Қожаберген жырау (1663-1763 ж.) мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына араласқан атақты жорықшы жырау, оның болмысына, маңдайына, тағдырына Жаратқан ие алуан-алуан озық та озат өлшеусіз қабілеттер дарытқан. Ол – Әз Тәукенің кеңесшісі, әскербасы, тайпа көсемі, саясаткер, баһадүр, би, соғыс өнерінің майталманы. Жастайынан Самарқан пен Бұхарада мұсылманша терең білім алған, араб-парсы, шағатай тілдерін жақсы білген білімдар, сұңғыла саясаткер, шежіреші, күйші, қобызшы екен.
Ұлылықтың, даналықтың көзіндей, күмбезіндей ұлт тарихындағы замана шамшырақтары Қазтуған жырау (XV ғ.), Доспамбет жырау (XVI ғ.), Шалкиіз жырау (1465-1560 ж.), Жиембет жырау (XVII ғ.), Марғасқа жырау (XVII ғ.), Бұқар жырау (1668-1781 ж.), Тәтіқара жырау (XVIII ғ.), Үмбетей жырау (1706-1778 ж.) сияқты қадірлі-қасиетті заңғар тұлғалардай айрықшаланған айтулы қайраткер.
Академик Манаш Қозыбаевтың “Дауылпаз баба – Қожаберген”, – дейтін байыптамасында Қожаберген жырау қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының ортақ жасағына қолбасшылық еткен. Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер деп жазылған.
“XVIII ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы” (Сәбит Мұқанов) “көмекей әулие” атанған Бұқар жырау “Қамалды бұзған құлшына” дейтін толғауында:
Шаңқобызын Қожекең,
Жосаменен сырлаған.
“Елім-айдай” қиссасын
Қан майданда жырлаған, – деп, Қазақстанның саяси-құқықтық, әскери, өнер, дипломатия, жыраулық өнер тарихындағы Қожаберген жыраудың елшілдік, мемлекетшілдік, қаһармандық істерін тамылжыта, төгілте сипаттайды. Толғауда Қожаберген жыраудың Түркі елінің ортақ перзенті, баһадүр, сардар, ордабасы, қобызшы, емші, әнші, күйші, данагөй, ойға, сөзге телегей екендігі нақышты бедерленген.
Ұлттық тарихты көркемдік-философиялық тұрғыдан суреткерлікпен шалқыта зерделеген дәуір жыршысы Әбіш Кекілбаев “Әйтеке би” дейтін тарихи-әдеби еңбегінде (1991 ж.) Қожаберген жырауға қатысты сындарлы ой-пікірлер сабақтайды. Бұл орайда хас суреткер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Даналар” атты жырынан:
“Өнерге құлаш ұрып бала жастан,
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан,
Баласы Толыбай сыншы Қожаберген
Бой ұрған ерен іске әуел бастан”, – дейтін шумақты келтіреді.
Қаламгер Ә.Кекілбаев Қожаберген жыраудың “Елім-ай” дастанынан айыр тілді Әйтеке бидің ғұмырнамалық бел-белестерін, ұлт тәуелсіздігі, ұлы мақсат жолындағы берекелі іс-әрекеттеріне, қайраткерлік тұлғасына байланысты ой сарындары мен тарихи деректерді меруерттей тізіп көрсетеді.
Қожаберген жыраудың “Елім-ай” дастаны – “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” заманының көркем энциклопедиясы. “Елім-ай!” Ұлы дала тарихында ұлы бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебіз. Тарихи-этнографиялық, тілдік, палеосемантикалық қасқалдақтың қанындай қымбат құндылықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ескерткіштерінде “Елім-ай!”, “Туған жерім-ай!”, “Бектерім-ай!” (152 мәрте), “Қонысым-ау!” (749 рет), “Қара жерім-ай!”, “Жоғарыда Тәңірім-ай!”, “Қара орманым-ай!”, “Ынтымақ-ай!” және т.с.с. Ұлы дала жұртының бойтұмарындай киелі, жұлынды сөздер “Елім-ай!” дастанын оқығанда тарихи сабақтастық, жалғастық бар екенін тайға таңба басқандай танытады.
Халықтың қабырғасы қайысып, қайғысы молайғанда, айы ауып, күні қисайғанда қан жұтқанда, қанға бөккенде, қара нардай шөккенде, обырлар, озбырлар сүлікше сорғанда, “дәулет құсы” бастан ұшқан тағы тайғақ “қайың сауған” заманда Қожаберген жыраудың “Елім-ай!” дастанымен қатар “Ақтабан шұбырынды”, “Еңсегей”, “Ақ Еділ”, “Ғазан күйі”, “Қамбар”, “Шора”, “Абылай маршы”, “Сырым сазы” дейтін заманның гөй-гөйін, запыран-зарын жеткізген халық қаһармандығын буырқанып-бұрсанып сипаттаған музыкалық поэмалар мен күйлер туған.
“Елім-ай!” дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған.
Отантанушы, деректанушы жырау Әз Тәукенің (шамамен 1635-1715/1718 ж.) ерекше мақсаткерлігін, ересен ұйымдастырушылығын, төтенше қолбасшылығын, әскери шешендігін, үш жүздің басын қосып топтастырғанын біліп, тұлғалық болмысына тәнті екендігін айтып отыр.
Деректерді сөйлетсек, Тәуке 1672 жыл үш жүздің ханы атанған. “Баһадүр” дейтін жоғары әскери лауазымға ие болған.
1681-1685 жылдарда Жоңғар билеушісі Ғалдан-Бошақты хан (1678-1697 ж.) Тибет буддизмін Орталық Азия өңіріне орнықтыру үшін 7 әскери жорық жасағанда Тәуке хан басқарған жасақ төтеп берген. Әсіресе 1688 жылы қырғын соғыс, жойқын ұрыс ұйымдастырған, сағын сындырып, тойтарыс берген.
Тәуке хан 1687-1697 жылдарда қазақ қоғамы тарихында орасан саяси өзгерістер жасағанды. Жайылымды реттеу, ру-тайпа таңбаларын енгізу, дәстүрді сақтау мен жетілдіру, 1790 жылғы Қарақұм құрылтайы, генеологиялық құрылым, ұлттық бірлік, хан кеңесі, ел басқару және т.с.с.
1698-1703,1708, 1709-1710, 1712 жылдардағы сұрапыл соғыстарда Тәуке хан шешімпаздық танытты, қаһармандық көрсетті.
Ол Түркістан қаласын қорғау мақсатында 80 мың атты жасақ ұстаған. Мемлекет территориясын басқыншылардан қорғау – Тәуке ханның басты ұстанымы еді. Бұл орайда орыс тарихшысы А.И.Левшиннің оны көне Спартаның дарабоз заңгері Ликургпен теңегені ақиқат шынайы шындық. Және де Ұлы даланың негізгі қағидаттары “Жеті Жарғы” – Әз Тәуке даналығының нақты мысалы.
1690 жылдарда Ойрат хандығының аумағын Есіл, Ертіс, Қызылжар, Ақмола, Жаңа-Сібір, Еділде – Қалмақ хандығын қамтиды.
Орыс-жоңғар қатынасы 1607 жылы басталған. 1745 жылы Тарбағатайда Ғалдан-Серен ұрпақтары мыс зауытын ашқан. ХVІІІ ғасырдың басында орыс слесарі Зеленовский Цеван-Рабданмен бірігіп, мылтық жасауды жолға қойған.
Әнет баба мен Әз Тәукеден бата алған Қожаберген жырау замананың “қағынғанын”, қызылкөздердің “жолбарыстай” шабынғанын, ұлы жұртымыздың қансырап абдырағанын, тоздырғанын, албастылардың, қанқұмарлардың, нақұрыс әзәзілдердің ойрандағанын Ресейдің қамал-бекіністер салып “масайрағанын”, Сыр бойы, Қаратау, Сайрам, Тараз, Созақ (көне аты Аяз қала), Түркістан, Еділ-Жайық жері астан-кестен, быт-шыт болғанын, Ресей, Қытай, Жоңғария Ұлы даланы бөліп алғысы келгенін, “қорғасын оқты бұршақша жаудырғанын”, “Зерафшанға ел кеткенін, естілерден ес кеткенін”, бытырап үріккенін, күңіренгенін, ылаң салғанын, зауал төндіргенін зарлатып-сарна-тып толғайды.
Қожаберген жыраудың ұран сөзіндей ұлы тілегі “Елім-ай” дастанының бастапқы сөйлемдерінде-ақ нақты көрініс тапқан. Айталық:
Алла өзі алсын өзі панасына,
Дұшпанның қол жеткізсін жағасына.
Сөйтіп, дауылпаз дабысты жыршы Ұлы даласын тұтастай оятып-сілкіндіріп, жалпы халқына, қайратты сардарларына, дегдарларына, сарбаздарына, маңғаздарына, сырбаздарына, дария қария-даналарына, аймақ билеушісі шораларына, би-бектеріне, көшелі көсемдеріне сөзін арнап, ел қорғау жолына қамшылап, қолдап-демеп, тұлпар мініп, “бөрілі жасыл байрақ” ту ұстап, жаудан қорғану керектігін мәлімдейді.
Табиғатына көсемдік, көшелілік, шешендік тән жырау заманның тілі, кемеңгерліктің үлгісі, даналықтың айнасы деуге айғақ дастанын осылайша күмбірлетіп-дүсірлетіп бастайды, “пайдалы насихаттарын” мәлімдейді.
Жыраудың өзі де текті. Ағасы Қарабас ер Әз Тәукенің уәзірі екен. Қожаберген жыраудың тұлғасы мына бір шумағынан-ақ байқалады:
Жасымнан ғаскер ерттім, сардар болып,
Сырт жаудан ел қорғадым, жасап жорық.
Салдық пен қолбасылық арқасында,
Қазақтың жер жағдайын білдім толық.
Бұл тұста оның Қазақ жерінің шекарасы, географиясы турасындағы тұжырымды пікірлері өте-мөте көкейкесті. Мәселен, Батыс Сібір, (“Қайран Керей елім-ай, Көк шалғын Сібір жерім-ай!”), Омбы, Байкөл, Кемер, Алаш тауы, Алтайдың шығыс беті, Алаш өзені, Ұста қыстақ (Новокузнецкий). Ол Сібірді мекендеген түрік ру-тайпаларын түгелдей тізбелейді.
Не деген тарихи зерделілік! Үздік білгірлік! Озат отаншылдық!
Қожаберген жыраудың гуманистік көзқарасы, отаншылдық рухы да асқақ, биік.
а) Өткерді қиындықты туған халқым,
Сақтады дінін, тілін, ата салтын.
ә) Таралған үш жүз ұлы бір ұядан,
Сөйтсе де қоныс тепкен әр қиядан.
Жорықшы жыраудың Қазақ Елі біртұтас бір ұяның түлегі, “тірлікте бір-біріңе мейірімді бол” деуі – Әйтеке бидің мына ғибратнамасымен үйлеседі:
“Біз қазақ – бір ұяның балапаны едік,
Қанаттанып, сұңқар болып самғайық!
Біз бүкіл қазақ – бір биенің құлыны едік,
Тұлпар болып оза шабайық!
Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік,
Орман болып жасылданайық, жайқалайық!
Біз бүкіл қазақ – бір шаңырақ, бір қазан,
бір төрелік дастарқан болып,
Атамекенді түгел қамтиық!”.
Қожаберген жыраудың шығармашылық өмірбаяны да “Елім-ай” дастанында шебер сомдалған:
Жұртыма шал да болсам едім қорған,
Қарғыттым тұлпарымды терең ордан.
“Апат күннің шежіресін жырлаған” қазыналы жырау мағыналы тарихи сөзін былайша сөйлетеді:
Мен сонда қобыз алып, ойға баттым,
Аздан соң “Елім-ай” деп, күйді тарттым.
Халайық көздеріне жас алғанда,
“Елім-ай!” әнін шырқап, жырын айттым.
Дәуір мәліметтерін, халық қасіретін арқау еткен жыр күйге, ән-күй жырға айналған. Бұл көркем куәлік “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманының мыңжылдықтар бойы тозбайтын асыл мүлігі.
Мұның бір мысалы ретінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Брест қамалын қорғаған, фашистердің тұтқынына түскен, Түркістан легионының құрамында болған атақты дарабоз скрипкашы, әлемдік классикалық шығармалардың шебер, мінсіз орындаушысы Айткеш Толғанбаев (1924-1995) Фрайбургте соғыс тұтқындарының концертінде “Елім-ай” әнімен сахна төріне шыққан. Жат жұрттықтар алдында қалайша өнер көрсеткенін Айткеш Толғанбаев былайша еске түсіреді: “…Ендігі жерде өзім скрипкаға арнап өңдеген қазақтың халық әні “Елім-айды” орындадым. Тыңда, Еуропа! Тыңда, Германия! Барлығың да тыңда! Менің бәрінен артық көретін елімді тыңда. Туған жерге деген жүрегімнің сағынышы мен шер-мұңымды тыңда! Қазақтың халық әні “Елім-айды” тыңда! Ақырғы қайырмасын қайталап тартарда, залға көз салып едім, көпшіліктің маған аянышпен қарап, мені түсініп, жанашырлық танытып отырғандарын сезінгендей болдым”.
Бұл поэмада жоңғарлықтарға Ресей мен Қытайдың мылтық бергендігі де айтылған.
Мылтығын Ресей, Қытай қалмаққа сатты,
Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.
Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,
Орыстар қамалдарын салып жатты.
Негізінде, “Елім-ай” дастаны ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де тараған. Жазбаша нұсқасын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қарабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбейұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов, Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978 ж.) насихаттаған.
“Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің “Елім-ай” жыры – әскери дастан. Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?..” – деп жазыпты Бауыржан Момышұлы.
Әйгілі әнші Манарбек Ержанов Сегіз серінің “Толыбайын” Әміре Қашаубаевтың өз аузынан үйренген. Қожаберген жыраудың “Елім-ай!” дастанында замананың қан-қасап суреттері, түркі жұрттарының тағдыр-талайы, жалмаңдаған жоңғарлықтардың жыртқыштық, қанқұйлы қимылдары, қазақ хандары мен көсем билерінің кесек тұлғасы тарихилық пен деректілік негізінде келісті, кемел баяндалған. Әсіресе жолға салса жорға, жонға салса жүйрік Қожаберген жыраудың ататек шежіресі, өміртарихы, қолбасшылық өнері мен өнегесі терең де әсерлі баяндалған:
Атыма көптен қанық қазақ, ноғай,
Есімім – Қожаберген, әкем – Толыбай.
Бөгенбай бұрынғы ордабасы ем,
Үш жүзде сардар болған қалың қолға-ай.
Қалмақтың қамалдарын бұзған талай
Әз Тәуке қасындағы қолбасы едім.
Кейінгі ақындарға нұсқа айтқан,
Қазақтың аға жырау жорғасы едім.
Немесе:
Шәкіртім қайда екен Бұқар жыршы,
Ол Бұқар әрі ақын, әрі сыншы…
Кенжесі ем Толыбай сыншы Қожаберген,
Бата алғам Әнет пенен Әз Тәукеден.
…Ер Көкше, Ер Есімді қисса еткен,
Керейдің жырауы мен – Қожаберген.
Арғы атам – ордабасы Дәулен батыр,
Еділге, Алтайға да тіккен шатыр…
Қожаберген жыраудың тарихи дастанында Ресей, Қытай, Қалмақ хандығы “жүз құлпырған, қызықтырған” қазақ жерін туталақай етіп бөліп иемденбекші екендігін:
Жолығып көп мылтықты дүлей күшке,
Айналды жақсы тұрмыс көрген түске.
Ресей, Қытай, Қалмақ ақылдасып,
Алмақшы қазақ жерін бөліп үшке, – деп, ел басына үйірілген қасірет-тақсіретті, қырғын-сүргінді нақпа-нақ көрсетеді.
Жырау ұлт трагедиясын:
Бұл заман, қай-қай заман, құйын заман,
Шіріткен тамам жұрттың миын жаман.
Бұл заман, қай-қай заман, қасқыр заман,
Көрші ел жоқ қазақтарға қас қылмаған, –
деп гөй-гөйлетеді. Бұл шумақтың әлеуметтік, саяси, тарихи, фәлсафалық, көркемдік мән-мағынасы, сыр-сипаты өзгеше.
“Елім-ай” дастанында тұлғатануға қатысты шежірелік-деректемелік арқаулар, жер-су, ру-тайпа аттары жеткілікті. Қожаберген жыраудың “Баба тілі”, “Ататек” дейтін дастандарында ата тарихымыздың, озық дәстүріміздің сәулелі ұшқындары, тарихи сана-зерде, Асан қайғы, Жиренше, Әз Жәнібек сыйлап өткен, “миды оятқан” ғажап, таза, киелі-жүйелі тіліміз, ерлік-елдік қасиеттеріміз ересен көркемдік-философиялық тегеурін-қуатпен жырланған. “Баба тілін қадірле, Болашақтан түңілме!” дегені парасаттылықтың белгісіндей. Оның “Жақсылық пен жамандық жайындағы хикаятында” сақилық пен сараңдықты салыстырып, мырзалықты, адамшылықты, жанашырлықты дәріптейді. “Ақсауыт”, “Насихат өлеңдері”, “Бес қару”, “Білерсің” атты жыр-толғауларында даналық ой-пікірлер туындатқан.
Академик Салық Зиманов Қожаберген жыраудың “Жеті Жарғы” дейтін дастан жазғанын айтады. Және де:
Шығайдан соң орнына Тәуке қалды,
Кезінде Әз Тәуке деп атақ алды.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,
Дейтұғын “Жеті Жарғы” заң шығарды, –
деген жолдарды мысалға алады.
Задында, “Елім-ай” дастанында сегіз қырлы семсердей сес сөзі де, қамал бұзар айбар сөзі де, өнегелі тарихи сөз де, ар-намысты қайрайтын ұран сөз де бар.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, дариядай шалқыған даңғайыр жыраулық өнердің дүрі, пірі “Елім-ай” дастанында:
Қазағым дәулеті мол, қарқынды еді,
Жүздері ерлерімнің жарқын еді.
Құс төресі аққу құс секілденген
Жұртымның қыз-келіні алтын еді, – деген ел-жұртының интеллектуалдық құндылықтарына, асыл қасиеттеріне, асқақ рухына бөленген бақ тірегіндей – ақ тілеуі, лала лебізі ғасырлар төрінен дауылпаздың даусындай саңқылдап естіледі.
“Екі көз ақыретте тозақта күймейді. Алладан қорқып оңашада жылаған көз және Алла жолында елін күзеткен көз” (Хадис). Ендеше өзі қолбасшылық өнерімен қан майданда ерлік көрсетіп әрі дәуірнамалық “Елім-ай” дастанын туындатқан қаһарман-жыраудың көзіндей асыл сөзі – ұлт айбары мен игілігі, халық мерейі, мемлекет рәмізі.
Серік НЕГИМОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.