“Аmanat” партиясы жанындағы “Жастар рухы” жастар қанатының мүшелері облыс орталығындағы жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің жатақханасына ат басын тіреді. Олар студенттер үйінің жағдайымен танысты.
Бұл жатақхана осыдан жарты ғасыр бұрын, яғни 1973 жылы салынған. 270 студентке шақталған. Колледж әкімшілігі студенттердің жазғы демалысын пайдаланып, ғимарат ішіне біраз жөндеу жұмыстарын жүргізіпті.
Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі жатақханасының меңгерушісі Раиса Зоринаның айтуынша, ғимараттың электр желілері толығымен тозған. Жатақхананың едені, қабырғалары мен төбесі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Жылыту жүйесінің де жағдайы мәз емес. Қолданысқа берілгеннен бері пластик терезелер салынып, шатыры ғана жөнделген.
Бұл жатақханада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар тегін тұрады. Қалғандары айына 6300 теңге төлейді. Жаңа оқу жылында мұнда орналасуға әзірге 220 студент өтінім берген.
– Өңіріміздегі жатақханалардың барлығының дерлік жағдайы алаңдатарлық. Кемшіліктер мониторинг барысында анықталуда. Туындаған қиындықтарды облыстық білім басқармасы және оқу ордасы басшылығымен бірге шешетін боламыз, – дейді “Жастар рухы” жастар қанатының төрағасы Біржан Құдайбергенов.
Жалпы облыс аумағында 25 студенттік жатақхана бар. Оларды тексеруге аудандағы жастар да жұмылдырылуда. Мониторинг тамыз айының соңына дейін жүргізіледі.
Алдияр АЙТПАЕВ.