Петропавл қаласында қыркүйек айынан бастап автобус бағыттары жайында ақпарат беретін жаңа электронды таблолар іске қосылады.
Жалпы облыс орталығында электронды табло 2018 жылдан бері қолданылып келеді. Олар арқылы автобустың неше минуттан кейін келетінін, қай аялдамада тұрғанын, ауа температурасын көруге болатын. Бірақ құрылғылар жөнді жұмыс істеген жоқ, алдағы уақытта сол кемшілік түзетілмек.
– Жақында конкурс өткізіліп, 31 электронды табло қайтадан жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, жолаушылар ағынын анықтау үшін автобустарға арнайы датчик орнатпақпыз. Осылайша жолаушы тасымалдаушылар қаншалықты ашық жұмыс істеп жатқанын және қанша табыс табатынын анықтайтын боламыз. Яғни, олардың жұмысы бақылауға алынады. Бұған қалалық бюджеттен қаражат бөлінді, – дейді қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.
Былтыр жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам субсидия төленді. Биыл оның мөлшері 3 млрд. теңгеге жетіп, кәсіпкерлер қаражаттың бір бөлігін жұмсап үлгерген.
Қоғамдық көлік қызметін бір күнде 65-75 мың жолаушы пайдаланады. Қала ішінде 18 бағыт бойынша 185 автобус қызмет көрсетеді.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.