«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢҒАЖАЙЫП ТУЫНДЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Qyzyljar-ART” орталығында суретші Анна Брыкина қала тұрғын­дары мен меймандарына арнап “Пе­реливы” сурет көрмесін өткізді. Сөреге қойылған 24 туындының әрқайсысы көрерменнің көңіліне өткен күндер­дің тәтті елесіндей әсер сыйлады.

“Радуга” балаларды дамыту ор­та­лығында бейнелеу өнерінен сабақ беретін Анна Брыкина бұрын қаржы саласында қызмет атқарған. “Жас кү­німнен сурет салуға құмар болдым. Кез келген адам бойындағы таланты мен талабын ұштағанда ғана жеңіс­ке жетеді екен. Уақыт өте келе қар­жы саласына кездейсоқ келгенімді аңғардым. Бүгінде жаным қалаған іспен айналысудамын”, – дейді ол.

Іс-шара барысында облыстық му­зей бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқышева мен суретші, өлке­танушы, Қазақстан Сәулетшілер ода­ғының мүшесі Александр Листопадний таңғажайып туындыларын тұр­ғындар назарына ұсынған А.Брыки­наға шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Қалалық, облыстық сурет байқаулар­ына қатысты жүр­ген Анна Владимировна “Golden time talent” британдық байқауының жүлдесінен үміткерлер қатарында.

Ағылшын жазушысы, суретші Джон Рескин “Суретшінің қолы, қия­лы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады”, – деген екен. Көрмеге қойылған туынды­ларға қарап, А.Брыкинаның қиялы мен талабының үйлесім тапқанын аң­ғарғандаймыз. Автор табиғаттың сұлулығы мен адами құндылық­тарды қылқаламның құдыреті арқылы қағаз бетіне түсіруге тырысқан.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp