшғари мектебін ұстану дұрыс емес деп, оны адасушылық санайтын топтар пайда болды. Әлемдегі тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызы Матуриди және Әшғари ақидасын ұстанады.
Баршамыз мақтаныш тұтатын кешегі өткен Қауам аддин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (1286-1357), Һибатулла әт-Тарази, Хусам аддин әс-Сығанақи және басқа да Сығанақ пен Кердер ғалымдары, Тараз бен Отырар ғұламалары, берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бәрі де фиқһта Ханафи мәзһабын, ақидада (сенімде) Матуриди мектебін ұстанған. Сондықтан о бастан сунниттік екеніміз, іс-амалда Ханафи мәзһабы мен сенімде Матуриди жолын таңдауымыз ұлт ретінде ұйысып, мемлекет ретінде дамуымызға тың серпін берген. Ендеше, бүгінгі күні ұсақ-түйекті таласқа айналдырмай, дінде де ата-бабамыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз аса маңызды.
Жат ағымның жетегінде кетпеудің екінші жолы – Мәзһаб ұстану. Теріс ағым өкілдері көбіне “Мәзһаб ұстанудың қажеті жоқ”, “Пайғамбар мен сахабалардың кезінде мәзһаб мүлдем болмаған”, “Мәзһаб имамдарының өзі “егер сахих хадис көрсеңдер менің сөзімді тастаңдар” деп айтқан” деген сынды сөздерді келтіріп, қарапайым адамдар арасында күмән салады.
Олардың ойынша, әрбір адам ешбір ғалымның айтқанына сүйенбей, Құраннан, хадистерден үкімдерді тікелей алып, амалға асыра беруі қажет. Теріс ағым өкілдері осы сияқты кертартпа ойларын алға тартып, енді дін жолына түсіп, Алланың әмірлерін орындауға бет бұрған мұсылмандардың жүректеріне сызат салуда. Олар мәзһабпен үкім ететіндерді діннен бөлек ағым сияқты көрсеткісі келіп: “Сен Құран мен сүннетті, әлде Әбу Ханифаның жолын ұстанасың ба?” – деген сұрақтарды жиі қояды.
Жалпы “мәзһаб” сөзі – жүретін жол, бағыт деген ұғымды білдіреді. Шариғи тұрғыда мәзһаб деп арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен алынған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын айтамыз. Демек Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали мәзһабы дегенде жеке адамдардың пікірі емес, көптеген ғалымдардан құралған үлкен мектептің бағыты меңзеледі. Әрине, мәзһаб ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде болмады. Сахабалар Алла елшісінің көзі тірісінде басқадан пәтуа сұрамайтын еді. Ол кезде ижтиһад жасауға тек ардақты Пайғамбарымыз ғана құқылы болатын. Ал Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бақилық болғанда сахабалардың барлығы емес, тек белгілі бір бөлігі ғана пәтуа бере алатын еді.
Құран мен хадистерден алдыңғы буындарға ұқсап, үкім шығара білу үшін белгілі бір қалыптар қажет. Ол қалыптар ғұламалардың үкім шығаруда қолданған өміршең тәсілдері мен ережелері яғни мәзһаб болып саналады.
Діни тұрғыдан сауатты болу да жат ағым етегінде кетпеуіміздің бірден-бір нышаны.
Жат діни ағым иелері көбіне діни сауаты аз адамдарды өз қатарына тартуға тырысады. Өйткені білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни оқу орнын бiтiру міндет емес. Ол үшін асыл дініміздің негіздерін үйрену, мәзһабымызды тану, ата-бабамыздың ұстанған дәстүрлі ислам жолымен жүру, адасқан топтардың айырмашылығын білуіміз жат ағым жетегінде кетпеуіміз үшін жеткілікті болмақ.
Діни білімді сенімді көздерден алу керек. Алла Тағала қасиетті Құранның “Нахыл” сүресінің 43-аятында: “Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар”, – деп білмеген мағлұматты білетін, білім иесінен сұрауды әмір еткен. Діни білімді интернет желісіндегі шекараның ар жағында отырған беймәлім ұстаздардан, белгісіз сайттардан үйренуге болмайды. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттердің жанында арнайы сауат ашу орталықтары бар. Сонымен қатар интернет желісінде діни мағлұмат алам деушілерге “www.muftyat.kz” сайты қызмет көрсетуде. Телефон арқылы сұрақ қойғысы келгендер үшін тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн үзіліссіз жұмыс істейтін діни ақпарат беру орталығына (“Call” орталық нөмірі 8-707-233-30-30) хабарласуға болады.
Ата-аналардың балалардың ұялы телефоннан қандай ақпарат көріп жүргендігіне ерекше назар аудару қажет. Бұл жерде айта кететін жайт, кей ата-аналар дінге қызығушылық білдірген балаларын “ағымға кіріп кетеді” деген қорқынышпен мүлдем мешітке барудан тыйып тастайды. Асылында, қазіргі заманда бұл қате әрекет болып есептеледі. Өйткені, мешіттегі сабақтар мен уағыздардан қалыс қалған бала діни білімді ғаламтор арқылы алуды көздейді. Ең оңтайлы әдісі – дінге қызыққан баланың шариғи білім алуын мешіт имамына тапсырып, қадағалап отыру.
Жат ағым өкілдері көп жағдайда мұсылманның бірлігіне сызат түсіріп, оларды бөлуге, бір-біріне деген дұшпандық сезімін оятуға тырысады. Алла Тағала қасиетті Құранның “Ағраф” сүресінің 56-аятында:
“Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар”, – деп айтқан. Бұл – бүгінгі қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарып, халқымыздың сүттей ұйыған берекесін бұзғысы келетін жат пиғылды адамдарға қатысты ескерту. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов: “Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек”, – деген.
Хәкім Абай атамыздың: “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деп айтқанындай, тура жолда берік болып, бірлігіміз бен бауырмалдығымызды сақтап, жат ағымның алдауы мен арбауынан сақтанайық.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.