Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде Алаштың ардақты перзенті, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған “Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан” атты жылжымалы көрме ашылды. Ақын дүниеге келген Мағжан Жұмабаев ауданында тұсауы кесілген көрмені енді шалақындықтар тамашалай алады.
Биыл туғанына 130 жыл болған Мағжан Жұмабаев – қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енді. Терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлеңімен азаттықты ұрпаққа аманат етіп қалдырған ақынның ғұмырдариясын жұртшылыққа таныстыруды көздеген көрменің ашылуын Шал ақын ауданының тұрғындары салтанатты шараға айналдырды. Көрме аудандық Мәдениет үйінің домбыра оркестрінің жетекшісі Асан Әбдірахмановтың орындауындағы күймен ашылып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин бастаған азаматтар ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айым Сәрсекеева Мағжан Жұмабаевтың мерейтойы аясында өткізілген іс-шаралармен Мағжан оқуына қатысқан оқушылардың жеткен жетістіктерін айтып өтті. Оның сөзінше, биыл аудан оқушылары Мағжан оқуларынан облыстық деңгейде 1 орынға, республикалық онлайн сайыста 3 орынға ие болған. Шара барысында жас ақын Дильназ Құсайынова мерейтой иесіне арнаған өлеңін, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген Әдемау Есқақ ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Іс-шараның соңы экскурсиямен түйінделді.
Маржан ТАУШАРОВА,
Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.