Облысымызға жұмыс сапарымен еліміздің Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келді. Ол өңіріміздегі бірнеше нысанға ат басын тіреп, жұмыс барысымен танысты. Мамандарға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілетінін жеткізіп, жекелеген адамдардың өтініштерін тыңдады.
Әлібек Қуантыров барған алғашқы нысан – Петропавлдағы Караван көшесі бойында орналасқан темір жолдың үстінен өтетін көпір.
Темір жол магистралі Петропавл қаласын екіге бөліп тұр. Автожол өткелі 1961 жылы салынған. Тозығы жеткен көпірдің тірек және қоршау конструкцияларының апаттық жағдайда екені бұрыннан айтылып келеді. Бұл жолмен тәулігіне шамамен 16-20 мың көлік жүріп өтетінін ескерсек, оның тұрғындардың өміріне қаншалықты қауіп төндіріп отырғанын аңғаруға болады. Бұл жолды 2026 жылға дейін жөндеу көзделген. Көлік ағынын төмендету үшін Жұмысшы кентінде темір жол үстімен өтетін жаңа автомобиль көпірін салу жоспарлануда. Жобаның құны – 5,9 млрд. теңге. Көпірдің жалпы ұзындығы – 427 метр болмақ. Жоба “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге аспақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 5,5 млрд. теңге қаражат бөлінеді деп жоспарлануда.
Министр облыс орталығындағы №2 жылу-электр орталығына ат басын тіреді. Кәсіпорнында бүгінде 12 қазандық пен 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. 2023 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламасында 424 млн. теңге қазандық агрегатын қайта салуға, 740 млн. теңге күрделі жөндеуге, 617 млн. теңге ЖЭО-2 турбоагрегатын қайта жаңартуға, 156 млн. теңге қазандықты ауыстыруға бағытталғандығы айтылды. Қызметкерлердің жалақысы 40 пайызға көтерілген. Мұнда 676 адам еңбек етеді.
Әлібек Қуантыров кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының ұтымды жүргізіліп жатқанын қолдап, жалпы ел бойынша “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы аясында 62 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуға шамамен 3 трлн. теңге инвестиция тарту болжанып отырғанын жеткізді. 2029 жылға дейін желілердің тозығы жеткен бөлігін 20 пайызға қысқартуға мүмкіндік бар.
– Жүргізіліп жатқан барлық шаралар апаттар мен желіден ажыратулардың санын төмендетуге, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады, – деді министр.
Ұлттық экономика министрі қағаз өнімдерін шығаратын “РимКазАгро” ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Фабрикадағы қағаз өнімдері өндірісінің жылдық қуаттылығы – 5 мың тонна. Құйылған инвестиция – 2,5 млрд. теңге. Жоба “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде субсидияланған. Астаналық мейман ат басын бұрған келесі нысан – көпсалалы “Радуга” компаниясы. Кәсіпорын бүгінде өңір тұрғындарын көкөніс өнімдерімен жыл бойына қамтамасыз ететін жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Жоба құны 7,2 млрд. теңгені құраса, оның 1,4 млрд. теңгесін кәсіпорын өз қаражаты есебінен өтеген.
Содан кейін Әлібек Қуантыров жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында бизнеске қатысты бірқатар мәселе ортаға салынды. Соның ішінде қайта қаржыландырудың базалық мөлшерлемесінің өзгеруі, инфрақұрылым тарту сияқты мәселелер кеңінен сөз болды.
Кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берген ведомство басшысы қазір инфляция деңгейі тұрақталып келе жатқанын атап өтті. Жеті айдың қорытындысы бойынша бүгінгі 14 пайыздық деңгей біртіндеп төмендейтінін, жыл соңына дейін 9,5-10 пайыз болатынын жеткізді.
– Өткен жылы пайыздық мөлшерлемеге, инфляцияға қатты әсер еткен сыртқы жағдайлар болды. Соған қарамастан ел экономикасында өсім байқалады. Өндіріс дамып келеді. Бұл ретте “Бизнестің жол картасы” бағдарламасының тигізіп отырған көмегі зор. Үстіміздегі жылы аталмыш бағдарламаға 260 млрд. теңге қарастырылған. Бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 100 млрд.теңгеге артық, – деді министр.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінде өткен жиында мекеменің басты жұмыс бағыты, тарифтік саясат және желілерді сумен, жылумен үздіксіз қамтамасыз ету, инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Министр жауапты мамандарға тариф белгілеу мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды, “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасын іске асыруды және халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.
Әлібек Қуантыров “Даму” қорының өңірлік филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір кәсіпкерлері жаңа құс фабрикасын іске қосу үшін субсидиялауға және кепілдендіруге қаражат бөлуді, өңдеу өнеркәсібін қолдауды, баға белгілеу және қоғамдық маңызы бар нарықтарды реттеу үшін көмек беруді сұрады. ҰЭМ басшысы мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып, азаматтар жеткізген кейбір ұсыныстар мұқият қаралатынын атап өтті.
Ұлттық экономика министрі облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен де кездесті. Жиында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, автожолдарды жөндеу және салу, инвестициялар тарту, сумен жабдықтау, шекараға жақын ауылдардың статусын айқындау, салық кодексін жетілдіру және елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Халық қалаулылары министрге Уәлиханов, Ақжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар тұрғындарының жол қиындығын көріп отырғандарын ашына жеткізді. Өңіріміздегі көптеген күре жолдардың өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынғаны белгілі. Министр “жол – экономиканың негізгі күретамыры” екенін айтып, бұл мәселені шешуге айрықша көңіл бөлінетініне сендірді.
– Солтүстік Қазақстан облысында халық сирек қоныстанған. Бұл облыстағы бірқатар өзекті мәселені шешуге қолбайлау болуда. Жуырда ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Оның аясында өзара шектесетін аудан жолдарына, ал “Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде ауылішілік жолдарға көп көңіл бөлінеді, – деді ол.
Жалпы өткен жылы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша облыста 49 жобаны іске асыруға 41 ауылға 5,5 млрд. теңге бөлінген. Оның он бірі көлік инфрақұрылымы, 33-і әлеуметтік инфрақұрылым және бесеуі ТКШ саласына қатысты жоба. Биыл 5,1 млрд. теңгеге 20 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Депутаттар министрге ауыл шаруашылығына инвестиция тарту ісінде өңірдің газбен қамтамасыз етілмеуі қиындық тудырып отырғанын жеткізді.
– Қазір бұл мәселемен Энергетика министрлігі мен “QazaqGaz” айналысып жатыр. Газдандыру солтүстік аймақтарға қарай созылып, біртіндеп еліміздің шығыс бөлігін қамтиды. Жаңа газ кен орындарын игеру керек. Негізгі капиталға салынатын инвестицияларға келсек, біздің міндетіміз, оның көлемін үстіміздегі жылы 18,3 трлн.теңгеге дейін жеткізу. Өткен жылы бұл көрсеткіш 15,3 трлн.теңге болды. Биылға межеленген 18,3 трлн. теңге барлық өңірлер арасында бөлінеді , – деді министр.
Әлібек Қуантыров сумен жабдықтау мәселесі бойынша алдағы екі жылда үкімет алдында халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа салық кодексінің жобасы әзірленіп жатқанын еске салды.
Ұлттық экономика министрі түстен кейін облыс әкімі Айдарбек Сапаровпен бірге бірқатар нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігінен, жай-күйінен хабардар болды. Олар Петропавл қаласындағы жобалық құны 144 млрд. теңгені құрайтын 480 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылысымен танысты. 2020 жылы басталған құрылыс жұмыстары бүгінде 48 пайызға ғана орындалған. Жобалық-сметалық құжаттарында да қиыспайтын жерлер бар. Мердігерлер жұмыстың баяулығын құрылыс материалдарының қымбаттауымен түсіндірді.
Әлібек Қуантыров Қызылжар және Аққайың аудандарында ірі қара өсіріп, сүт өндірумен айналысатын “Қызылжар сүт” пен құс етін өндіретін “Солтүстік бройлер” кәсіпорындарында да болып, жұмысына жоғары бағасын берді.
“Қызылжар сүт” ЖШС-ға өткен жылы 366 млн. теңге субсидия бөлінген. Ферма алпыс адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықтың тауарлы-сүт кешенінде 1410 бас ірі қара бар. Жылына 6 мың тонна өнім шығарады. Жобаның жалпы құны – 3,7 млрд. теңге.
Аққайың ауданының Аралағаш ауылындағы құс фабрикасының жылдық жоспары – 10 мың тонна құс етін нарыққа шығару. Кәсіпорын заманауи құралдармен жабдықталған және толықтай автоматтандырылған. Онда жергілікті 170 тұрғын жұмысқа тартылған.
Елордалық мейман Аралағаш ауылының тұрғындарымен кездесіп, министрліктің бағдарламалары аясында ауылдық елді мекендерге қандай қолдау көрсетілетінін айтты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.