«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫПСАТАРЛАР САНЫН АЗАЙТУ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл қаласындағы бірқатар базарлар мен супермаркеттерде болып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын және жергілікті өнімдердің қолжетімділігін тексерді. Сатушылардың жағдайымен танысқан өңір басшысы тұрақтандыру қорының сауда орындарына да бас сұқты.

Өңір басшысы, ең алдымен, “Aimer” дүкенін, содан кейін “Алтын арман” базарын, “Тайга” сауда орталығын аралады. Халық арасында сұранысқа ие өнімдер бағасының қымбаттап бара жатқаны жиі айтылып жүр. Кейбір тауар тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтеді. Азық-түліктің, басқа да тұрмысқа қажетті өнімдер құнының шарықтауының бір себебі осы.

“Мен аралаған сауда орындарында жұмыртқаның он данасы 310 теңгеден сатылуда. Мұндай баға жергілікті тұрғындардың қалтасына салмақ сала қоймайды. Өнімдер бағасын делдалдар қолдан өсіріп отыр. Сондықтан бізге алыпсатарлар санын азайту маңызды”, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы жауапты мамандарға азық-түлік бағасын күнделікті бақылауға алып, сауда орындарын жергілікті шаруашылықтарда өндірілген өніммен қамтамасыз ету мақсатында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ тұрақтандыру қорының сауда орындарынан тауарды тиімді бағамен сатып алуға қолайлы жағдай жасау үшін сатушылардың санын көбейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі тауар түрлерінің және сөрелердегі отандық өнімнің аздығын сынға алды.

“Біздің кәсіпкерлер неге консервілерді аз өндіреді? Сөреден жергілікті бизнес өкілдерінің бұқтырылған тағамдарын кездестірмедім. Мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесі бір жолға қойылып отыр. Осындай жаңа әрі тың жобаларды қолға алатын кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Сүтке, етке бай Қызылжарға консервілерді өзге өңірлерден жеткізгеніміз ұят, – деді Айдарбек Сейпілұлы. Облыс әкімінің айтуынша, өңірімізде азық-түлік саласында дамытуды қажет ететін бағыт аз емес. Сауда орындарының сөрелерінде солтүстікқазақстандық өнімдердің үлесі басым болуы тиіс.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp