Сергеев су торабынан төмен аққан Есіл өзенінде балық қырылды. Облыстық экология департаментінің мәліметінше, бұл жайында 15 тамыз күні белгілі болған. Оқиға орнына экологтар, Есіл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Шал ақын ауданының ветеринарлық қызметі, “Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы барды.
Есіл өзенінің жағалауы тексеріліп, комиссия шамамен 30-40 килограмм нәлім мен көксерке балығының қырылғанын анықтады.
Экология департаментінің қызметкерлері су сынамаларын, ветеринарлық қызмет мамандары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балықтың ұшасын алды. Зерттеу жүргізгеннен және балықтың өлу себебі нақтыланғаннан кейін қосымша хабарланатын болады.
Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, өлі балықты жинап алып, жойды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.