Бір шаңырақ астында достығы ажырамастан өзара түсіністікте өмір сүріп жатқан қазақстандықтарды ортақ мақсатқа біріктіретін құндылықтар көп. Ата Заңымызда азаматтардың этникалық шығу тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тең құқықтары мен міндеттері толық қамтамасыз етілген. Ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік мәдени дәстүрлерді ортақтастыратын жалпыұлттық бірегейліктің темірқазығы іспеттес. “Біз бәріміз – бір отбасымыз!” деген қағидат басты идеалымызға, өмір сүру үрдісімізге айналып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында байтақ жерімізді, ананың сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тілімізді және тығырықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігімізді үштағанға теңеуі тегін емес. Халықаралық шарттармен танылып, бекітілген аумақтық тұтастығымызға, біртұтас мемлекеттілігімізге ешкім күмән келтірмейді. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені тәуелсіздік жарияланбай тұрып айқындалған. Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің үлесі артып келе жақаны қуантады. Мақалада ел бірлігі қай заманда да қиындықтардан аман алып шыққан басты қазық екеніне ерекше баға берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ырыс-ынтымаққа негізделген жарастығымызды бағалай білуге шақырды. “Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз”, – деп атап көрсетті.
Ынтымағы сүттей ұйыған жұрттың ұпайы түгел екенін өз тағдырларын қазақ елімен тығыз ұштастырған украиндықтар жақсы түсінеді. Тарихқа көз жүгіртсек, украиндар Қазақстан жеріне ХІХ ғасырда келе бастаған. 1897 жылы диаспораның саны 90 мыңға жуық болған. Ал сталиндік саяси қуғын-сүргін, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңдерінде бұл көрсеткіш 10 есеге дейін көбейген. Түрлі жағдайларға байланысты қоныс аударған әртүрлі ұлт өкілдерін көңілі даладай дарқан, пейілі кең қазақ халқы жатсынбай қарсы алғанын, бауырына басқанын әке-шешелеріміз әркез айтып, жылы ықыласпен еске түсіріп отырады. Олардан өрбіген ұрпақтар туған жері де, Отаны да Қазақстан екенін мақтан тұтады. Президентіміз аманат еткендей, жасампаз жас буынның, өскелең ұрпақтың басты мақсаты – елімізді тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде өркендетуге, елдік істерді шашау шығармай лайықты түрде жалғастыруға үлес қосу.
Қазақстан – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тыныштықты басты ұстаным еткен, көпэтностық сипатын тыныштық пен тұрақтылықтың бұлағына, кемел келешектің бастауына айналдыра білген мемлекет. “Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму” тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайтынын, бос сөз болып қалатынын қадап айтты. Ел бірлігі еліміздің тәуелсіздігі және тұтастығы сияқты мызғымас құндылықтарымен қатар тұрса ғана болашағымыз баянды болмақ. Президент татулық пен келісімді тек мемлекеттік сипатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптеу әр азаматтың күнделікті ұстанымы болу міндетін қойды.
Жергілікті украин этномәдени бірлестігі құрылған 1994 жылдан бері өзіне жүктелген жауапты миссияны абыроймен орындап келеді. Барша этносты топтастырып, бірлігімізді нығайтуға жұмылдырып отырған бірегей құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық патриотизм, тең құқықтық, мемлекеттік тілдің біріктірушілік рөлі, бірлігіміз – әралуандықта идеясы, ұлттың ұдайы жаңғыруы, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірегейлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысуын қамтамасыз ету өкілеттігі Президенттің Жарлығымен “Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025-жылға дейінгі даму тұжырымдамасында” бекітілген. Конституциялық мәртебесі бар мекеменің елдегі этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру қызметіне орай тарихқа құрмет, Отанды сүю, жаңа идеялар арқылы ұлт бірлігін нығайту басты ұстаным болып қала береді. Басқа этномәдени ұйымдардың, белсенділердің, еріктілердің қатысуымен тілімізге, мәдениетімізге, дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымызға қатысты іс-шаралар Достық үйінде жүйелі түрде өтіп тұрады. №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде украин сыныбы ширек ғасырға жуық жұмыс істейді. Марина Полтавец зейнетке шықса да, Аққайың ауданындағы филиалға жетекшілік етеді. Наталья Пересыпкинаның басқаруындағы Қызылжар ауданындағы “Хуторянка” бөлімшесі, Полтавка ауылдық округінде құрылған “Хуторок” музыкалық тобы өңір жұртшылығына жақсы таныс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында демократия дәстүрлерін жетілдіре, билік пен халық арасында мазмұнды диалог орната отырып, мықты азаматтық қоғам құру стратегиялық бағытымыз екенін мәлімдей келіп, ұлттың жаңа сапасын, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруға, халықтың болмысы мен қоғамдық санада түбегейлі өзгеріс жасауға айрықша мән берді. Елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдерді атады. Оған көз жұма қарау қоғамда әділетсіздік жойылмайды деген теріс ой туғызып, әлеуметтік депрессияға әкеп соқтыратынынан сақтандырды. “Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айғай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді”, – деді өз сөзінде Президент. Нағыз мемлекетшіл адам алдымен халқының игілігін ойлайды. Ондай санаттағыларды отаншыл азаматтар қатарына қосуға болады. Ұлттық-мәдени жаңару үдерісі осындай қадамдарды талап етеді. Ұлттық тіл мен дәстүрлерді меңгерумен қатар тәлім-тәрбиені, озық өнегелерді уақыт талабына орай танытудың мәні айрықша. Көрші елдердегі дау-жанжалдар осындай ойларға жетелейді.
Жасым жиырмада болса да, Қазақстандағы діңі мықты шынайы достықты көзбен көріп, жүрекпен сезе білген буын өкілімін. 9-сыныптан кейін Б.Әшімов атындағы темір жол көлігі колледжіне оқуға түстім. Қазір төртінші курс студентімін. Жас кезімнен спортпен шұғылдандым. Түрлі үйірмелерге, қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен қатысамын. Өзге ұлт өкілдердері арасында достарым көп. Этно-мәдени бірлестікті әр жылдары басқарып, артына ұлағатты із қалдыра білген Аркадий Польшаков пен Лидия Хамрачевадан үйренгенім аз емес.
Мемлекет басшысы бір сөзінде халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік ұялатуды айта келіп, Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу мысалын келтірген болатын. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай қастерлеуге үйрететін, қоғамды ұйыстыратын осындай іс-шаралар патриоттық рухпен астасып жатса, арманымыз асыл ақиқатқа ұштасары анық. Оның жарқын бір үлгісі ретінде “Менің Қазақстаным” жобасы аясында ұйымдастырылған “Этнофестиваль – 2023” іс-шарасын атауға болады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасымен де тығыз қарым-қатынастамыз. “Этномәдени бірлестіктер: қызмет тұжырымдамасы және қоғамдық аккредитация” тақырыбы бойынша ұйымдастырылған ғылыми-практикалық семинар өте әсерлі болды. Варвара Егорова “Украин халқының отбасылық дәстүрлері”, Арсений Князев “Казахстан – наш спільний дім”, Виктория Пытьева “Ұлттық бөлімшелердің құрылу тарихы” тақырыбында өткізген диспут, “дөңгелек үстел”, семинар, бейнебаян түріндегі кездесулерде небір құнды ақпараттар ұсынылды.
Біз әркез “Қазақстандағы украиндықтар Радасы” республикалық одағының көмегіне сүйенеміз. Ол этникалық украиндарды және олардың оннан астам ұлттық-мәдени орталықтарын біріктіріп, тілі мен мәдениетін, рухани құндылықтарды жаңғыртуға, қайырымдылық акцияларын өткізуге, шығармашылық, мәдени фестивальдар ұйымдастыруға, жастар арасындағы қозғалысты нығайтуға, татулықты талмай насихаттауға өз үлесін қосып келеді.
Дмитрий ПЫТЬЕВ,
облыстық украин мәдени орталығының төрағасы.