Киелі Тәуелсіздік жолында ұлтымыз сан ғасырлар бойы небір қилы кезеңдер мен азапты күндерді басынан өткерді. Азаттық үшін қазақтың талай қабырғалы ерлері алтын бастарын бәйгеге тігіп, жандарын құрбан етті. Ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен су кешкен күреске толы сол ғасырлар әлдеқашан тарихтың терең қойнауына аттанды. Бүгінде еліміз соның бәрін терең күрсініспен, ауыр қайғымен еске алады. Ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың кең даласы да өзінің асыл перзенттерін жоқтағандай ерекше күй шертеді.
Қазақтың ұлт болып бірігу жолындағы талпынысының, еркіндік үшін күресінің бүгінгі куәгері осы дала ғана. Бұл атырапта небір қиянкескі ұрыстар өтіп, қазаққа қас болған дұшпанның қаны судай аққан, мерт болған ұлдарын жоқтаған елдің көз жасы көлдей тасыған. Зұлмат жылдары Қаратаудың басынан шұбап көшкен елдің ізі, ондай қасіретті оқиғалардың шежіресіндей болып “Елім-ай” дастаны қалды. Биыл ұлт тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасы кезіндегі оқиғаларды баяндайтын “Елім-ай” дастанына 300 жыл толып отыр. Осыған орай жыл басынан бері еліміздің әр өңірінде тарихи-танымдық іс-шаралар өткізіліп келеді. Санамызды жаңғыртуға бағытталған игі істердің Қожаберген жыраудың туған жері Қызылжар өңірінде де жалғасын табуы заңдылық.
Үш ғасыр бұрынғы ел басынан өткен оқиғалардың шындығын ашып, аталған кезеңнің куәгері болып, ұлтымыздың өткенін жырға қосқан Қожаберген жырау тұлғасын таныту мақсатында ұйымдастырылған “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманының “Елім-ай” дастанына 300 жыл” атты ғылыми-теориялық конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі ақын, жазушылар, тарихшы, ғалымдар жиылды. Олар алдымен Жамбыл ауданындағы баһадүр бабамыздың басына барып, екінші күні Қызылжардағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров алқалы жиынға келген меймандарға алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Біз бүгін ұлтымыздың тарихында ерекше орын алатын айтулы тұлға, жерлесіміз Қожаберген Толыбайұлының “Елім-ай” дастанының 300 жылдық мерейтойын атап өтуге жиналып отырмыз. Тамырын тереңнен тартқан ұлтымыздың мәдениеті өте бай. Мемлекет басшысы тарихи әділдік орнатып, ұмыт қалған ұлт перзенттерінің есімін жаңғыртып, сол кездегі оқиғаларға лайықты баға беру керектігін айтқан болатын. Бүгінгі өткізіліп отырған шараның да маңыздылығы осында. Сан ғасырлық тарихында қазақ халқы талай қиындықтарды бастан кешті. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, елін қорғаған ержүрек батырлардың бірі – Қожаберген Толыбайұлы. Оның рухани мұраларының ішінде “Елім-ай” дастанының орны бөлек. Атақты жырау бұл туындысында өзі өмір сүрген дәуірді, қазақтың қабырғасы қайысқан заманды жырлайды. Ақынның есімін жаңғырту жолында бүгінге дейін өңірде бірқатар жұмыс атқарылды. Қожаберген жырауды зерттеу және болашақ ұрпаққа насихаттау ісі одан әрі жалғасын табады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Құттықтаулар легі одан әрі жалғасып, ақын Қасымхан Бегманов жиналғандарға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің жылы лебізін оқып берді. “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қорының басшысы Бекет Тұрғараев та жыраудың әдеби мұралары жайлы сөз сөйлеп, Қызылжар жұртшылығына Германия қазақтары қауымдастығының және Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарияның құттықтауын жеткізді.
Конференция жұмысы одан әрі жалғасып, жиылған ғалымдар Қожаберген Толыбайұлының азаттық үшін күрестегі орны мен “Елім-ай” дастанының әдеби-тарихи құндылығына тоқталды. Өз сөзінде зерттеушілер соңғы оқиғаларға қатысты Қожаберген жырау мен Сегіз сері тұлғасына көлеңке түсіргісі келетіндерді айыптап, тарихи деректерді алға тарта отырып нақты дәлелдер келтіріп, тұжырымдар жасады.
– “Елім-ай” дастанында жырау өзі көрген оқиғаның бәрін зар, мұңмен жырлайды. Ондағы бір дерек екінші деректі қостап, біздің тарихымыздан көп мәлімет береді. Қожабергеннің осы далада өмір сүргені туралы орыс зерттеушілері де жазған. Мәшһүр Жүсіп еңбектерінің 16,17,18 томдарында Толыбай сыншы, Қожаберген, Сегіз сері туралы айтылады. Ғабит Мүсіреповтің күнделігінде де Сегіз сері туралы мәліметтер бар. Осындай тұлғалардың өміріне күмәнмен қарау Қызылжар жерін қазақтікі емес дегенмен бірдей. Бүгінде өсіп-өніп отырған ұрпағы бар адамдарды жоққа телу – мемлекетке, қазаққа жаны ашымайтын адамдардың ісі. Бүкіл Сібірді қорғаған бабамыздың атын айту, тарихи айналымға енгізу біздің борышымыз, – деді белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.
Конференция барысында Преснов ауылына, шекара бекеттерінің біріне жыраудың есімін беру, Қожаберген оқуларын өткізіп, оның атындағы шәкіртақы тағайындау, өңірдегі ескірген елді мекен атауларын ауыстыру сияқты көптеген ұсыныстар айтылды. Үш сағатқа созылған жиын соңында ғалымдар мен қаламгерлер арнайы қарар қабылдайтын болып тарқасты. Одан әрі мерейтой Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрындағы қойылыммен жалғасты. Конференция материалдарымен толығырақ газетіміздің келесі санында таныса аласыздар.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.