«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүйткіген самокаттар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында көлік саны артып келеді. Мұны жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсарып жатқандығының көрінісі деп бағалауымызға болады. Десе де “темір тұлпарлардың” көбеюінің теріс тұсы да жоқ емес. Салдарынан бұрын Петропавл көшелерінде тіркелмеген көлік кептелістері пайда болды. Жергілікті билік өкілдері бұл түйткілді шешудің бірден-бір жолы кикшеринг жүйесін енгізу екенін алға тартуда.

Кикшеринг – қысқа мерзімге электр самокаттарды жалға беру жүйесі. Биыл тамыз айының басы­нан петропавлдықтар да заман ағы­мына ілесіп, діттеген жерге уақы­тында жету үшін қос доңғалақты көліктердің көмегіне жүгінуде. Қаланың әр шағынауданынан са­мо­каттарды кездестіруге болады. Өкі­ніштісі, жерлестеріміздің дені бұл экологиялық таза “тұлпарды” мақ­сатты қолданбай келеді.

– Астана, Алматы қалаларын­да электр самокаттарды көбіне жұ­мыс­қа асыққан азаматтар пайдаланады. Ал бізде бұл көліктер жастардың ермегіне айналған. Қос доңғалақты көлікті тізгіндеген­дердің жаяу жүргін­шілер жолында, саябақтарда жыл­дамдықты асы­рып жүретіні көңілге қауіп ұялатады, – дейді қала тұрғыны Зәуреш Маратқызы.

Петропавлдағы орталық саябақта қос доңғалақты көлікті тізгіндегендерге шектеу бар. Олар жыл­дамдықты сағатына 15 шақырымнан асырмау керек. Бұл ережені сақ­тайтын самокатшылар аз деуге болады. Сондай-ақ тұрғын­дар электр самокаттарды қолдануға тек 18 жастан асқан азамат­тарға рұқсат берілу қажеттігін алға тартуда. Бұл ретте, тамыздың 30-нан бастап, елімізде “Кіші габа­ритті көліктерді тізгіндеу туралы” заң күшіне енбек. Оған сәйкес, жүргізушінің жасы кемінде 18-де болуы керек, дулыға мен шағылыстыратын киім кию мін­деттеледі, электр скутерлердің жү­руіне жол­дың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша жол беріледі, скутер­лер жол жиектері мен велосипед жолдарымен, тротуарда немесе жаяу жүргіншілер жо­лында электр скутерлер сағатына 6 километрден аспайтын жылдам­дықпен жүре алады. Бұған қоса, жо­лаушылар мен жүктерді тасымалдауға тыйым салынады. Бұл ере­желерді сақтамаған ску­терге 5 АЕК көлеменді айыппұл салынады.

Әрине жіпке тізе берсек, электр самокаттардың теріс тұстары аз емес. Дегенмен қос доңғалықты көліктердің пайдасы да бар. Ең бірінші­ден, кептеліс кезінде тұрғындар­дың уа­қытын үнемдеуге септеседі. Екіншіден, бұл заманауи “темір тұлпар” экологиялық таза, яғни улы газдарды шығармайды. Мұны жерлестеріміз де растап отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp