Мемлекеттік корпорация сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Қанатқақты жоба негізінде азаматтарға ыңғайлы болу үшін электрондық үкімет порталы арқылы артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және міндетті зейнетақы жарналарының қате есептелген сомаларын қайтару бойынша сервис іске қосылды.
Жаңа жоба қызмет алушылар үшін қате аударылған қаражатты қайтару жолын жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне жүктемені айтарлықтай азайтады. Өтінім беру үшін жұмыс берушіге электрондық үкімет порталындағы деректерді толтыру қажет. Сондай-ақ төлеушінің деректемелерін және оның төлем тапсырмасының деректерін көрсету қажет. Айта кетейік, қате аударылған әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын қайтару, жүктілік және 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің дұрыс есептелуі мен тағайындалуы үшін қажет.
– Бұған дейін жұмыс берушілер мемлекеттік корпорацияға келіп, ақшалай қаражатты қайтару туралы өтінішті қағаз күйінде тапсыратын. Одан бөлек өтініштер пошта қызметі арқылы жіберіліп, оларды жеткізу ұзақ уақытты талап ететін. Біз азаматтарға қолайлы болуы үшін “eGov.kz” порталында осы сервисті іске қостық. Енді жұмыс берушілер мен төлеушілер өтінішті онлайн жіберіп, уақыттарын едәуір үнемдей алады. Сондай-ақ жаңа сервистің арқасында қызмет көрсету мерзімі 15 күннен 12 жұмыс күніне дейін қысқартылды, – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасының орынбасары Асхат Ибраев.
Бұл сервис Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында бірлесіп жасалған келісім нәтижесінде іске асырылды. Бұған дейін екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат алу бойынша сервисті іске қосылған болатын.
Анар ҚҰСАНОВА,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” облыстық филиалының баспасөз хатшысы.