«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Ақтабан шұбырынды” дәуірінің көркем шежіресі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қожаберген жырау (1663-1763 ж.) мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына араласқан атақты жорықшы жырау, оның болмысына, маңдайына, тағ­ды­рына Жаратқан ие алуан-алуан озық та озат өлшеусіз қабілеттер да­рытқан. Ол – Әз Тәукенің кеңесшісі, әскербасы, тайпа көсемі, саясаткер, баһадүр, би, соғыс өнерінің майтал­маны. Жастайынан Самарқан пен Бұхарада мұсылманша терең білім алған, араб-парсы, шағатай тілдерін жақсы білген білімдар, сұңғыла сая­саткер, шежіреші, күйші, қобызшы екен.

Ұлылықтың, даналықтың көзін­дей, күмбезіндей ұлт тарихындағы замана шамшырақтары Қазтуған жы­рау (XV ғ.), Доспамбет жырау (XVI ғ.), Шалкиіз жырау (1465-1560 ж.), Жием­бет жырау (XVII ғ.), Марғасқа жырау (XVII ғ.), Бұқар жырау (1668-1781 ж.), Тәті­қара жырау (XVIII ғ.), Үмбетей жы­рау (1706-1778 ж.) сияқты қадірлі-қасиетті заңғар тұлғалардай айрықша­ланған айтулы қайраткер.

Академик Манаш Қозыбаевтың “Дауылпаз баба – Қожаберген”, – дей­тін байыптамасында Қожаберген жы­рау қазақ, ноғай, қарақалпақ халық­тарының ортақ жасағына қолбасшы­лық еткен. Орталық Азия деңгейін­дегі әскери қайраткер деп жазылған.

“XVIII ғасырдағы қазақ тіршілі­гінің энциклопедиясы” (Сәбит Мұқа­нов) “көмекей әулие” атанған Бұқар жырау “Қамалды бұзған құлшына” дей­тін толғауында:

Шаңқобызын Қожекең,

Жосаменен сырлаған.

“Елім-айдай” қиссасын

Қан майданда жырлаған, – деп, Қазақстанның саяси-құқықтық, әскери, өнер, дипломатия, жы­раулық өнер тарихындағы Қожабер­ген жыраудың елшілдік, мемлекет­шілдік, қаһармандық істерін тамыл­жы­та, төгілте сипаттайды. Толғауда Қо­жаберген жыраудың Түркі елінің ор­тақ перзенті, баһадүр, сардар, ор­дабасы, қобызшы, емші, әнші, күйші, данагөй, ойға, сөзге телегей екендігі нақышты бедерленген.

Ұлттық тарихты көркемдік-философиялық тұрғыдан суреткерлікпен шалқыта зерделеген дәуір жыршысы Әбіш Кекілбаев “Әйтеке би” дейтін та­рихи-әдеби еңбегінде (1991 ж.) Қожа­берген жырауға қатысты сындарлы ой-пікірлер сабақтайды. Бұл орайда хас суреткер Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының “Даналар” атты жырынан:

“Өнерге құлаш ұрып бала жастан,

Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан,

Баласы Толыбай сыншы Қожаберген

Бой ұрған ерен іске әуел бастан”, – дейтін шумақты келтіреді.

Қаламгер Ә.Кекілбаев Қожабер­ген жыраудың “Елім-ай” дастанынан айыр тілді Әйтеке бидің ғұмырнама­лық бел-белестерін, ұлт тәуелсіздігі, ұлы мақсат жолындағы берекелі іс-әрекеттеріне, қайраткерлік тұлғасы­на байланысты ой сарындары мен тарихи деректерді меруерттей тізіп көрсетеді.

Қожаберген жыраудың “Елім-ай” дастаны – “ақтабан шұбырынды, ал­қа­көл сұлама” заманының көркем эн­циклопедиясы. “Елім-ай!” Ұлы дала та­рихында ұлы бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебіз. Тарихи-этнографиялық, тілдік, палеосемантикалық қасқалдақтың қанындай қымбат құндылықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ес­керткіштерінде “Елім-ай!”, “Туған же­рім-ай!”, “Бектерім-ай!” (152 мәрте), “Қонысым-ау!” (749 рет), “Қара же­рім-ай!”, “Жоғарыда Тәңірім-ай!”, “Қара орманым-ай!”, “Ынтымақ-ай!” және т.с.с. Ұлы дала жұртының бой­тұмарындай киелі, жұлынды сөздер “Елім-ай!” дастанын оқығанда тари­хи сабақтастық, жалғастық бар еке­нін тайға таңба басқандай танытады.

Халықтың қабырғасы қайысып, қайғысы молайғанда, айы ауып, күні қисайғанда қан жұтқанда, қанға бөк­кенде, қара нардай шөккенде, обыр­лар, озбырлар сүлікше сорғанда, “дәу­лет құсы” бастан ұшқан тағы тай­ғақ “қайың сауған” заманда Қожа­берген жыраудың “Елім-ай!” даста­нымен қатар “Ақтабан шұбырынды”, “Еңсегей”, “Ақ Еділ”, “Ғазан күйі”, “Қам­бар”, “Шора”, “Абылай маршы”, “Сырым сазы” дейтін заманның гөй-гөйін, запыран-зарын жеткізген ха­лық қаһармандығын буырқанып-бұр­санып сипаттаған музыкалық поэ­малар мен күйлер туған.

“Елім-ай!” дастанында геостра­те­гиялық жағдай, әскери колониза­ция, соғыстың тактикасы мен стра­тегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған.

Отантанушы, деректанушы жы­рау Әз Тәукенің (шамамен 1635-1715/1718 ж.) ерекше мақсаткер­лігін, ересен ұйымдастырушылығын, тө­тенше қолбасшылығын, әскери ше­шендігін, үш жүздің басын қосып топ­тастырғанын біліп, тұлғалық болмы­сына тәнті екендігін айтып отыр.

Деректерді сөйлетсек, Тәуке 1672 жыл үш жүздің ханы атанған. “Баһадүр” дейтін жоғары әскери лауа­зымға ие болған.

1681-1685 жылдарда Жоңғар би­леушісі Ғалдан-Бошақты хан (1678-1697 ж.) Тибет буддизмін Орталық Азия өңіріне орнықтыру үшін 7 әскери жо­рық жасағанда Тәуке хан басқарған жасақ төтеп берген. Әсіресе 1688 жылы қырғын соғыс, жойқын ұрыс ұйымдастырған, сағын сындырып, тойтарыс берген.

Тәуке хан 1687-1697 жылдарда қазақ қоғамы тарихында орасан саяси өзгерістер жасағанды. Жайы­лымды реттеу, ру-тайпа таңбаларын енгізу, дәстүрді сақтау мен жетілдіру, 1790 жылғы Қарақұм құрылтайы, ге­неологиялық құрылым, ұлттық бір­лік, хан кеңесі, ел басқару және т.с.с.

1698-1703,1708, 1709-1710, 1712 жылдардағы сұрапыл соғыс­тар­да Тәуке хан шешімпаздық та­ныт­ты, қаһармандық көрсетті.

Ол Түркістан қаласын қорғау мақ­сатында 80 мың атты жасақ ұстаған. Мемлекет территориясын басқын­шы­лардан қорғау – Тәуке ханның бас­ты ұстанымы еді. Бұл орайда орыс тарихшысы А.И.Левшиннің оны көне Спартаның дарабоз заңгері Ликург­пен теңегені ақиқат шынайы шын­дық. Және де Ұлы даланың негізгі қағидаттары “Жеті Жарғы” – Әз Тәу­ке даналығының нақты мысалы.

1690 жылдарда Ойрат хандығы­ның аумағын Есіл, Ертіс, Қызылжар, Ақмола, Жаңа-Сібір, Еділде – Қалмақ хандығын қамтиды.

Орыс-жоңғар қатынасы 1607 жылы басталған. 1745 жылы Тарба­ға­тайда Ғалдан-Серен ұрпақтары мыс зауытын ашқан. ХVІІІ ғасырдың басында орыс слесарі Зеленовский Цеван-Рабданмен бірігіп, мылтық жасауды жолға қойған.

Әнет баба мен Әз Тәукеден бата алған Қожаберген жырау замананың “қағынғанын”, қызылкөздердің “жол­ба­рыстай” шабынғанын, ұлы жұртымыздың қансырап абдырағанын, тоз­дырғанын, албастылардың, қанқұ­марлардың, нақұрыс әзәзілдердің ойрандағанын Ресейдің қамал-бекіністер салып “масайрағанын”, Сыр бойы, Қаратау, Сайрам, Тараз, Созақ (көне аты Аяз қала), Түркістан, Еділ-Жайық жері астан-кестен, быт-шыт болғанын, Ресей, Қытай, Жоңғария Ұлы даланы бөліп алғысы келгенін, “қорғасын оқты бұршақша жаудырға­нын”, “Зерафшанға ел кеткенін, есті­лерден ес кеткенін”, бытырап үрік­кенін, күңіренгенін, ылаң салғанын, зауал төндіргенін зарлатып-сарна­-тып толғайды.

Қожаберген жыраудың ұран сө­зіндей ұлы тілегі “Елім-ай” дастаны­ның бастапқы сөйлемдерінде-ақ нақты көрініс тапқан. Айталық:

Алла өзі алсын өзі панасына,

Дұшпанның қол жеткізсін жағасына.

Сөйтіп, дауылпаз дабысты жыр­шы Ұлы даласын тұтастай оятып-сілкіндіріп, жалпы халқына, қайратты сардарларына, дегдарларына, сарбаздарына, маңғаздарына, сырбаздарына, дария қария-даналарына, аймақ билеушісі шораларына, би-бектеріне, көшелі көсемдеріне сөзін арнап, ел қорғау жолына қамшылап, қолдап-демеп, тұлпар мініп, “бөрілі жасыл байрақ” ту ұстап, жаудан қорғану керектігін мәлімдейді.

Табиғатына көсемдік, көшелілік, шешендік тән жырау заманның тілі, кемеңгерліктің үлгісі, даналықтың ай­насы деуге айғақ дастанын осылай­ша күмбірлетіп-дүсірлетіп бастайды, “пайдалы насихаттарын” мәлім­дейді.

Жыраудың өзі де текті. Ағасы Қарабас ер Әз Тәукенің уәзірі екен. Қожаберген жыраудың тұлғасы мына бір шумағынан-ақ байқалады:

Жасымнан ғаскер ерттім, сардар болып,

Сырт жаудан ел қорғадым, жасап жорық.

Салдық пен қолбасылық арқасында,

Қазақтың жер жағдайын білдім толық.

Бұл тұста оның Қазақ жерінің шекарасы, географиясы тура­сын­дағы тұжырымды пікірлері өте-мөте көкейкесті. Мәселен, Батыс Сібір, (“Қайран Керей елім-ай, Көк шалғын Сібір жерім-ай!”), Омбы, Бай­көл, Кемер, Алаш тауы, Алтайдың шығыс беті, Алаш өзені, Ұста қыстақ (Новокузнецкий). Ол Сібірді мекен­деген түрік ру-тайпаларын түгелдей тізбелейді.

Не деген тарихи зерделілік! Үздік білгірлік! Озат отаншылдық!

Қожаберген жыраудың гуманис­тік көзқарасы, отаншылдық рухы да асқақ, биік.

а) Өткерді қиындықты туған халқым,

Сақтады дінін, тілін, ата салтын.

ә) Таралған үш жүз ұлы бір ұядан,

Сөйтсе де қоныс тепкен әр қиядан.

Жорықшы жыраудың Қазақ Елі біртұтас бір ұяның түлегі, “тірлікте бір-біріңе мейірімді бол” деуі – Әй­теке бидің мына ғибратнамасымен үйлеседі:

“Біз қазақ – бір ұяның балапаны едік,

Қанаттанып, сұңқар болып самғайық!

Біз бүкіл қазақ – бір биенің құлыны едік,

Тұлпар болып оза шабайық!

Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік,

Орман болып жасылданайық, жайқалайық!

Біз бүкіл қазақ – бір шаңырақ, бір қазан,

бір төрелік дастарқан болып,

Атамекенді түгел қамтиық!”.

Қожаберген жыраудың шығарма­шылық өмірбаяны да “Елім-ай” дас­танында шебер сомдалған:

Жұртыма шал да болсам едім қорған,

Қарғыттым тұлпарымды терең ордан.

“Апат күннің шежіресін жырла­ған” қазыналы жырау мағыналы та­рихи сөзін былайша сөйлетеді:

Мен сонда қобыз алып, ойға баттым,

Аздан соң “Елім-ай” деп, күйді тарттым.

Халайық көздеріне жас алғанда,

“Елім-ай!” әнін шырқап, жырын айттым.

Дәуір мәліметтерін, халық қасі­ре­тін арқау еткен жыр күйге, ән-күй жырға айналған. Бұл көркем куәлік “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма” заманының мыңжылдықтар бойы тозбайтын асыл мүлігі.

Мұның бір мысалы ретінде екін­ші дүниежүзілік соғыс жылдарында Брест қамалын қорғаған, фашис­тер­дің тұтқынына түскен, Түркістан легионының құрамында болған атақты дарабоз скрипкашы, әлемдік классикалық шығармалардың шебер, мінсіз орындаушысы Айткеш Толғанбаев (1924-1995) Фрайбургте соғыс тұтқындарының концертінде “Елім-ай” әнімен сахна төріне шыққан. Жат жұрттықтар алдында қалайша өнер көрсеткенін Айткеш Толғанбаев былайша еске түсіреді: “…Ендігі жерде өзім скрипкаға арнап өңдеген қазақтың халық әні “Елім-айды” орындадым. Тыңда, Еуропа! Тыңда, Гер­мания! Барлығың да тыңда! Ме­нің бәрінен артық көретін елімді тыңда. Туған жерге деген жүрегімнің сағынышы мен шер-мұңымды тың­да! Қазақтың халық әні “Елім-айды” тыңда! Ақырғы қайырмасын қайта­лап тартарда, залға көз салып едім, көпшіліктің маған аянышпен қарап, мені түсініп, жанашырлық танытып отырғандарын сезінгендей болдым”.

Бұл поэмада жоңғарлықтарға Ре­сей мен Қытайдың мылтық бергендігі де айтылған.

Мылтығын Ресей, Қытай қалмаққа сатты,

Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.

Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,

Орыстар қамалдарын салып жатты.

Негізінде, “Елім-ай” дастаны ел арасына ауызша да, қолжазба күйін­де де тараған. Жазбаша нұсқасын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қарабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбейұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов, Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978 ж.) насихаттаған.

“Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің “Елім-ай” жыры – әскери дастан. Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?..” – деп жазыпты Бауыржан Момыш­ұлы.

Әйгілі әнші Манарбек Ержанов Сегіз серінің “Толыбайын” Әміре Қа­шаубаевтың өз аузынан үйренген. Қо­жаберген жыраудың “Елім-ай!” дас­та­нында замананың қан-қасап суреттері, түркі жұрттарының тағдыр-талайы, жалмаңдаған жоңғарлық­тардың жыртқыштық, қанқұйлы қи­мыл­дары, қазақ хандары мен көсем билерінің кесек тұлғасы тарихилық пен деректілік негізінде келісті, ке­мел баяндалған. Әсіресе жолға сал­са жорға, жонға салса жүйрік Қожа­берген жыраудың ататек шежіресі, өміртарихы, қолбасшылық өнері мен өнегесі терең де әсерлі баяндалған:

Атыма көптен қанық қазақ, ноғай,

Есімім – Қожаберген, әкем – Толыбай.

Бөгенбай бұрынғы ордабасы ем,

Үш жүзде сардар болған қалың қолға-ай.

Қалмақтың қамалдарын бұзған талай

Әз Тәуке қасындағы қолбасы едім.

Кейінгі ақындарға нұсқа айтқан,

Қазақтың аға жырау жорғасы едім.

Немесе:

Шәкіртім қайда екен Бұқар жыршы,

Ол Бұқар әрі ақын, әрі сыншы…

Кенжесі ем Толыбай сыншы Қожаберген,

Бата алғам Әнет пенен Әз Тәукеден.

…Ер Көкше, Ер Есімді қисса еткен,

Керейдің жырауы мен – Қожаберген.

Арғы атам – ордабасы Дәулен батыр,

Еділге, Алтайға да тіккен шатыр…

Қожаберген жыраудың тарихи дастанында Ресей, Қытай, Қалмақ хандығы “жүз құлпырған, қызықтыр­ған” қазақ жерін туталақай етіп бөліп иемденбекші екендігін:

Жолығып көп мылтықты дүлей күшке,

Айналды жақсы тұрмыс көрген түске.

Ресей, Қытай, Қалмақ ақылдасып,

Алмақшы қазақ жерін бөліп үшке, – деп, ел басына үйірілген қасірет-тақсіретті, қырғын-сүргінді нақпа-нақ көрсетеді.

Жырау ұлт трагедиясын:

Бұл заман, қай-қай заман, құйын заман,

Шіріткен тамам жұрттың миын жаман.

Бұл заман, қай-қай заман, қасқыр заман,

Көрші ел жоқ қазақтарға қас қылмаған, –

деп гөй-гөйлетеді. Бұл шумақтың әлеуметтік, саяси, тарихи, фәлса­фа­лық, көркемдік мән-мағынасы, сыр-сипаты өзгеше.

“Елім-ай” дастанында тұлғата­ну­ға қатысты шежірелік-деректемелік арқаулар, жер-су, ру-тайпа аттары жет­кілікті. Қожаберген жыраудың “Баба тілі”, “Ататек” дейтін дастан­дарында ата тарихымыздың, озық дәстүріміздің сәулелі ұшқындары, та­рихи сана-зерде, Асан қайғы, Жи­рен­ше, Әз Жәнібек сыйлап өткен, “миды оятқан” ғажап, таза, киелі-жүйелі тіліміз, ерлік-елдік қасиетте­ріміз ересен көркемдік-философия­лық тегеурін-қуатпен жырланған. “Баба тілін қадірле, Болашақтан тү­ңілме!” дегені парасаттылықтың бел­гісіндей. Оның “Жақсылық пен жамандық жайындағы хикаятында” са­қилық пен сараңдықты салыстырып, мырзалықты, адамшылықты, жана­шырлықты дәріптейді. “Ақсауыт”, “На­сихат өлеңдері”, “Бес қару”, “Білер­сің” атты жыр-толғауларында даналық ой-пікірлер туындатқан.

Академик Салық Зиманов Қожаберген жыраудың “Жеті Жарғы” дейтін дастан жазғанын айтады. Және де:

Шығайдан соң орнына Тәуке қалды,

Кезінде Әз Тәуке деп атақ алды.

Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,

Дейтұғын “Жеті Жарғы” заң шығарды, –

деген жолдарды мысалға алады.

Задында, “Елім-ай” дастанында сегіз қырлы семсердей сес сөзі де, қамал бұзар айбар сөзі де, өнегелі та­рихи сөз де, ар-намысты қайрайтын ұран сөз де бар.

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, дариядай шалқыған даң­ғайыр жыраулық өнердің дүрі, пірі “Елім-ай” дастанында:

Қазағым дәулеті мол, қарқынды еді,

Жүздері ерлерімнің жарқын еді.

Құс төресі аққу құс секілденген

Жұртымның қыз-келіні алтын еді, – деген ел-жұртының интеллектуал­дық құндылықтарына, асыл қасиет­теріне, асқақ рухына бөленген бақ тірегіндей – ақ тілеуі, лала лебізі ға­сырлар төрінен дауылпаздың даусындай саңқылдап естіледі.

“Екі көз ақыретте тозақта күй­мейді. Алладан қорқып оңашада жылаған көз және Алла жолында елін кү­зеткен көз” (Хадис). Ендеше өзі қол­басшылық өнерімен қан майданда ерлік көрсетіп әрі дәуірнамалық “Елім-ай” дастанын туындатқан қаһарман-жыраудың көзіндей асыл сөзі – ұлт айбары мен игілігі, халық ме­рейі, мемлекет рәмізі.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp