Алматыдан Петропавлға қатынайтын Тальго пойызына отырғызу басталды. Көлемі шағын болғанымен салмағы әжептәуір қызыл чемоданымды сүйреп келемін. Доңғалақтары асфальтқа үйкеліп, қозғала жөнелгенде чемоданның ауырлығы сезілмей қалды. Вагонға тез жетуге асықтым.
Жол жүру құжатымда көрсетілген 4-ші вагон перронға кіретін есіктен алыс емес екен. Көк түсті форма киген қыз жымия қарсы алды.
– Сіздің орныңыз 4-ші вагонда ма? Аты-жөніңізді айтып жібересіз бе? – деді.
– Иә. Гүлім Құрман, – деп қол сөмкемді ашып, жеке куәлігімді алмақ болғаным сол еді: – Мүгедектік туралы анықтама қағазыңызды көрсетсеңіз де жетеді, – деді жолсерік қыз биязы үнмен.
Мен файлға салынған көгілдір түсті қағазды қолына ұстаттым.
– Жақсы, орныңыз вагонның ең соңғы купесінде, – деп ішке кіруімді өтінді.
Орныма асықпай жайғаса бастадым. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған купенің іші кең екен. Екі жатын орны бар, әрқайсысының жанында үстел және мүгедектерге арналған арба тұр. Дәретханасы, қол жуғышы, тіпті, жуынатын душына дейін мұнтаздай тап-таза.
Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде купеге екі әйел кірді. Орта бойлы, шашы боялған, қырықтар шамасындағы әдемі келіншек қарама-қарсы беттегі орынға жайғасты.
– Сандуғаш, сөмкеңді мына жерге қоя сал, – деді сары келіншек қасындағы серігіне купенің оң жақ бұрышын нұсқап. “Менің сіңілімнің орны келесі купеде еді. Жүктерін осы жерге қойса, ренжімейсіз бе?” – деп рұқсат сұраған кейіппен маған қарады.
– Купе кең ғой, қоя беріңіздер, – дедім.
Екінші келіншектің бойы ұзын, қараторы. Екеуі де жасанды кірпік салдырып алған соң ба, көздері ғана ұқсайтындай көрінді. Екеуі сөмкелерін жайғастырды да, есікті жауып, киімдерін ауыстыра бастады.
– Сіз қай жерге дейін барасыз? – деді ұзын бойлысы.
– Қызылжарға дейін. Сіздер ше? – дедім мен іле-шала. Ондағы ойым үнсіз отырмай, жол қысқарту үшін әңгіме-дүкен құру болатын.
– Бурабайға демалуға бара жатырмыз.
– Қандай керемет! Жақсы демалыс болсын.
– Көршілерім сөмкелерін ашып, ішінен тамақтарын шығара бастады.
– Мен манты пісіріп алдым, – деді үлкені.
– Мен әзірлеген ет пен картопты сосын жейміз бе? – деді екіншісі. Олардың бір-бірлеріне мейіріммен тіл қатқандарынан-ақ апалы-сіңлі екенін аңғарғандаймын.
– Дастарқанға жақындап отырыңыз. Бірге ауқаттанып алайық, – деді маған. Вокзалдағы асханалардың бірінен тамақ ішіп алсам да, мен оларға жоқ дей алмадым. Астан үлкен емеспін ғой.
– Әпке, таныса отырайық. Менің есімім – Анар, сіңілім – Сандуғаш. Өзіңізді қалай атайық? – деді үлкені.
– Гүлім.
– Жақсы. Қысылмай тамақтан алыңыз, – деп манты салынған пластмасс ыдысты маған қарай жылжытты.
– Мен екінші топтағы мүгедекпін. Өзіңіз жақсы білесіз ғой, бізге санаторийға жылына бір рет жолдама беріледі. Бұл жолы қасыма сіңілімді ертіп алдым. Менің осы күнге дейін аман жүруім осы сіңілімнің арқасы. Бір бүйрегін маған берген, – деп бауырына емірене қарады.
Сандуғаш кесеге құйылған шырынды сораптай ішті. Бет-әлпетінен мен ұға алмайтын бір өзгеріс байқалды. Босаған ыдысты үстелдің үстіне қойды да, маңғаздана:
– Иә, бердік қой. Бауыр болған соң, – деді ренішті үнмен.
Анар үндемей басын төмен салбыратты. Араларында мен білмейтін бір жайттың барын сезіп, әңгімені басқа жаққа бұрып:
– Мантыларыңыз өте дәмді екен. Кім пісірген? – дедім.
– Өзім пісірдім. Анам осылай пісіретін. Қойдың іш майын жіңішкелеп турап, етпен араластыратын. Тағы да қосатын заттары бар, оны айтпаймын, отбасылық құпия, – деді күліп Анар.
Сымбатты әйел күлген кезде одан бетер сұлуланып кетеді екен. Күлгін түске бояп алған шашы өзіне жарасып тұр. Жасы қырықтар шамасында болар деп жорамалдасам да, талдырмаш дене бітімі, киген киімі, әжімсіз жылтыраған беті, тырнақтарына жасалған маникюрдің өзгешелігі оны одан сайын жасартып көрсететіндей. Сандуғаштың бет-әлпеті кесек, қозғалысы да баяу екен. Қатар тұрған кезде апалы-сіңлі деп ойламайсың. Сандуғаш кішілік танытып, ара-арасында әпкесіне құрмет көрсетіп қояды.
Пойыз Сарышаған стансасына келіп тоқтады. Үшеуіміз интернет желісінің қосылғанын пайдаланып, телефонымызға үңіліп, келген хабарламаларға жауап жазып отырмыз. Дәл сол сәтте Сандуғаштың телефоны шыр ете түсті. Ол әлденеге алаңдаушылық білдіргендей, орнынан атып тұрып, дәлізге шығып кетті.
– Күйеуі шығар. Жолға шықса осылай маза бермейді, – деді сіңілісі.
– Сіз мүгедектік санатын жыл сайын жаңартып отырасыз ба? – дедім мен әңгіменің ауанын басқа тақырыпқа бұрып.
– Жоқ. Бірреттік етіп жасатып алғанмын. Үкімет те қызық қой. Жұмыс істеп тұрған бір ғана бүйрегім бар, оның өзі өзімдікі емес. Жаңа бүйрек өсіп шығады деп ойлай ма екен, басында біраз әбігерге салған, – дей бергені сол еді, сіңлісі кіріп келді. Ол әңгімесін осы жерден доғарып, үндемей қалды.
Сандуғаштың да бет-әлпетінен мазасыздық байқалды. Екеуі де терезеге қараған күйі үнсіз отыр.
– Сәлім бе? – деді Анар кекесін дауыспен.
– Иә, – деді жақтырмай сұрағанын ұққан сіңілісі.
– Тағы бірдеңеге үгіттеп жатыр ма?
– Жоқ. Сен де сонымен алысуды қоймайды екенсің?
Екеуінің қандай тақырып төңірегінде таласып отырғандарын түсінбегендіктен әңгімелеріне араласуды жөн көрмей, үйден ала шыққан кітаптың бетін парақтауға кірістім. Сандуғаш үстелді жинастырды да, ұйықтайтынын айтты.
Мен болсам көз іле алмадым. Оның үстіне екінші қабатқа шығып-түсудің өзі қиын. Бұрышта тұрған арбада отыра беруді жөн көрдім. Қолыма телефонымды алдым. Ескі суреттерді ақтарып, өткен шақтың естеліктерін ой елегінен өткізіп отырмын. Анардың:
– Сіз де мүмкіндігі шектеулі жан ретінде санаторийларда демалатын шығарсыз?, – деп сауал қойғанын аңғармай қалыппын.
– Мүгедектік рәсімдегеніме екінші жыл. Әлі мұндай жеңілдіктерге қол жеткізген жоқпын. Бір жыл бойы жанымды жаралаған жаман аурумен күрестім. Демалыс орындарына баратын күн де туар, – дедім.
– Мен санаторийға жолдаманы жылына екі рет аламын. Біріншісі – өзіме, екіншісі – қызыма беріледі. Қызым “күн балалары” деп аталатын дертпен ауырады.
– Қиын болған екен, – дедім мен, бұл аурудың жаман екенін білетіндіктен.
– Қызымның жасы он үште. Ол бір жасқа толғанша ауру дегенді білмедік. Сап-сау сәби сияқты еді. Содан кейін жылауды бастады. Дәрігерге барғанымызда сондай диагноз қойды. Олардың кеңесімен біраз емделдік. Беті бері қарап, жақсы болды. Ақыл-ойын да дамытып отыруға тырысамын. Сол баланың ауруымен алысып жүріп, осыдан алты жыл бұрын өзім де қатты науқастанып қалдым, – деді Анар.
– Ананы баламен сынамаса деп тілеймін. Сәбилері науқас аналардың тағдырының қиын екенін жақсы білемін. Олардың әр күні күйзеліс, – дедім аяушылық білдіріп.
– Иә, солай ғой. Күндіз-түні уайымдайтынмын. Қыз бала ғой. Болашағын ойладым. Тұрмысқа шығып, перзент сүйгенін армандадым. Қолымнан келер қайран болмады. Қалай айықтырамын деген сауалдың жетегінде жүре беріппін. Адам тағдырына қарсы шықпауы керек екен. Алланың жазғанына сабырмен қарау да – ерлік. Мен олай ете алмадым. Өзімді жегідей жедім. Ақыр соңында екі бүйрегім де істен шыға бастады. Сол кезде өз ажалымды емес, о дүниелік болып кетсем, қызым не болады деп ойладым, – деген Анардың көзінен ыстық жастың ыршып түскенін байқадым.
Өмір сынақ қой. Біреу сәбиімен, енді біреу жиған дүниесімен сыналады. Алла тағала адамға дертті бекерден бекер бермейді екен. Бәлкім сол ауру арқылы бізді дұрыс жолға бағыттауды көздейтін шығар. Жер бетінде қаншама адам бар. Олардың әрқайсысының тағдыры сан алуан. Кейде мен адамзаттың бекерден бекер жаратылмағанына, ішіп-жегеніміздің, пайдаланғанымыздың барлығының сұрауы болатынына іштей иланамын. Сол кезде тәубеме келіп, барыма қанағат етуге тырысамын. Жүрегімді ауыртқан, әбігерге салған жағдаяттардың барлығымен келісуге тура келеді. Басыңдағы сынақтарыңмен келіскен кезде өмірің де жеңілдей түсетіндей, айналаңа, дос-жараныңа ерекше мейіріммен қарайсың. Біреудің бағына таласпайсың, қайғысын жеңілдеткің келеді.
Анардың айтуынша, сіңлісі Сандуғаштың күйеуінің мінезі нашар. Ақылдан гөрі, ашудың дегеніне жығылатын көрінеді. Сандуғаш көп жағдайда жұбайының сөзін сөйлейді екен. Анар оның бәрін бекер айтып отырған жоқ.
– Анам бізді бір шаңырақ астында ұйытып өсірді. Бала күнімізде ұрыс-керіс болған шығар, ер жете келе бір-біріміздің көңілімізге қарап тұратынбыз. Мен ауырып, жағдайым мүшкіл бола бастаған кезде анам бауырлар бір-біріне донор бола алады дегенді естіп, көмектесіңдер, деді. Сараптама жасай келе дәрігерлер Сандуғаштың ағзасы менікімен жақсы қабысып кететіндігін анықтады. Бұл ұсынысты сіңілім де ойланбастан қабылдады. Сөйтіп, оның бір бүйрегін маған салып, ол екі ай, мен үш ай ауруханада жаттық, – деп әңгімесін жалғады ол.
– Сіңіліңіз сізге өмір сыйлаған екен ғой. Өзі батыл екен. Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейді, – дедім мен таңданысымды жасырмай.
– Дұрыс айтасыз. Сандуғаш маған ғана емес, қызыма да өмір сыйлады. Қызым ол кезде жеті жаста болатын. Беті енді бері қарап келе жатқан. Сіңілім маған донор болған кезде бірінші күйеуінен ажырасқан еді. Ұлы мен қызы бар. Осыдан үш жыл бұрын екінші рет күйеуге шықты. Сәлім деп отырғаным сол. Біздің арамыздағы жайтты біліп алып, сіңілімнің құлағына “донор болғаның үшін ол саған ақша төлеуі керек” дегенді құйыпты. Осыны естіген Сандуғаш бір күні бұл мәселені көтеріп, ақша талап етті. Мұны естіген анам оған қатты ренжіп, бауырлардың арасында ақша жүрмейтінін айтқан. Анамыздың өмірден өткеніне бір жыл болды. Жуырда Сандуғаш ақша мәселесін тағы да көтерді. Маған ауыр тиді. Бір бүйрекпен жүрген мен үшін бұдан асқан күйзеліс жоқ, – деп көз жасын көл қылды Анар.
“Мен әңгіме арасында Сәлімнің бұл әрекетінің қате екенін, Сандуғаштың да денсаулығына зиян тигізетінін айттым. Сәлімнің тұрақты жұмысы жоқ екен. Сандуғаш базарда сауда жасайды. Анардың шағын кәсібі бар. “Шынымды айтсам, күйеуін көргім келмейді. Сіңілімнің үлкен ұлын өзім оқыттым. Балаларының киімін алып беремін”, – деді Анар.
Екі бауырдың арасындағы кикілжіңді енді түсіндім. Мұндайда не айтарыңды, қалай жұбатарыңды білмей қалады екенсің. “Анау жаман, сіз жақсы” деген сөздің де жанына демеу болмасы анық.
– Сізге ішімдегі шерімді тарқатып, жеңілдеп қалдым ғой, – деді жымиып. Дәл осы кезде купеге Сандуғаш кіріп келді. Әңгімеміз тағы да үзілді.
Таңғы сегіздер шамасында Бурабай стансасына жеттік. Екеуі “үлкен чемоданды мен сүйреймін, сен сүйреме” деп таласып қояды.
– Берші маған саған ауыр көтеруге болмайды, – дейді сіңілісі.
– Қойшы, сенде де бір бүйрек қой, – деп әпкесі қалжыңдайды.
Анар мен Сандуғаш менімен қош айтысып, купеден шығып кетті. Терезеден қарасам, екеуі чемоданды екі жағынан ұстап, күліп кетіп бара жатты. Баласынан безінген тасбауыр әке, құрсағын кеңіткен шақалағынан жерінген көкек ана, ер жеткізіп, адам қатарына қосқан ата-анадан безген бала, дүниедегі ең қымбат туғандарынан алыстап, аралары суыған бауырлар көбейіп келе жатқан заманда бұл екеуі жан-жағына мейірімнің шуағын шашып бара жатты.
Гүлім ҚҰРМАН.