Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті “Петропавл жылу желілері” мен “Севказэнергосбыт” кәсіпорындарының жаңғырту және қайта жөндеу нысандарына баспасөз турын өткізді.
Департамент басшысы Дамир Тоқтамысовтың берген ақпаратына сүйенсек, жаңа тарифтік саясат барысында “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарламасы қосымша құн салығынсыз 42067,0 мың теңгеге ұлғайтылып, 663748,0 мың теңгені құраған. Қосымша қаражат №1 сорғы станциясын күрделі жөндеуге жұмсалуда. Сондай-ақ кәсіпорын басшысы Андрей Калиничев Сәтбаев көшесі бойындағы №3 қалалық жылу магистралінің қайта жаңартылып жатқанын жеткізді. Күрделі жөндеу 1,510 шақырымды құрайтын құбырға жүргізілуде. Биыл 563840,0 мың теңге сомасына 1,021 шақырылымы жөнделіп, қалған бөлігі келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Инвестициялық бағдарлама есебіне кіретін екінші нысан – №1 сорғы станциясы. Ондағы күрделі жөндеуге бағытталған қаржы – 87168,0 мың теңге.
“Севказэнергосбыт” ЖШС Петропавл қаласы мен 8 ауданның тұтынушыларын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпорын басшысы Мағауия Сағандықов 35364,0 мың теңгенің инвестициялық қорын пайдаланып жатқандарын жеткізді. Ол қаржыға кәсіпорынға керекті құрал-жабдықтар мен лицензиялар алынып, басқа да қажеттіктерге жұмсалуда. Серіктестік автоматты режімде және оператормен сөйлескенде көп арналы телефонға келіп түсетін қоңырауларға жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатуда. Бұл тұтынушыға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жайлылығын қамтамасыз етпек.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.