«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЫ АЛТЫН ДӘРІГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір медицинасына озық емдеу технологиялары енгізілмек

Жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, дүниежүзілік Сократ, “Жыл адамы” сыйлықтарының лауреаты, әлемдік ғылымға қосқан айтулы үлесі үшін есімі ХХІ жүзжылдығының көрнекті ғалымдарының әлемдік тізіліміне енгізілген Абай Байгенжин “Ұлттық ғылыми медициналық орталығы” акционерлің қоғамына 2004 жылдан бері басшылық етіп келеді. Осы уақыт бедерінде бірегей орталықта 200 мыңға жуық адам емделген. 80 мыңнан астам науқастың жүрегіне, 62 мыңға жуық адамға жалпы ота жасалған. Ем-домның 80 пайызы жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырылған. Кардиологиялық аурулар бойынша адам өлімінің саны үш есе қысқарған. Отандық медицинада айшықты орны бар Абай Қабатайұлы бастаған білікті дәрігерлер тобы облысымызға жұмыс сапарымен келіп,  бірқатар кездесулер өткізді. Облыстық онкологиялық диспансерде шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Абай Байгенжинмен кездесіп, жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау саласының көрнекті өкіліне жылы ілтипат білдіріп, құрмет көрсетті.

  “Мақтан тұтар жерлесіміз Абай Қабатайұлы жетекшілік ететін орталық медицина саласындағы ең өзекті бағыттарды дамытудың бел ортасынан көрініп келеді. Есімі елге мәлім жерлесіміздің озық технологиялары өңір медицинасын дамыту ісінде де қолданылатын болады. Бұл бағытта біздің тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетіледі”,– деді Айдарбек Сейпілұлы.

Көпбейінді облыстық ауруханада өткен кездесуде өңір басшысының орынбасары Рүстем Құрманов Абай Байгенжинді жиынға қатысушыларға кеңінен таныстырып өтті.

Абай Қабатайұлы өзі жетекшілік ететін клиника жүрек, қан-тамыр, онкология, өкпе ауруларын, ағза мен тін жасушалары трансплантациясы және діңгекті жасушалар арқылы емдеу технологиясының тәсілдеріне сүйенетінін, емдеудің әлемдік инновациялық озық әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылатынын жеткізді.

“Бүгінде мыңдаған адамның өмірін сақтап қалып, оларға болашақтан зор үміт күттіруге мүмкіндік беретін ақ халатты абзал жандардың жанқиярлық еңбегі мен қажыр-қайратын тілмен айтып жеткізу қиын. Бұған ғылым саласындағы тынымсыз ізденістер арқасында қол жеткізген жетістіктерді қоссақ, қай жағынан да мақтауға лайық. Бүгінде қазақстандық дәрігерлер мен ғалымдардың медицинаға қосып отырған зор үлесін әлем мойындауда”, – деген тәжірибелі басшы медициналық орталық қызметінің негізгі нәтижелеріне, онкологиялық кеселдерге қатысты кездесетін күрделі ахуалдарға, жаңа үлгідегі “Томотерапия” медицина орталығы іске қосылғалы қатерлі ісікті емдеу ісі жандана түскеніне, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медициналық жобалардың қолға алынып жатқанына тоқталды. Өз тәжірибесімен бөлісті.

Оның айтуынша, отаны жаңа технологиялар арқылы жасау адам ағзаларын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқын алып, бір мыңдай науқастың құлан-таза айығып кетуіне септігін тигізген.      

“Инновациялық жасушалық технологияларды әзірлеу және клиникалық медицинаға енгізу” тақырыбындағы айтулы ғылыми еңбегі үшін 2020 жылы жеті ғалым  мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған болатын. Бұл тізімді жерлесіміз бастап тұр. Қазақстандық технологиялардың ауыр кеселдерді емдеудегі нәтижелері аз емес. Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында “Діңдік жасушаларының Мастер-Банкі” өндірістік зертханасы құрылып, FDA-дан (АҚШ) серфикатталып, сынақтан ойдағыдай өткен. Көптеген ауыр диагноздардан айығуға жасушалық технологиялардың  ықпалы зор. Бұл емдеу тәсілі жоғары мамандандырылған қызмет түріне жатады.

“Үміт” халықаралық онкология томотерапия орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Ержан Шаяхметов қатерлі ісікті емдеудің ең тиімді және озық әдістерінің бірі болып саналатын томотерапия елімізде қолжетімділікке айналып, “YomoTherapy HD” сәулелік терапия қондырғылары орнатылғанын, мұның өзі онкологиялық науқастар үшін радиологиялық емнің заманауи стандарты болып табылатынын баяндады.

“Томотерапия аппараты арқылы модуляцияланған қарқындылықпен сәулелендіру ісік маңындағы сау тіндерді қорғауға мүмкіндік береді. Радиациялық онкологтар компьютерде арнайы бағдарлама бойынша ісікті кескіндей отырып, 3D-моделін құрады. Сосын медициналық физиктер қажетті мөлшердің жетуін жоспарлайды.

Томотерапия бір мезетте көптеген метастаздарды сәулелендіруге қабілетті. Кардионауқастарға жүрек автоматты режімде үзбестен жұмыс істеп тұруы үшін ырғақ жүргізушісі аппаратын, кардиостимуляторлар немесе жасанды дефибрилляция аппаратын жиі қояды. Алайда көкірек, өңеш, өкпе ісігі кезінде мұндай аппараты бар науқастарға сәулелендіруді жүргізуге болмайды. Себебі батарея істен шығуы мүмкін. Ал томоаппарат ырғақ жүргізушісін айналып өтіп, ісікке жетуге мүмкіндік береді”,– деген Ержан Мұқатайұлы емді неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым нәтижелі болатынын, сүт безі, жатыр мойыны, қуық асты безі скринингтік тексерудерге жататынын, одан міндетті түрде өту қажеттігін атап өтті.

“Үміт” орталығы Орталық Азияда онкологиялық неоплазмдармен күресте сәулелік терапияның ең тиімді түрі – томотерапияны қолданатын алғашқы медициналық клиника саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жоғары сапалы рейтингіне ие болған. Халықаралық біріккен комиссияның аккредитациясынан өтіп, онкологиялық ауруларды емдеудің ең үздік еуропалық клиникаларында модельделген.

Тағылымды жиынға қатысушылар есімі әлемге танымал жерлесіміз Абай Қабатайұлына алдағы жұмысына  табыс тіледі. Қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.

Абай Байгенжин аурухананың ахуалымен және жұмыс барысымен танысып, заманауи медициналық құралдармен жабдықталуын жоғары бағалады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp