Өңірде өткен аптада басталып, төрт күнге созылған “Climate week” фестивалі өз мәресіне жетті. Германия, Өзбекстан, Ресей мен өз еліміздің 14 университетінен жиналған өрендер жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесін шешу жолдарын талқылап, Қызылжардың тамаша табиғатынан ерекше әсер алып қайтты.
Ашылу салтанаты М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ұйымдастырылып, қалған үш күнді жастар Айыртау ауданында өткізді. Олар Имантау жерінде демалып, өз ізденістерін одан әрі жалғастырды.
Айыртау ауданындағы көрікті демалыс орнына келген ізденімпаз студенттер бірнеше күн бойы Имантау-Шалқар даласын аралап, тау-тас, өзен-көлдерді зерттеп, қазіргі климаттың өзгеруінің осындай сұлу мекенге қалайша әсер ететінін бағамдады. Фестиваль қатысушыларының зерттеулері бірнеше күнге жалғасып, әр күннің соңында алынған ақпаратты талқылап, пікір алмасуға арналған жиындар өтті. Мұнда келушілер өңір тарихынан сыр шертетін Айғаным қонысына, Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешеніне барды. Ал ең соңғы күні студенттер өз зерттеулерінің қорытындыларын жариялап, курорттық аймақты климаттық өзгерістің кері әсерінен сақтап қалу жолдарын ұсынды.
– Жалпы Қазақстанда экологиялық мәселелер көп. Арал теңізінің тартылуы, судың жетіспеушілігі, полигондар және тағы басқасы. Солтүстік Қазақстан даласында да климаттың өзгеруі байқалады. Мен бұл фестиваль барысында көлік доңғалақтарын қайта өңдеу бойынша өз жобамды қорғадым. Өзге қатарластарым да түрлі қызықты өнертабыстарын ұсынды, – дейді Алматыдан келген студент Алмас Самаев.
Гүлназ ЖҮНІСБЕКОВА,
студент.