“Солтүстік” ӘКК” акционерлік қоғамы тұрақтандыру қорына көкөністер сатып алуды бастады. Қырыққабат өнімдерін жергілікті “Золотарев” жеке кәсіпкерлігі мен “Агрос” фермерлік шаруашылығы жеткізуде.
Жас кәсіпкер Евгений Золотарев “Солтүстік” ӘКК” АҚ-мен 2020 жылдан бері форвардтық сатып алу шеңберінде жұмыс істейді. Оның өсірген көкөністері – экологиялық таза өнімдер.
– Биыл біздің кәсіпорын тұрақтандыру қорына 150 тонна қырыққабат, 100 тонна картоп және 20 тонна сәбіз жеткізеді. Біз барлық өнімдерді Мағжан Жұмабаев ауданының Медвежка ауылы маңындағы егістікте өсіреміз. Өнімнің бір бөлігін – тұрақтандыру қоры қоймасына, бір бөлігін көкөніс қоймасына жөнелтеміз. Бізге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жұмыс істеген ыңғайлы. Қаражатты алдын-ала алып, тұқым мен техникаға жұмсауымызға мүмкіндік бар. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерге бизнесін дамыту үшін несие алу қиынға соғады, ал ӘКК ұсынатын тетіктер жақсы көмек болып отыр, – дейді Евгений Золотарев.
Кәсіпкер көкөніс өсірумен 2017 жылдан бастап айналысады. Сол кезде қырыққабатты қолдарымен отырғызып, шелекпен су құйған. Биыл 17 гектар егіс алқабына картоп, сәбіз, баклажан, болгар бұрышы, цуккини егіпті. Тамшылатып суару әдісі үшін арнайы құрылғы сатып алған. Кәсібі өрге басып, жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай салуға да мүмкіндік туған. Кәсіпкер 40-қа жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Биыл тұрақтандыру қоры 1300 тонна картоп, 450 тонна пияз және сәбіз, 470 тоннаға жуық қырыққабат сатып алады. Корпорация сайтында қандай өнім және қандай бағамен сатып алынатыны туралы хабарландырулар жарияланған. Кез келген кәсіпкер қажетті құжаттар жинап, өтініш бере алады. Тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 14-ін сатуға болады. Оның ішінде облыста өндірілетін, сондай-ақ қант, күріш және өсімдік майы сияқты сырт облыстардан жеткізілетін тауаралар да бар. Сатып алу шарасы қарыз алу, форвардтық сатып алу және жеткізу шарттарын жасасу жолымен жүргізіледі.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.