«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құқықтық көмек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов “Құқықтық көмек” партиялық жобасы аясында бір топ тұрғынды қабылдады.

Бастауыш ұйым өкілдері сараптама жүргізген кезде халық құқық саласына қатысты түйткілдерге жиі тап болатынын анықтаған. Биыл наурыз айында “Құқықтық көмек” партиялық жобасы іске қосылғалы жүгінушілердің қатары көбейіп, бірқатар проблеманың түйіні тарқатылған. Келіп түскен 15 өтінім негізінен құқықтық қорғау, еңбек дауларына арналған. Қоғамдық қабылдауға аудан тұрғындарының қашықтан да қатысу мүмкіндігі ойластырылған. Бір ауыл тұрғыны серіктестікте жұмыс істепті. Ол жалақысының толық төленбегенін айтып, филиалға жүгінген. Мәселе оң шешімін тапты.

    Заңгерлердің қатысуымен өткен кезекті қоғамдық қабылдауға келуге 8 адам ниет танытқан. Солардың бірі – Андрей Ставецкий. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, арбаға таңылған оны алаяқтар алдап соққан.

– Қор биржасында табыс табамын деп интернетте тіркелдім. Алайда алаяқтардың құрығына түсіп қалдым. Маған белгісіз біреулер хабарласып, 4 млн. теңге көлемінде пайда тапқанымды, құжаттарды рәсімдеуге 500 мың теңге қажет екенін айтты. Артынша тағы қоңырау шалып, тездетуімді өтінді”, – деген бірінші топтағы мүгедек 1 млн. 330 мың теңгеден қағылып, сан соғып қалыпты. 

Оның арызын мұқият тыңдаған судья Ұлан Әбдірахманов мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі адамға тегін адвокат тағайындалатынын, осы мүмкіндікті пайдалануға болатынын түсіндірді.

Қоғамдық қабылдауға қалалық құрылыс саласына наразылықтарын білдірген тұрғын үй иелері кооперативінің мүшелері де келді. Айтуларынша, үй ауласына көпшілікке ыңғайсыздық туғызатын көпқабатты баспана тұрғызылмақшы көрінеді. Ынталы топтың жетекшісі Алексей Трифонов қала әкімінің шешімімен жер телімінің тұрғын үй қорынан алынғанын, содан бері, яғни 15 жыл бойы иесіз тұрғанын жеткізді. Оларға әкімшілік сотқа жүгіну керектігі ескертілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp