«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК АРХЕОЛОГИЯ ЖАУҺАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

15 тамыз – Халықаралық археологтар күніне орай Айыртау ауданындағы “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы “Ботай мәдениетінің мұралары – әлемдік археологияның жауһары” тақырыбында республикалық далалық семинар өткізді. Семинарға еліміздің және шетелдердің  археологтары, мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері, тарихшылар мен мұғалімдер қатысты.

Семинар барысында қатысушылар Ботай және Красный Яр қоныстарында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен, сонымен қатар биылғы жылы жүргізілген қазба жұмыстарының орнымен және қайта құрылған “Балықшылар үйімен” танысты.

Англиядағы Эксетер университетінің жаһандық өзара іс-қимыл жөніндегі директоры, “Археологиялық зерттеулердің ғылымы мен техникасы” журналының бас редакторы Алан К.Оутрамнан қорық қызметкерлеріне, тарихшыларға, мұғалімдер мен өлкетанушыларға арналған тарих ғылымындағы заманауи технологиялар тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Шарада Эксетер университеті мен “Ботай” республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы” бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл меморандум ғылым, білім беру, тарихи мұраны сақтау саласындағы өзара ынтымақтастықты арттырады. Бірлескен зияткерлік күш-жігер, университеттің заманауи зертханалық жабдықтары, қазба жұмыстары кезінде табылған жерасты археологиялық материалдарды, жануарлардың сүйектерін зерттеу Ботай мәдениетінің көптеген құпияларын ашады деп күтілуде. Эксетер университеті студенттерінің Ботай қонысындағы қазба жұмыстарына қатысудан алған жағымды әсерлерімен олар Англияға қайтқаннан соң курстастары мен достарының арасында Ұлы дала тарихын зерттеуге деген қызығушылығын, ынтасын оятары сөзсіз.

Сонымен қатар Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылының мектеп оқушылары да белсенділік танытты. Олар “Ботай” республикалық мемлекеттік музей-қорығы жанынан құрылған “Жас археолог” үйірмесінің жұмысына қызығушылықпен қатысқан. Балалар Ботай қонысына экскурсия жасады. “Жас археолог” үйірмесі оқушыларға музей қызметкерлерімен бірге археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, қазба әдісін, табылған олжалар мен жәдігерлерді сипаттауды үйретеді. Жазғы демалыс кезеңіне қарамастан оқушылар бос уақыттарын қызықты өткізіп, туған жердің тарихын зерттеуге ұмтылуда.

Семинар соныңда қатысушыларға ашық микрофон ұсынылып, олар өзара пікір алмасып, ойларымен бөлісті.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp