Ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев әлем сахнасына ұлықтап жеткізген қасиетті Түркістанда “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған заманның ащы шерін жеткізген “Елім-ай” дастанының 300 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Келесі алқалы жиын жыраудың туған жері Қызылжарда өтіп отыр.
Ұлы ақын Мағжан:
“Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой…, – деп жырлағандай, Түркістан шын мәнінде түркі жұртының, мұсылман әлемінің қасиет тұтатын орнына айналған. Ұлтымыздың ұлылары мәңгілікке орын тапқан қазақ халқының хандары мен билері, батырлары мен бағландары, дін исламның ұлы ғұламасы Қожа Ахмет Ясауи жатқан әулиелі мекенде бас қосып, ұлы жырау Қожаберген Толыбайұлының “Елім-ай” дастанының 300 жылдығын кең көлемде атап өттік. Осы киелі өлкені мекендеген халықтың басынан небір зұлмат замандар өтіп, бақ пен дәулет бастарынан көшкен уақыттар болған. Осыдан үш ғасыр бұрын “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған зарлы заманды “Елім-ай” дастаны арқылы бізге жеткізген халық үні бүгінге дейін естен кетпейді. Осынау қилы заманның қиындығын қылышпен қырқысып жүріп, жырға қосып бізге жеткізген кемеңгер жырау Қожаберген Толыбайсыншыұлы еді. Дананың дарабоз ұлылығына бас иеміз!.. Тарихтың тарланбозы, атақты академик Манаш Қозыбаев “Дауылпаз баба Қожаберген” деген ғылыми баяндамасында “Қожаберген – батыр баһадүр, көрнекті мемлекет қайраткері, дауылпаз жырау, замана дүлділі, оның өмір жолы қазақ тарихымен сабақтас”, – деген болатын.
Қожаберген жырау зарлы заманның запыран даусын “Елім-ай” жыры арқылы халыққа жеткізіп, қаһарлы жауға қарсы тұруға, ел мен жерді қорғауға ұлт басына төнген ұлы апатты жеңуге ұран тастап рухтандырды. Ұлтымыздың ұлығы сол болды, бір кісідей бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қаһарлы жауға қарсы тұрып, оны оралмастай етіп жер бетінен жойып жіберді.
Біз бүгін сол ұлы жеңістің мұрагері атанып отырмыз. Мәні бөлек туындыны арада үш ғасыр өткенде еске алып, ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, “Кеудеңде шыбын жаның болса егер, жоғалтпа жер бетінен қазақ атын” деген ұранның егемен еліміз үшін зор мәнге ие екеніне көз жеткіздік.
“Елім-ай” жырының елге кең тарап, зерттеле бастауы – Тәуелсіздіктің жемісі. Азаттықтың арқасында туындының жарыққа шығып халыққа жетуіне мүмкіндік туды. Алдыңғы толқын ағаларымыз кешегі кеңестік кезеңде, шыңғырып тұрып шындықты айтқан шығарманы дәріптеуге мұршалары болмады. Өйткені кеңестік идеология орыс пиғылының әшкерленуіне жол бермеді. Ұлтымыздың қамын ойлаған арғы-бергі тарихты ашып, шындықты айтқан сүт бетіндегі қаймақтай болған қазақ зиялыларын қалқып алып қырып отырды, бұл да біздің қайғы, қасіретіміз болды.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда: “Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн”, – деген болатын. Ғасырлар өтсе де, ел жадынан өшпеген ұлы тұлға Қожаберген жырау Толыбайұлын тарих қойнауынан аршып алып, оның ел тағдырын айқындаған тарихи оқиға “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға” арналған “Елім-ай” жыр дастаны – Тәуелсіздіктің арқасында жарыққа шығып, ел игілігіне, халық қазынасына айналып отырған ұлы шығарма, ұлттың мәңгілік болуын арман еткен асыл мұра.
Қазақтың жүрегінің тереңінде сақталып бүгінге жеткен ұлы жырды ұлықтаудың орнына “бұл қайдан келді, кімнің шатпағы” деп шалқасынан түсіп, аузын айға білеген кейбір кездейсоқ ақындарымыз бен ғалымдарымызға, өресі жетпегендіктен ұлы көшке, ұлы дастанға топырақ шашып, көңілге көлеңке түсіріп жүрген азаматтарға өкпе-ренішіміз аз емес. Ой тұманынан арылып ортақ мүддеге оралуды жөн санаймыз. 300 жылдық тарихы бар “Елім-ай” дастанын мәңгілік есте қалдыру үшін, қасиетті Қаратаудың беласуына тұғыртас орнатып, “Елім-ай” дастанында сипатталған халық тағдырының қасіретті кезеңінен мағұлмат беріп, мәңгілік өшпес ерліктің иесі халық екенін, болашаққа хабардар етіп тасқа таңбаладық. Болашақ ұрпақтың ой санасына жеткізіп, тасқа жазылған тарихтан көз жазбас үшін мектеп оқулықтарына енгізіп оқытуды Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне ұсындық.
“Елім-ай” жыры жайлы жиында толғаныспен толқып айтылған баяндамалардан “Тарихты тұлға жасайды, тұлғаны халық тудырады” деген қағиданың қатесіз екеніне көңіл сенеді. 2007 жылы зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, жыраудың өмір тарихын, шығармашылығын зерттеп, халыққа жеткізу үшін қызметке кіріскен еді, содан бері Қожаберген тану ғылымына, қорға қолдау көрсеткен жергілікті билік пен демеушілердің арқасында “Елім-ай” дастаны 15 мың данамен кітап болып шығарылып, 5 рет қайталап басылып халыққа тегін таратылды.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Жеті жарғы және Қожабереген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы.