Қала прокуратурасы кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірудің алдын алу мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесінде мемлекеттік органдар тарапынан бизнес өкілдерінің құқықтарын бұзу деректерін анықтады.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының міндетті медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғандықтары үшін 34 кәсіпкерлік субъектісін жауапкершілікке тарту мерзімінің өткендігіне қарамастан жазалаған.
Қалалық прокуратураның қадағалау актісі бойынша лауазымды тұлғалардың заңсыз қаулылары бұзылды және кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласқаны үшін үстіміздегі жылы мемлекеттік органдардың 2 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері барлығы 98 кәсіпкердің құқығы қорғалды, олардың пайдасына 107 млн. теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды, сомасы 35 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың күші жойылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан және әкімшілік тосқауылдардан қорғау міндеті жүктелген. Қазіргі уақытта Петропавл қаласының аумағында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында Петропавл қаласының прокуратурасында мобильдік топ жұмыс істейді. Оған кәсіпкерлер бизнес суъектілерінің құқықтарын бұзу фактілері бойынша жүгіне алады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.