«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алаш туы астында…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1917 жылдың 13-ші желтоқсанында Алаш автономиясының үкіметі – “Алаш Орда” құрылды. Оның құрамына қазақтың арда перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сынды зиялы қауым өкілдері кірді. Олардың көздеген мақсаттары қазақ-қырғыз автономиясын жариялап, милиция құру, елді сақтап, халықты большевиктердің езгісінен босату болатын. Еркіндік пен тәуелсіздікке қол жеткізуді мақсат еткендердің ішінде солтүстікқазақстандықтар да болды. Алаш Ордаға көмек көрсетіп, оның армиясын жасақтау мақсатында 1918 жылы қазіргі Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңында орналасқан Әлти қажының Аққұсақ қонысында үлкен жиын өтті.

Әлти Барлыбаев “Алаш Орда” үкіметі көздеген мақсатқа жету жолында жүрген ардақтыларға қолдау көрсеткен ауқатты байлардың бірі болған. Қазіргі таңда Аққұсақ қонысын киелі жерлердің картасына енгізу туралы мәселе қарастырылып жатыр. Биыл қазақ халқы үшін маңызды болған осы жиынның өткеніне және Алаш Орда әскерінің құрылғанына 105 жыл толып отыр. Осыған орай Петровка ауылының жанында киіз үйлер тігіліп, көкпардан жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері, тарихшылар жиналды.

“Ең алдымен 1918 жылдың 24-ші маусымында Семей қаласында “Алаш Орда” үкіметінің қарулы күштері құрылады. Осылайша Алаш әскерінің атты полктері, бригадалары мен дивизиялары жасақтала бастайды. Дәл сол жылы шілде айында еліміздің іргетасын бүтіндеп, шекарасын шегелеп берген Алаштың ардақты ұлдарының бірі –  Міржақып Дулатұлының бастауымен қазіргі Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңында Ақ-құсақ болысындағы, Әлти қажы қонысында жиын өтеді. Оған Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болысы қатысқан. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы Әлти байдың жеріне халықтың арасынан Алаш армиясына атты полк жасақтау үшін келген. Кей деректе жиынға әр ауыл мен болыстан келген 15 мың, енді бір құжаттарда 20 мың адамның жиналғаны айтылады”, – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы “Алаш” ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы.

Тарихшының айтуынша, 1917 жылдың 20 желтоқсанында Әлихан Бөкейхан Сібір облыстық кеңесіне жеделхат жолдап, “Алаш” автономиясының және “Алаш Орда” уақытша үкіметінің құрылғанын хабарлаған. Бұл күн біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылуы керек. Өйткені қазақ мемлекетінің іргетасы 1920 жылы тамыз айында кеңес үкіметі бекіткен декреттің күшімен құрылған жоқ. Мемлекетті құратын – халық. Бұл жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихшыларына жеті томдық академиялық тарихымызды қайта жазу жайлы тапсырма берген болатын. Тарихымыз ұлттық мүдде тұрғысынан жазылуы керек. Сол тұрғыдан қарасақ, қазақ мемлекетінің іргетасы 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда құрылған.

– Алаштанушы ғалымдардың басым бөлігі “Алаш” сөзін қазақ сөзінің баламасы деп анықтама береді. Бұл – қате пікір. Өйткені Жошы ханды халық арасында “Алаша хан” деп атаған. Яғни, ханның ұлысы шартты түрде ғана “Алтын Орда” деп аталды. Шын мәнінде, Алаша ханның ұлысы “Алашорда” деп аталуы тиіс еді. Ал алты Алаш деген сөз неден шықты? Алтын Орданы алты түркі тайпасы құрады. Бұл алты Алаштың құрамына бүгінгі башқұрттар, татарлар, қырғыздар, ноғайлар бастаған түркі халық­тары енген. Алаш автономиясының астарында Жошы хан құрып кеткен Ұлы ұлысты қайта тірілту жатыр,– дейді Сұлтан-Хан Аққұлұлы.

Жиында “Алаш” атын ұрандаған қай­рат­керлер ұйымдастырған Орынбор съезінде  – қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қа­рал­ғаны жөнінде сөз етілді.  Осылайша, съезд ал­мағайып заманда батыл қадамдарға дем берген, “Ұлт кеңесін” құрып, оның аты “Алашорда” болсын деген шешім қабылдаған.

Бұдан бөлек, биыл жерлесіміз Қожаберген жыраудың туғанына 360 жыл және оның қазақ елі тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама” деген атаумен қалған заманды суреттеген “Елім-ай” жыр-дастанының жазылғанына 300 жыл толып отыр. Келген қонақтар Қожаберген жыраудың рухына бағыштап, дарабоздың мазарына барып дұға оқыды. Жамбыл ауданында бас қосқан дүйім жұрттың арасында батырдың ұрпақтары да болды.

“Қожаберген жырау – ұлтымыздың ұлы тұлғасы. Біз бүгін Қожаберген жыраудың “Елім-ай” жырының 300 жылдығын тойлаудамыз. Бұл жыр қырғыздың “Манас” және гректің “Одиссеясымен” тең келетінін тарихшы Манаш Қозыбаев атап кеткен”, – дейді “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев.

Майгүл СЕЙІЛБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp