«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мұндай “құрметтің” қажеті жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “өлі риза болмай, тірі байымайды” деген керемет сөз бар. Кей адамдар оның мағынасын марқұмдарға арнап қымбат, зәулім кесене тұрғызу, әшекейлі құл­пытас орнату деп түсінетіндей. Бақилық болған адамдарға мұндай “құрметтің” бірі де қажет емес. Құран бағыштап, дұға оқыса, есімдерін ұмытпай, жақсы істерін еске алып отырса, жеткілікті.

Өкінішке қарай, ысырапшылдық­ты, арзан даңғойлықты, мақтаншыл­дықты, ешқандай абырой әпермей­тін бәсекелестікті әбден әдетке айналдырып алдық. “Аурудың батпан­дап кіріп, мысқалдап шығатыны се­кілді, осы қасиет кейінгілерге де жұға бастағандай әсер қалдырады. “Бә­леншенің баласы әкесінің басына ке­ремет там соғыпты”, – деп ауыздары­нан су құрып айтқандарына мәз. Қы­зылжар ауданы аумағындағы қорым көзге анадайдан “мен мұндалап” кө­рінеді. Бейне бір биік үйлері аспан­мен таласқан қаланы еріксіз еске түсіреді. Сонда перзенттік парызын өтеу үшін жұрт мақтасын деп істей ме екен? Солар “Ықылыс” не “Фатиха” сүресін жаттап, о дүниелік болған­дардың рухтарына Құран бағыштаса, әлдеқайда сауап болар еді.

Бірде Айыртау ауданына жолы­мыз түсіп, Айғаным әжеміздің қоны­сына соқтық. Онда есімі елі­мізге жақсы таныс ханшаның намаз оқитын мешіті бар екен. Мешітке кір­ген азаматтардың бірде-біреуі аят біл­мейтін болып шықты. Кім оқиды дегендей бір-біріне жалтақтап қарап отырды. Міне, біздің мұсылмандығы­мыз! “Намаз оқымаса да, бір-екі сү­рені жаттап алуға шамалары жетпеген бе?” деп іштей күйіндік.

Құран бағыштай білмесе, зират басына құр барып, көріп-қайтқаннан не пайда? Жаназа кезінде имамдар да аруақтар тек дұға ғана дәметеді деп айтып жатады ғой.

 Жанар ӘБІЛЕВА,

 мұғалім.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp