«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР АСТЫҒЫ — ҚЫТАЙ ЕЛІНЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңірімізге жұмыс сапарымен келген “Сиань Ай Цзюй” корпорациясының президенті Цзя Хэймен кездесіп,  экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Қытайлық кәсіпкерді астықты өлкенің табиғи өнімі қатты қызықтырып отырғандықтан, 20 млн. доллар инвестиция салмақ ниеті барын жасырмады. Бұдан бөлек, шетелдік мейман ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға белсене қатыспақ.

Өңір басшысы бастаманы қолдайтындарын, көмек көрсетілетінін, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілетін жеткізді.

“Солтүстік Қазақстан облысында алда атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстар көп. Бізге бидайды экспорттау аса маңызды. Бірлесе кіріссек, кез келген істің шешімін табуға болады”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Инвестор көздеген мақсатының қолдау тапқаны үшін өңір басшысына алғысын білдірді. “Сиань Ай Цзюй” корпорациясы биыл 100 мың тонна астық сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша қытайлықтар Қызылжардың өнімін брендке айналдырмақшы.

“Ұстанымыз – еш қоспасы жоқ бидайды аспанасты еліне таныту, жарнамалау. Элеватор басшыларымен де кездесіп, жағдайды егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз. Біз үшін басты мәселе сапа болмақ. Алдағы уақытта сатып алынатын астық көлемі он есеге дейін арттырылады. Сосын бір миллион межені бағындырамыз”, – деген шетелдік мейманның ойын қуаттаған облыс әкімі мұндай әріптестік байланыс екі тарапқа да тиімді болатынын,  уағдаластық мұнымен шектелмейтінін мәлімдеді.

Инвестициялық қомақты қаражат Тайынша ауданында үлкен аграрлық парк салуға мүмкіндік бермек. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен саудасы ғана емес, сондай-ақ тамақ өндірісі және Қытайдан жеткізілген тауарларды Қазақстан арқылы экспортқа жөнелту ісі де қолға алынады.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.                                        

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp