Футболдан ұлттық құрама тізгінін Магомед Адиев ұстағалы бері қазақстандық аяқдопшылар халықаралық аренада жақсы ойын өрнегімен көзге түсуде. Бұған Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі матчтар дәлел. Құрама сапына биыл жергілікті “Қызылжар” командасының қорғаушысы Еркін Тапалов шақырту алды. Жақында футболшымен кездесіп, команданың соңғы кездегі жетістіктері туралы әңгімелестік.
– Биыл бас бапкер Магомед Адиев шақырып, ұлттық құрамаға алындыңыз. Бұл еліміздің басты командасына алғаш алынуыңыз ба?
– Иә, ұлттық құраманың бапкерлер ұжымы маған сенім артып отырғанына қуаныштымын. Мен бұған дейін де ел намысын қорғағанмын. 2019 жылы алғаш рет Молдоваға қарсы жолдастық кездесуде ұлттық құрама сапында ойнадым. Сол матчта біз жеңіске жеткенбіз. Қазіргіге қарағанда жастау едім, қатты қобалжығаным есімде. Сондықтан бар білгенімді жасыл алаңда көрсете алмадым деп ойлаймын. Міндетті түрде келесі жолы көзге түсемін деп өзіме-өзім сөз бергенмін. Арада жылдар өтіп, тағы шақырту алып отырмын.
– 2019 жылғы ұлттық құрама мен команданы салыстырып берсеңіз. Қандай айырмашылық бар?
– Қазіргі ұлттық құраманы сол өткен уақыттағы командамен салыстыруға келмейді. Осыдан 4 жыл бұрын мен жаңа ғана буыны бекіп келе жатқан жас ұжым сапында ойнадым. Қазір бас бапкердің алға қойған мақсаты айқын. Еуропаның белді командаларына қарсы ойын схемалары да өзгерді. Сондай-ақ командада Ресейдің, Белгияның және Германияның біріншіліктерінде тәжірибе жинақтап үлгерген аяқдопшылар бар. Олардан үйренеріміз көп.
Ұлттар лигасында жақсы нәтиже көрсеткен құрамамыз алда әлі талай асуларды бағындыратынына кәміл сенемін. Бас бапкер жастармен қатар тәжірибелі ойыншыларға да сенім артып отыр. Ең бастысы командада темірдей тәртіп бар. Бұл жайтқа Магомед Адиев ерекше көңіл бөледі.
– Сіздің ұлттық құрамаға шақырту алуыңызға не себеп болды деп ойлайсыз?
– Былтыр мен ойнап жүрген “Қызылжар” командасы чемпионатта жақсы нәтижеге қол жеткізді деп айта алмаймын. Бұған дейінгі өткен маусымда төртінші орынға жайғасып, конференция лигасының іріктеу кезеңіне өткенбіз. Сондықтан өткен жылы намысты қолдан бермеуге тырыстық. Бірақ бағымыз жанбады. Өз басыма келсем, бір деңгейден түспей, жақсы ойын өрнегін көрсеттім. Сол себептен де бас бапкердің көзіне іліктім деп ойлаймын. Жалпы ұлттық құрама сапында ойнау – әрбір футболшы үшін үлкен абырой.
– “Ақжайық” және “Тұран” клубтарының сапында ойнадыңыз. Қазір “Қызылжар” командасындасыз. Облысымыздың басты командасына қашан келдіңіз?
– 2015 жылы “Ақжайық” клубында ойнап, командамен бірге бірінші лиганы ұтып алдық. Әзірге бұл – менің кәсіби мансабымдағы алғашқы үлкен жетістігім. Кейін “Тұранға” ауыстым. Чемпионаттың бірінші айналымынан соң бірнеше клубтан ұсыныстар болды. Таңдауым “Қызылжарға” түсті. Ол кезде теріскейлік ұжым конференция лигасына жолдама алған еді. Менің басты арманым – Еуропада өнер көрсету болғандықтан, бағымды осы ұжымда сынағым келді.
Қазіргі күні “Қызылжар” клубының капитанымын. Бұл – үлкен мәртебе, ерекше қуаныштымын. Бас бапкер Әли Әлиев маған сенім артып отыр, тәжірибелі футболшы ретінде жастарға берері көп екенін айтады.
– Сіз “Қызылжар” клубында қапталда ойнайсыз. Ұлттық құрама сапындағы позицияңыз қандай?
– Ұлттық құрамаға шақырту алғанда бас бапкер мені сол қапталда көргісі келетінін айтты. Сан-Марино еліне қарсы ойында қосалқы құрамда қалдым. Кейін Солтүстік Ирландиямен кездесуде екінші таймда алаңға шықтым. Қобалжу деген болған жоқ. Бапкердің тапсырмасын орындап шықтым деп ойлаймын.
– Бұл матчта да ұлттық құрама жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуанттыңыздар. Абат Айымбетовке берген пасыңыз голға айналғанының куәсі болдық. Осы сәтті есіңізге алыңызшы.
– Иә, мен қорғаушының міндетін атқардым. Солтүстік Ирландия ойыншыларының шабуылы кезінде допты тартып алып, ортада тұрған Абатқа пас шығардым. Бірақ ол қарсылас қақпасынан алыс тұрған, сондықтан гол соғылатынын болжаған да емеспін. Негізі бұл гол Абат Айымбетовтің жеке шеберлігінің арқасында соғылды деп ойлаймын.
– Осы бір жарқын жеңістен кейінгі әсерлеріңізбен бөліссеңіз.
– Сырт алаңда ойнасақ та, Қазақстан жанкүйерлері келіп, ойынды тамашалады. Трибунадан көрсетілген қолдау айқын сезілді. Кейін ойын соңында қатты қуандық. Бұл ойынның әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмай отыр. Еліміздің ұлттық құрамасының үлкен жеңісіне септігімді тигізгеніме қуаныштымын.
– Клубтық деңгейде алдыңызға қандай мақсат-міндеттер қойып отырсыз?
– “Қызылжар” клубымен бірге тағы да еурокубоктарда өнер көрсеткім келеді. Биылғы маусымдағы басты міндет – үздік командалар сапына ілігу. Биыл чемпионатты жақсы бастадық. Бірнеше тур бойы бірінші орында болдық. Кейін сәл шабандап қалғанымыз рас. Бірақ біз әлі жүлдеден үміттілер қатарындамыз. Алда бірәз ойын бар. Әрқайсысында жеңіске жету үшін барымызды саламыз.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.