Халқымызда “өлі риза болмай, тірі байымайды” деген керемет сөз бар. Кей адамдар оның мағынасын марқұмдарға арнап қымбат, зәулім кесене тұрғызу, әшекейлі құлпытас орнату деп түсінетіндей. Бақилық болған адамдарға мұндай “құрметтің” бірі де қажет емес. Құран бағыштап, дұға оқыса, есімдерін ұмытпай, жақсы істерін еске алып отырса, жеткілікті.
Өкінішке қарай, ысырапшылдықты, арзан даңғойлықты, мақтаншылдықты, ешқандай абырой әпермейтін бәсекелестікті әбден әдетке айналдырып алдық. “Аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатыны секілді, осы қасиет кейінгілерге де жұға бастағандай әсер қалдырады. “Бәленшенің баласы әкесінің басына керемет там соғыпты”, – деп ауыздарынан су құрып айтқандарына мәз. Қызылжар ауданы аумағындағы қорым көзге анадайдан “мен мұндалап” көрінеді. Бейне бір биік үйлері аспанмен таласқан қаланы еріксіз еске түсіреді. Сонда перзенттік парызын өтеу үшін жұрт мақтасын деп істей ме екен? Солар “Ықылыс” не “Фатиха” сүресін жаттап, о дүниелік болғандардың рухтарына Құран бағыштаса, әлдеқайда сауап болар еді.
Бірде Айыртау ауданына жолымыз түсіп, Айғаным әжеміздің қонысына соқтық. Онда есімі елімізге жақсы таныс ханшаның намаз оқитын мешіті бар екен. Мешітке кірген азаматтардың бірде-біреуі аят білмейтін болып шықты. Кім оқиды дегендей бір-біріне жалтақтап қарап отырды. Міне, біздің мұсылмандығымыз! “Намаз оқымаса да, бір-екі сүрені жаттап алуға шамалары жетпеген бе?” деп іштей күйіндік.
Құран бағыштай білмесе, зират басына құр барып, көріп-қайтқаннан не пайда? Жаназа кезінде имамдар да аруақтар тек дұға ғана дәметеді деп айтып жатады ғой.
Жанар ӘБІЛЕВА,
мұғалім.