Қарағанды облысында тұратын алаяқ әйел өткен жаздан бастап 2023 жылдың ақпан айына дейін әккі әрекетін іске асырып келген. Ол танымал сайтта төмен бағамен пәтерді жалға беру туралы хабарландыруды орналастырып отырған. 10 мың теңге көлеміндегі алдын ала төлемді алған соң клиенттердің нөмірлерін бұғаттап, байланысқа шығуды доғарған. Осындай әдіспен бірнеше өңірдің тұрғындарын алдаған. Хабарландыруларда біздің облысымыздың орталығындағы пәтерлерді де ұсынған. Қылмыстық істің он төрт эпизодының сегізінде Петропавл қаласындағы “пәтерлер” көрсетілген. 32 жастағы әйел интернеттен тауып алған басқа біреулердің жеке куәлігін пайдаланып, түрлі айла-тәсілдермен ізін жасырмақ болған. Бірақ петропавлдық жедел уәкілдер алаяқты әшкереледі.
Қылмыс жасалған сәтте күдікті әйел бас бостандығын шектеу түріндегі осыған дейін берілген жазасын өтеп жүрген. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқ әйел жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеді. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырып, осы жазасына өтелмеген шартты мерзімінің алты айын қосты. Жыл басынан облысымызда интернет-алаяқтықтың 400-ден астам фактісі тіркелді. Оның 150-ден астамы алдын ала төлемді талап етумен байланысты болған.
Әсет ҚАНАФИН.