«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУДАЙ СҰЛУ, ЖЕЛДЕЙ ЕКПІНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұшы, қиыры жоқ дариядай Сарыарқаның төрінде орналасқан көрікті Қызылжар мен Көкшетауды Алаш ақындарының ордасы болған жер десек, қателеспейміз. Алашқа атағы шыққан ақындарымыздың бірталайы Арқаның осы баурайында, орман-тоғайға толы аймағында туып-өскен. Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай, екі аяқты адамның ділмары, өткір тілді Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері – осылардың бәрі көрікті Қызылжар-Көкше аймағында туып-өскен дүлдүлдер. Бұл сөз шеберлерінің ішінде ең шоқтығы биік, тұлғасы бөлек тұрғаны – Ақан сері. Ақан бейнесі сөзінің тереңдігімен де, өмірінің сұлулығымен де зерттеушілер назарын аударып келеді.

Ақынның өз шығармалары бір төбе болса, ол жайында жазылған зерттеулер мен көркем шығармалар – бір төбе. Осыларды оқып отырғанда өнер сүйген жұрт жан рахатына бөленіп, мейірі қанып, көңілі сергиді. Әсіресе қазақтың көрнекті қаламгері әрі сүйікті композиторы Ілия Жақа­нов жазған кітапты оқып отырған адам Ақан серімен бірге тозақтың отына түскендей, бірге жұмақтың бағын кешкендей, ғажайып ертегінің ішінде жүргендей күй кешеді. Кітап оқырманды сиқыршыдай арбайды.

Қазақ мәдениеті тарихының айрықша саласын құрайтын сал-серілер, олардың ешкімге ұқсамай­тын өмір салты, өнері, салтанаты – біздің таңдай қағып тамсана беретін кенішіміз, ұлттық қазынамыз. Кейбір зерттеушілердің өз еңбектерінде аз-мұз қаузайтыны ғана болмаса, сал-серілер өмірін академик Әлкей Мар­ғұланға дейін арнайы зерттеген ғалым кездеспейді. “Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер” дейтін ең­бегінде ғалым қазақтың сал-серілік өнерінің тарихына, табиғатына, ерек­шелігіне кең талдау жасайды.

“Сал мен сері – екеуі екі алуан, екі дәстүр өрнектері, өте ескі дәуірден сақталып, халықтың тірші­лігіне көп жаңалық кіргізіп, әдебиет­ке, ой-санаға игі әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері. Сал-серілер қазақ тіршілігінде ерек­ше жаралған, дарындылық дарыған, ақындық, шешендік, күйшілік сүйе­гіне біткен, махаббатқа бас иген, бүкіл өмірін сұлу қыз іздеуге арна­ған, мал-мүлкін аямай соның жолы­на құрбан еткен, ерекше киінген, жүйрік мініп, сұңқар ұшырған ерекше жандар, өмірі аңызға айналған адамдар. Сондықтан олар ел ішінде сыйлы болған”, – дейді Әлкей Марғұлан.

Шынында да сал-серілер – тұла бойы тұнып тұрған махаббат, бір жанып, бір тұтанған, өле-өлгенше еш сөнбеген сырлы сезімнің оты мен дертінен жаралған жандар. Олар өзге жұртта кездесе бермейтін мін­ген аты, киген киімі, жүріс-тұрысы, өнері де, өмірі де ешкімге ұқсамай­тын, ғашықтықтың азабы мен тоза­ғын тартқандар, салдық салтанат құрып, серіліктің сергелдеңіне түс­кен, қоғамынан, өмір сүрген орта­сынан қорғаныш таппай, баяны, тұр­лауы жоқ, бейопа ғұмыр кешкен; сұқтың көзіне, елдің қаңқу сөзіне ұшырай беретін; үнемі сұлу құшқан, қыз біткенді өзіне ынтық қылған ақын, әнші, композитор, аңшы әрі құсбегі; ортаның сәні, ұлы даланың өмір салтын қалыптастырған, Алла ерекше сұлу ғып жаратқан ғажайып құбылыс. Сондықтан ел жақсылары оларды еркелеткен, үкілеп ат мінгі­зіп, төрелеп төріне шығарған; аялап алақанына салған, аяғын жерге тигізбеген. Бұл ретте сал мен серінің екі түрлі ұғым екенін атап өткен жөн. Халық сал мен серінің арасын бөліп, шатастырмаған, екеуінің екі түрлі құдырет екенін жақсы түсінген. Мы­салы, Біржан сал, Дәурен сал, сол сияқты Ақан сері, Сегіз сері дейтіні содан. Біржанды – сері, Ақанды – сал деп айтпаған.

Ақанның өмірі, ұмытылмас туын­дылары туралы жазылған еңбектер аз емес. Сол зерттеулердің арасында Ілия Жақановтың “Бір кезде Ақан едім аспандағы” атты хикаятының жөні бөлек. Хикаятта Ақан сері Қорам­саұлындай ел еркесінің шырмауық­тай шырмалған, екі аяқтан күр­мелген өмірінің ертегіге бергісіз шын­дығы; сүйініші-күйініші, ғажап пен азапқа, ләззат пен тозаққа толы таңғажайып тауқыметті тағдыры; қасіретті, шиеленісті ғұмыры әсерлі әрі нанымды баяндалады; бұлана­дай биік тұлғасы асқан шеберлікпен сомдалады. Осы арқылы автор Ақан өміріне қатысты біраз дауға нүкте қойған. Мысалы бір ғана Құлагердің ажалына қатысты ел аузында сан түрлі әңгімелер бар. Осыған қатыс­ты жазылған шығармалар мен түсі­ріл­ген фильм де жұртшылық ойының сан саққа жүгіруіне әсер етіп отыр. Осылайша жұрттың санасын­да Батыраштың бәріне белгілі ұнамсыз бейнесі қалыптасып қал­ған. Алайда шын мәнінде Ақан өмі­ріндегі трагедияға кімнің кінәлі еке­ніне тарих куә. Ал бүгінде Құлагерді өлтірген Батыраш емес, Барақбай екендігіне мүлтіксіз дәйектер табы­лып отыр. Ғалымдардың еңбекте­рінде Барақбай, Жүсіп төре, Бега­лыдай қызғаншақтардың іс-әрекеті әшкереленген. Осы күнге дейін халықтың жадында жағымсыз образ болып қалған Жанбота болыстың, Жалмұқанның, Хазірет Науанның қоғамдағы орны, өмірдегі жарқын бейнесі қалпына келді. Ал Батыраш қарақшы емес, Орта жүздегі текті, дәулетті, аса сыйлы кісі болғанын да бүгін біліп отырмыз.

Ақын жайлы айтылғанда оның жүйрік тұлпарына да соқпай өте алмаймыз. Бүгінгі елдің Ақанның серігі Құлагер дегенге құлағы үйрен­ген. Алайда Ақан серінің Құлагерден басқа да Қоңырат (Салқоңыр), Көк­бесті, Қарабедеу, Біржан сал мін­гізген Ақбоз секілді тұлпарлары болғанын біле бермейміз. Бұл ретте ақын өмірін тек бір ғана жүйрікпен байланыстырып қарастыру қате болар еді.

Ақан серінің ақын жүрегіне от қойып, дертіне айналған қос Бәтима, үш тоты (Ұрқия, Үрімі, Жәмила), Ақ­шабақ, Жамал, Ақтоты мен Балқа­дишасы жайында ғажайып баяндар бар. Шындап келгенде мұ­ның бәрі қазақ арасында аңыз болып аты қалған Ақан серінің, оның “Әуеде ұшып жүрген бейнебір ғайып”, “Бас­па-бас қызға бермес” Құ­лагерінің, баянсыз махаббатының, бүкіл өмірі­нің осы күнге дейін бей­мәлім болып келген аса құнды дерегі, тарихы еді. Жүйелі зерттеуге ден қойған автор­лар бұл құнды деректерді қырық жыл ерінбей, ел ішінен, архивтерден іздеп тапты. Ақан өмір сүрген Сы­рымбет тұрғын­да­рының айтқандары, Қасым қария­ның қоңыр дәптері, Мағжан Жұма­баевтың зерттеуі, Батыраштың, Ақ­тоқтының, Балқа­дишаның ұрпақта­рының есте­ліктері, өзге де көз көргендерден, анығын естіп білген­дерден алынған мәлі­меттер ақын өмірін зерттеуде құнды дерек ретін­де жүйеленіп, сараланып жазылған. Осы деректердің ішінде Ақан серінің жақын туысы Ақан серімен аталас Ербаһрам Жандо­совтың әкесі Қа­сым қариядан алын­ған деректердің тарихы қызық. Қасым қария (1896 жылы туған) Ақан сері жайында өмір бойы жазған дәптерін Илияға бір көрсетсем деп армандап жүреді. Ақан сері өмірінің бар шындығы, елеулі кезеңдері, айтулы оқиғалары осы дәптерде қамтылған. Дәптерді сұрағандар көп болған, бірақ Қасым қа­рия оны ешкімге бермеген.

– Ақан сері әулетімізге ғана емес, халқымызға иіп бере салған Тәңірдің сыйы еді. Ол жайында мына дәптерде жазылған дәйекті сөзді, ауызша айтқан қыруар әңгімем­ді, саған, сенің балаңа, балаң­ның баласына асыл мұра ретінде қалдырамын. Ақан сері дүниеден қайтқанда мен он жеті жаста едім. Түр-түсі, іс-әрекеті, мінезі, елде жоқ кір­пияз қасиеті, домбыра шертісі, әндеткен үні…бар тірлігі көз алдым­да. Басынан кешкен бағы мен сы­рын, кімді сүйді, кімге налыды…әр ән­нің тарихы…Қоңыр аты мен Құла­герінің баянын… бәрін Ақан серінің өз аузынан естідім. Маған отба­сындағы азын-аулақ мал-мүлік, дү­ние-жиһаздан гөрі әулетіміздің ше­жіресі дерлік осы дәптер қымбат. Менің саған қалдырар дүнием де, аманатым да – осы дәптер, – деп баласы Ербаһрамға тапсырған. Солайша, Ақан өмірін терең зерттеп, толымды еңбек жазған Ілия Жақа­нов құнды деректердің негізін осы дәптерден алған.

Ақанның тегін ақын болмағаны белгілі. Оның ақындық өнерінің бір сырын өткен шежіресіне үңіліп та­буға болады. Ақан сері – Қарауыл ішінде Малтабар. Арғы атасы Құдай­құл жүйрік мініп, ит жүгіртіп, құс салған даланың еркесі екен. Бозба­ла кезінде серіліктің әуресімен ауыл­ға сыймай, думандатып ел кезіп, әндетіп ел аралап кетеді екен. Сүйтіп жүріп бір жылы Қанжығалы еліндегі думанда көкірегі әнге, жан дүниесі арманға толы Кенжебикеш деген сұлуды ұнатып, алып қашады. Құдайқұл мен сол Кенжебикештен – Сапақ, Бекназар, Жаназар тарайды. Бекназардан – Жарқын, одан – Қорамса, Қорамсадан – Ақжігіт (Ақан сері); ал Жаназардан – Ибрахим, одан – Жандос, Жандостан – Қасым, Қасымнан – Ербаһрам туады. Қорам­са інісі Жандоспен ғұмыр бойы іргесі бөлінбей, ата қоныстары – Қоскөлдің жағасында, Кеңащы, Көл­де­нең, Қараталдың бойында бірге көшіп-қонып жүрген. Сондықтан да олар іргесі бөлінбеген Қорамса әулеті атанып кеткен. Ақанның әкесі қолына ақша ұстаған, дәулетті әрі елге сыйлы адам болыпты. Ол Ақан­ды 13 жасқа жеткенше Бұқардан келген молдаға оқытады. Алайда дүниенің сырын білуге құмар, жасы­нан зерек бала ауыл молдасымен шариғатқа таласып, содан бастап өнер жолын жанына серік еткен.

“Ақан серінің өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір”, – деп жа­зады Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев. Серінің әр әнінің тарихы, әр адаммен кездесуі – аңызға бергісіз ғажайып оқиғалар. Ұлттық мұрамыз­ды тірнектеп жинаған зерттеуші­лердің арқасында осындай маңыз­ды деректердің біразы осы күнге дейін жетті. Енді кейінгі жас ұр­пақтарға дананың асыл қасиеттерін қаперсіз жеткізу біздің парызымыз деп санаймын. Ақан серінің даңқын бүкіл әлемге асқақтату – елге артылған жүк.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp