«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМ ШУАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алматыдан Петропавлға қаты­найтын Тальго пойызына отырғызу басталды. Көлемі шағын болғаны­мен салмағы әжептәуір қызыл че­моданымды сүйреп келемін. Доңға­лақтары асфальтқа үйкеліп, қозғала жөнелгенде чемоданның ауырлығы сезілмей қалды. Вагонға тез жетуге асықтым.

Жол жүру құжатымда көрсетіл­ген 4-ші вагон перронға кіретін есіктен алыс емес екен. Көк түсті форма киген қыз жымия қарсы алды.

– Сіздің орныңыз 4-ші вагонда ма? Аты-жөніңізді айтып жібересіз бе? – деді.

– Иә. Гүлім Құрман, – деп қол сөм­кемді ашып, жеке куәлігімді алмақ болғаным сол еді: – Мүгедектік ту­ралы анықтама қағазыңызды көр­сет­сеңіз де жетеді, – деді жолсерік қыз биязы үнмен.

Мен файлға салынған көгілдір түсті қағазды қолына ұстаттым.

– Жақсы, орныңыз вагонның ең соңғы купесінде, – деп ішке кіруімді өтінді.

Орныма асықпай жайғаса баста­дым. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған купенің іші кең екен. Екі жатын орны бар, әрқайсысының жа­нында үстел және мүгедектерге ар­налған арба тұр. Дәретханасы, қол жуғышы, тіпті, жуынатын душына дейін мұнтаздай тап-таза.

Арада сүт пісірімдей уақыт өт­кен­де купеге екі әйел кірді. Орта бой­лы, шашы боялған, қырықтар ша­ма­сындағы әдемі келіншек қарама-қар­сы беттегі орынға жайғасты.

– Сандуғаш, сөмкеңді мына жерге қоя сал, – деді сары келіншек қа­сындағы серігіне купенің оң жақ бұ­рышын нұсқап. “Менің сіңілімнің орны келесі купеде еді. Жүктерін осы жерге қойса, ренжімейсіз бе?” – деп рұқсат сұраған кейіппен маған қарады.

– Купе кең ғой, қоя беріңіздер, – дедім.

Екінші келіншектің бойы ұзын, қараторы. Екеуі де жасанды кірпік сал­дырып алған соң ба, көздері ғана ұқсайтындай көрінді. Екеуі сөмкелерін жай­ғастырды да, есікті жауып, киім­дерін ауыстыра бастады.

– Сіз қай жерге дейін барасыз? – деді ұзын бойлысы.

– Қызылжарға дейін. Сіздер ше? – дедім мен іле-шала. Ондағы ойым үнсіз отырмай, жол қысқарту үшін әңгіме-дүкен құру болатын.

– Бурабайға демалуға бара жатыр­мыз.

– Қандай керемет! Жақсы демалыс болсын.

– Көршілерім сөмкелерін ашып, ішінен тамақтарын шығара бастады.

– Мен манты пісіріп алдым, – деді үлкені.

– Мен әзірлеген ет пен картопты сосын жейміз бе? – деді екіншісі. Олардың бір-бірлеріне мейіріммен тіл қатқандарынан-ақ апалы-сіңлі екенін аңғарғандаймын.

– Дастар­қан­ға жақындап отырыңыз. Бірге ауқаттанып алайық, – деді маған. Вокзалдағы асханалардың бірінен тамақ ішіп алсам да, мен оларға жоқ дей алмадым. Астан үлкен емеспін ғой.

– Әпке, таныса отырайық. Менің есімім – Анар, сіңілім – Сандуғаш. Өзіңізді қалай атайық? – деді үлкені.

– Гүлім.

– Жақсы. Қысылмай тамақтан алы­ңыз, – деп манты салынған пласт­масс ыдысты маған қарай жыл­жытты.

– Мен екінші топтағы мүгедекпін. Өзіңіз жақсы білесіз ғой, бізге сана­торийға жылына бір рет жолдама беріледі. Бұл жолы қасыма сіңілімді ертіп алдым. Менің осы күнге дейін аман жүруім осы сіңілімнің арқасы. Бір бүйрегін маған берген, – деп бауырына емірене қарады.

Сандуғаш кесеге құйылған шы­рынды сораптай ішті. Бет-әлпетінен мен ұға алмайтын бір өзгеріс бай­қалды. Босаған ыдысты үстелдің үс­ті­не қойды да, маңғаздана:

– Иә, бердік қой. Бауыр болған соң, – деді ренішті үнмен.

Анар үндемей басын төмен сал­быратты. Араларында мен білмей­тін бір жайттың барын сезіп, әңгімені басқа жаққа бұрып:

– Мантыларыңыз өте дәмді екен. Кім пісірген? – дедім.

– Өзім пісірдім. Анам осылай пісі­ретін. Қойдың іш майын жіңішкелеп турап, етпен араластыратын. Тағы да қосатын заттары бар, оны айтпаймын, отбасылық құпия, – деді күліп Анар.

Сымбатты әйел күлген кезде одан бетер сұлуланып кетеді екен. Күлгін түске бояп алған шашы өзіне жарасып тұр. Жасы қырықтар ша­масында болар деп жорамалдасам да, талдырмаш дене бітімі, киген киімі, әжімсіз жылтыраған беті, тыр­нақтарына жасалған маникюрдің өз­гешелігі оны одан сайын жасартып көрсететіндей. Сандуғаштың бет-әлпеті кесек, қозғалысы да баяу екен. Қатар тұрған кезде апалы-сіңлі деп ойламайсың. Сандуғаш кі­шілік танытып, ара-арасында әпке­сіне құрмет көрсетіп қояды.

Пойыз Сарышаған стансасына келіп тоқтады. Үшеуіміз интернет же­лісінің қосылғанын пайдаланып, те­ле­фонымызға үңіліп, келген ха­бар­ламаларға жауап жазып отыр­мыз. Дәл сол сәтте Сандуғаштың теле­фоны шыр ете түсті. Ол әл­денеге алаңдаушылық білдіргендей, орнынан атып тұрып, дәлізге шығып кетті.

– Күйеуі шығар. Жолға шықса осылай маза бермейді, – деді сіңілісі.

– Сіз мүгедектік санатын жыл сайын жаңартып отырасыз ба? – дедім мен әңгіменің ауанын басқа тақырыпқа бұрып.

– Жоқ. Бірреттік етіп жасатып алғанмын. Үкімет те қызық қой. Жұ­мыс істеп тұрған бір ғана бүйрегім бар, оның өзі өзімдікі емес. Жаңа бүйрек өсіп шығады деп ойлай ма екен, басында біраз әбігерге салған, – дей бергені сол еді, сіңлісі кіріп келді. Ол әңгімесін осы жерден доғарып, үндемей қалды.

Сандуғаштың да бет-әлпетінен мазасыздық байқалды. Екеуі де терезеге қараған күйі үнсіз отыр.

– Сәлім бе? – деді Анар кекесін дауыспен.

– Иә, – деді жақтырмай сұрағанын ұққан сіңілісі.

– Тағы бірдеңеге үгіттеп жатыр ма?

– Жоқ. Сен де сонымен алысуды қоймайды екенсің?

Екеуінің қандай тақырып төңіре­гін­де таласып отырғандарын түсін­бегендіктен әңгімелеріне араласуды жөн көрмей, үйден ала шыққан кітап­тың бетін парақтауға кірістім. Сан­ду­ғаш үстелді жинастырды да, ұйықтайтынын айтты.

Мен болсам көз іле алмадым. Оның үстіне екінші қабатқа шығып-түсудің өзі қиын. Бұрышта тұрған арбада отыра бе­руді жөн көрдім. Қолыма телефонымды алдым. Ескі суреттерді ақтарып, өткен шақ­тың естеліктерін ой елегінен өткізіп отырмын. Анардың:

 – Сіз де мүмкіндігі шектеулі жан ретінде санаторийларда демалатын шығарсыз?, – деп сауал қойғанын аңғармай қалыппын.

– Мүгедектік рәсімдеге­німе екінші жыл. Әлі мұн­дай жеңілдіктерге қол жеткізген жоқ­пын. Бір жыл бойы жанымды жара­лаған жаман аурумен күрестім. Де­малыс орындарына баратын күн де туар, – дедім.

– Мен санаторийға жолдаманы жылына екі рет аламын. Біріншісі – өзіме, екіншісі – қызыма беріледі. Қызым “күн балалары” деп аталатын дертпен ауырады.

– Қиын болған екен, – дедім мен, бұл аурудың жаман екенін біле­тіндіктен.

 – Қызымның жасы он үште. Ол бір жасқа толғанша ауру дегенді білме­дік. Сап-сау сәби сияқты еді. Содан кейін жылауды бастады. Дәрігерге барғанымызда сондай диагноз қой­ды. Олардың кеңесімен біраз емдел­дік. Беті бері қарап, жақсы болды. Ақыл-ойын да дамытып отыруға тырысамын. Сол баланың ауруымен алысып жүріп, осыдан алты жыл бұрын өзім де қатты науқастанып қал­дым, – деді Анар.

– Ананы баламен сынамаса деп тілеймін. Сәбилері науқас аналар­дың тағдырының қиын екенін жақ­сы білемін. Олардың әр күні күйзеліс, – дедім аяушылық білдіріп.

– Иә, солай ғой. Күндіз-түні уайым­­дайтынмын. Қыз бала ғой. Бола­шағын ойладым. Тұрмысқа шы­ғып, перзент сүйгенін армандадым. Қо­лымнан келер қайран болмады. Қа­лай айықтырамын деген сауал­дың жетегінде жүре беріппін. Адам тағ­дырына қарсы шықпауы керек екен. Алланың жазғанына сабыр­мен қа­рау да – ерлік. Мен олай ете ал­мадым. Өзімді жегідей жедім. Ақыр соңында екі бүйрегім де істен шыға бастады. Сол кезде өз ажалымды емес, о дү­ниелік болып кетсем, қы­зым не болады деп ойладым, – де­ген Анардың көзінен ыстық жастың ыршып түскенін байқадым.

Өмір сынақ қой. Біреу сәбиімен, енді біреу жиған дүниесімен сына­лады. Алла тағала адамға дертті бекерден бекер бермейді екен. Бәлкім сол ауру арқылы бізді дұрыс жолға бағыттауды көздейтін шығар. Жер бетінде қаншама адам бар. Олардың әрқайсысының тағдыры сан алуан. Кейде мен адамзаттың бе­керден бекер жаратылмағанына, ішіп-жегеніміздің, пайдаланғаны­мыздың барлығының сұрауы болатынына іштей иланамын. Сол кезде тәубеме келіп, барыма қанағат етуге тырысамын. Жүрегімді ауыртқан, әбі­герге салған жағдаяттардың бар­лы­­ғымен келісуге тура келеді. Ба­сыңдағы сынақтарыңмен келіскен кезде өмірің де жеңілдей түсетіндей, айналаңа, дос-жараныңа ерекше мейі­ріммен қарайсың. Біреудің ба­ғына таласпайсың, қайғысын жеңіл­деткің келеді.

Анардың айтуынша, сіңлісі Сан­дуғаштың күйеуінің мінезі нашар. Ақылдан гөрі, ашудың дегеніне жы­ғылатын көрінеді. Сандуғаш көп жағдайда жұбайының сөзін сөйлейді екен. Анар оның бәрін бекер айтып отырған жоқ.

– Анам бізді бір шаңырақ астында ұйытып өсірді. Бала күнімізде ұрыс-керіс болған шығар, ер жете келе бір-біріміздің көңілімізге қарап тұратынбыз. Мен ауырып, жағ­дайым мүшкіл бола бастаған кезде анам бауырлар бір-біріне донор бола алады дегенді естіп, көмектесіңдер, деді. Сарапта­ма жа­сай келе дәрігерлер Санду­ғаш­тың ағзасы менікімен жақсы қабысып кететіндігін анықтады. Бұл ұсынысты сіңілім де ойланбастан қабылдады. Сөйтіп, оның бір бүй­регін маған са­лып, ол екі ай, мен үш ай ауруханада жаттық, – деп әңгіме­сін жалғады ол.

– Сіңіліңіз сізге өмір сыйлаған екен ғой. Өзі батыл екен. Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейді, – дедім мен таңданысымды жасыр­май.

– Дұрыс айтасыз. Сандуғаш маған ғана емес, қызыма да өмір сыйлады. Қызым ол кезде жеті жаста болатын. Беті енді бері қарап келе жатқан. Сіңілім маған донор болған кезде бірінші күйеуінен ажырасқан еді. Ұлы мен қызы бар. Осыдан үш жыл бұ­рын екінші рет күйеуге шықты. Сә­лім деп отырғаным сол. Біздің ара­мыз­дағы жайтты біліп алып, сіңілім­нің құлағына “донор болғаның үшін ол саған ақша төлеуі керек” дегенді құйыпты. Осыны естіген Сандуғаш бір күні бұл мәселені көтеріп, ақша талап етті. Мұны естіген анам оған қатты ренжіп, бауырлардың арасын­да ақша жүрмейтінін айтқан. Анамыз­дың өмірден өткеніне бір жыл болды. Жуырда Сандуғаш ақша мә­се­лесін тағы да көтерді. Маған ауыр тиді. Бір бүйрекпен жүрген мен үшін бұдан асқан күйзеліс жоқ, – деп көз жасын көл қылды Анар.

“Мен әңгіме арасында Сәлімнің бұл әрекетінің қате екенін, Сандуғаштың да денсаулығына зиян тигізетінін айттым. Сәлімнің тұ­рақты жұмысы жоқ екен. Сандуғаш базар­да сауда жасайды. Анардың шағын кәсібі бар. “Шынымды айт­сам, күйеуін көргім келмейді. Сіңі­лімнің үлкен ұлын өзім оқыттым. Ба­лала­рының киімін алып беремін”, – деді Анар.

Екі бауырдың арасындағы кикіл­жіңді енді түсіндім. Мұндайда не айтарыңды, қалай жұбатарыңды біл­мей қалады екенсің. “Анау жаман, сіз жақсы” деген сөздің де жанына демеу болмасы анық.

– Сізге ішімдегі шерімді тарқа­тып, жеңілдеп қалдым ғой, – деді жымиып. Дәл осы кезде купеге Сандуғаш кіріп келді. Әңгімеміз тағы да үзілді.

Таңғы сегіздер шамасында Бурабай стансасына жеттік. Екеуі “үлкен чемоданды мен сүйреймін, сен сүй­реме” деп таласып қояды.

– Берші маған саған ауыр көтеруге болмайды, – дейді сіңілісі.

– Қойшы, сенде де бір бүйрек қой, – деп әпкесі қалжыңдайды.

Анар мен Сандуғаш менімен қош айтысып, купеден шығып кетті. Те­резеден қарасам, екеуі чемодан­ды екі жағынан ұстап, күліп кетіп бара жатты. Баласынан безінген тасбауыр әке, құрсағын кеңіткен шақа­лағынан жерінген көкек ана, ер жеткізіп, адам қатарына қос­қан ата-анадан безген бала, дүниедегі ең қымбат туғанда­ры­нан алыс­тап, аралары суыған бауыр­лар кө­бейіп келе жатқан заманда бұл екеуі жан-жағына мейірім­нің шуағын шашып бара жатты.

Гүлім ҚҰРМАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp