«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛЕРДЕН ҚАЛҒАН ДӘСТҮР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Медиация туралы” заң бітімгерлік саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.  Құжат қабылданғалы жұртшылық арасында бұл институттық жүйе туралы біраз оң түсініктің қалыптасып қалғанын аңғару қиын емес.  Оның тарихына көз жіберсек,  қазақ қоғамына да жат емес екенін байқауға болады.

Өткен ғасырларда қазақтың әлеуметтік өмірінде билер маңызды рөл атқарып, ел басқарумен қатар сот билігін жүзеге асырып отырған. Ондағы мақсат әділ төрелік күте келген екі жақты татуластыру.  Бабаларымыз “дау мұраты – бітім” деп текке айтпаған. Медиаторлар ережесі алғаш рет Римде заңды түрде бекіп, ХХ ғасырда АҚШ-та кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктерді шешу мақсатымен медиация және бітімгершілік процедуралары туралы федералдық қызмет құрылған. Кейін тек еңбек дауларында ғана емес, сонымен қатар отбасындағы, коммерциялық саладағы дау-жанжалдарды реттеу үшін қолданыла бастаған. Медиация (латынша – mediare) екі көзқарастың немесе екі жақтың ортасында болу, орта жолды ұсыну, бейтарап позицияны ұстану деген мағынаны білдіреді. Демек,  жанжалға қатысушыларды ортақ мәмілеге бейбіт түрде біріктіре отырып, мәселені оңтайлы шешу, табыстыру рәсімін орындаудың мәні айрықша деген сөз. 2011 жылдан бері қолданысқа енгізілген заңда медиацияға тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиаторлардың жәрдемімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі деген анықтама берілген.

Қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және жалпы алғанда қоғамның дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі қолайлы,  келісімге келу оңай іс емес.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту қажеттігін, бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашатынын, дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білгенін айта келіп: “Он жылдай уақыт бұрын “Медиация туралы” заң қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек”, – деп нақты тапсырма берген болатын. Бұл мәселені тек сот жүйесіне жүктей салуға болмайды, өйткені құзыретті органдардың қолдауынсыз алға жылжу қиын. Ең бастысы, тиімді тұстарын халық арасында кеңінен насихаттаудың, медиаторларды іріктеп, кәсіби біліктілігін жетілдірудің, дауласушы тараптар бір-бірімен мәмілеге келіп,  жақсы қарым-қатынастарды сақтап қалу арқылы қоғамда жанжалдасу деңгейін қолжетімді етудің маңызы айрықша. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторлардың қызметтерін танудағы және әлеуметтік сұранысын қанағаттандырудағы жүйелі ұйымдастырушылық жұмысына сүйенеміз. 2016 жылы ҚХА-ның бастамашылдығымен Достық үйлерінде медиация кабинеттері ашылып, даулар мен жанжалдарды шешудің, азаматтарға көмектесудің тәжірибесі орнықты. Облыстық “Қоғамдық келісім” КММ жанындағы медиация кабинеті кәсіби медиаторларды осы процеске белсенді тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл кабинет облыстық деңгейдегі әдістемелік орталыққа айналып, 300-ден астам қоғамдық медиаторды, психологты, әлеуметтік педагогты, құқық қорғау органдары қызметкерлерін біріктіріп отыр. Азаматтық альянс ұйымымен, ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп, медиация рәсімдерін қолдануға байланысты тренингтер, семинарлар өткізілді.

Елімізде медиация институты орнықса да, жұртшылық  артықшылықтарын, оның ішінде сотқа дейін мәмілеге келудің тиімділігін жете сезініп отыр деп айта алмаймыз.  Оның дәлелі, барлық арыз-шағымдардың оннан бірінің ғана медиаторлар көмегімен шешілуі. Бір себебі, кәсіби және қоғамдық негізде жүзеге асырылатын медиаторлар қызметіне қойылатын талаптың өте жоғары болуы. Заң бойынша тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор болуға құқылы делінгенімен, жоғары білімі, 25 жасқа толуы, медиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұруы шарт. Бұдан бөлек, отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде атқара алады. Ал мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет етуге шектеулі деп таныған, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Медиатор медиация тараптарының келісуімен ғана әрекет етуге, медиация басталғанға дейін тараптарға оның мақсаттары мен қағидаттарын, жүргізу тәртібін, құқықтарын, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасудың ережесі мен құқықтық салдарын түсіндіруге, құжаттармен, мәліметтермен және хабарлармен дәйекті түрде алмасуға жәрдемдесуге, бейтараптығына және тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін қайшылықтар болған жағдайда, сондай-ақ оның қатысуын болғызбайтын немесе оның медиацияға қатысуын тоқтатуды талап ететін басқа да мән-жайлар туындаған кезде медиацияны тоқтатуға міндетті. Медиатор тараптардан,  әкімшілік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз, заңда жол берушілік айқындалатын медиация құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады. Оның бейтараптығына кедергі келтіретін жағдайлар кездессе, медиацияны жүргізуден бас тарта алады. Осыдан аңғарғанымыздай, кәсіби деңгейі жоғары медиаторларға әлі де зәруміз, сондықтан олардың қатарын үзбей толықтыру назардан тыс қалмауы тиіс. Медиация тараптары да медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау кезінде, дауларды реттеу туралы келісімшарттарының қолайлылығын бағалауда тек құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді. Алайда медиаторды ерікті түрде таңдау, медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тарту, дауды реттеу туралы келісімді орындамаған кезде сотқа немесе қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгіну, дауды дұрыс шешу қажет болған жағдайда сарапшыларды, мамандарды, сондай-ақ аудармашыларды шақыру құқықтарын біле бермейтін фактілер ұшырасып жатады.

Біз медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, құпиялық қағидаттарына негізделетінін, медиацияның басты мақсаты дауды шешудің тараптарды қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, дауласушылық деңгейін төмендету екенін ескере отырып, жеке және заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сонымен қатар құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 68-ші бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылатынын басшылыққа аламыз. Сөз арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекетік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайтынын айта кеткен жөн. Медиацияның өте оңтайлы тұстарының бірі – қаржы шығындарының төмендігі мен уақытты үнемдеуге мүмкіндіктің молдығы. Сотта істің ұзаққа созылып кететіні өз адына, тараптар ортақ мәмілеге ешуақытта келе алмайды. Ал медиациялық рәсімдерде дауды шешуге 30 күн ғана мерзім беріледі. Белгілі себептермен ұзартылғанның өзінде екі айдан аспауы керек.

Біздің өңірімізде 14 медиация кабинеті бар. Оның біреуі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясында, қалғандары аудандарда орналасқан. 27 медиатордың көмегімен 300-ден аса іс шешімін тапты. Жүзден астам отбасы беріктігін сақтап қалды. Бес жылдың ішінде 7 мыңға жуық іс бітімгерлікпен аяқталды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастықтың арқасында 4 оқу және оқу-әдістемелік құралы,  1 электрондық оқулық жарық көрді. Кабинеттің және басқа да медиаторлардың тәжірибесі негізінде 20-ға жуық магистрлік диссертация мен дипломдық жұмыс қорғалды. 2017 жылдан бастап университетте “Медиация негіздері” курсы оқытылады. 100-ге жуық адам этно-медиация бойынша оқудан өтті. Соңғы жылдары медиаторлардың жеке тұлғаларға банктердегі берешекті кешіктіру туралы дауларды реттеуге көмегі жандана түсті. Нәтижесінде банк менеджері мен қарыз алған адам арасында медиаторлық келісім жасалып, қаржылық қиын жағдайдан шығу мүмкін болды. Мысалы, медиация арқылы “Каспий банктен” несие алған жеке тұлғаның берешегі туралы мәселе шешілді, яғни төлемдер кейінге қалдырылды. Оның берешегі 290 мың теңгені құрап, ай сайын 30000 төлеуге тиіс болған. Несие рәсімдеушінің тұрақты табыс көзінің болмауына байланысты ай сайынғы төлем 10000 теңгеге дейін төмендетілді. “Халық банктен” несие алған адамның қарызды өтеу мерзімі 3 айға дейін шегерілді. Мұндай мысалдар аз емес. Медиация отбасылық дауларды шешуде сұранысқа ие бола бастады. Мәселен, 10 ерлі-зайыптының 8-і  екі айдан кейін татуласудың орнына ажырасса, медиация рәсімін қолданудың арқасында 10 отбасының 8-і шаңырақтың беріктігін сақтап қалды.

 Медиацияның болашағы зор. Медиатордың қызметіне бір рет жүгінген адамның ешқашан сотқа бармайтынын тәжірибеден жақсы білемін. Бұл жүйенің басты ұстанымы – бірлік, келісім және бейбіт ынтымақтастық негізінде жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Гүлбақша МҰСАБАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы  СҚУ-дың оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, медиатор-жаттықтырушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp