Облыста жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 7 274 бала қабылданбақ. Оның тек 1972-сінің ата-анасы баласын қазақ сыныптарына беріп отыр. Жалпы биыл өңіріміздегі мектеп оқушыларының саны 74,5 мың болса, соның 18,5 мыңы ғана қазақша білім алып жатыр.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 465 мектеп бар. Білім ордаларының 112-сі қазақ тілінде оқытса, аралас мектептің саны – 99. 352 мектеп шағын жинақты. Биыл оқушы саны бесеуге жетпейтін 7 бастауыш мектепті жабу жоспарланған. Соңғы 3 жылда өңірде желінің кепілдендірілген мемлекеттік нормативіне сәйкес келмейтін 19 мектеп жабылды.
Оқушы жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін қандас отбасыларының балалары және жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар есебінен ауыл мектептерінің контингентін ұлғайту бойынша жұмыс қолға алынған. Нәтижесінде биылғы жаңа оқу жылында облыстың білім беру ұйымдарында қоныс аударушы отбасылардың 820 және қандастарымыздың106 баласы оқымақ.
Қазір өңірдегі 170 ауылда мектеп жоқ. Оларда 1480 оқушы тұрады. 127 ауылда тек бастауыш немесе негізгі мектептер жұмыс істейді. Осы ауылдарда тұратын балалар жақын маңдағы 143 мектепке арнайы көлікпен жеткізіледі.
Апта сайын 1003 оқушы мектеп жанындағы 50 интернатқа тасымалданады. Күн сайын мектептерге 1618 оқушы жеткізіледі. Оқушыларды тасымалдауға 143 автокөлік бөлінген.
Былтыр 2,4 млрд. теңгеге 27 білім беру нысаны күрделі жөнделді. Оның 1-і қалалық, 26-сы ауылдық жерлерде орналасқан, оның ішінде “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 21 білім беру ұйымы жөнге келтірілді. Нәтижесінде мектептер мен балабақшалардың қасбеті, инженерлік желілері, жылыту жүйелері, шатыры, терезелері, есік-едені ауыстырылды. Биыл 49 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа – 4,3 млрд. теңге берілсе, соның 2,9 млрд. теңгесі “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша бөлінді. Жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталуы үшін басқарманың және білім бөлімдері комиссиялары апта сайын нысандарға барып, мониторинг жүргізеді, аудандар мен қала әкімдері де қатаң бақылауға алған. Петропавл бойынша 5 жоба аяқталды. Қалған нысандарда жұмыс орта есеппен 67-96 пайыз аралығында атқарылды.
Облыстың 64 білім беру ұйымын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Оның ішінде 5 балабақша, 51 мектеп, 4 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, арнайы мектеп, қолдау орталығы, өнер мектебі, жасөспірімдер клубы бар.
Қазіргі уақытта облыс бойынша Тайынша қаласында, Вишневка ауылында және Тайынша ауданының Драгомировка ауылында 3 апатты мектеп бар.
Апаттық мектептердің орнына Тайынша қаласында 600 және Вишневка ауылында 120 орынға, жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгеге екі мектеп салынып жатыр. Нысандар жылдың соңына дейін берілуі тиіс. Сондай-ақ Драгомировка ауылында 120 орынға мектеп салу жоспарланған, құжаттары әзір. Осылайша 2025 жылға қарай бұл мәселе шешімін таппақ.
Өңірдегі барлық мектеп жылы дәретханамен жабдықталған. Биыл 125 мектептің дәретханасы толыққанды жұмыс істеуі үшін 310 млн. теңге бөлінді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.