Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөліміне Қарақоға мен Надежка ауылдарының арасындағы жолдың шетінде еш қимылсыз екі адамның жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнынан полиция қызметкерлері осы ауданның 38 және 35 жастағы тұрғындарының денесін тапты. Сондай-ақ жақын жерде балаларға арналған қоларбада жатқан кішкентай сәби табылған.
Қазір бала орталық аудандық ауруханадағы балалар бөлімінің бақылауына алынған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Образец ауылында сыртқы зақымдары бар “Toyota Land Cruiser” автокөлігі анықталды. Автокөліктің иесі, Петропавл қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол екі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін және оқиға орнынан кетіп қалғанын айтқан. Медициналық куәландыру “Тoyota Land Cruiser” жүргізушісінің мас екенін көрсетті. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.