“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы – еліміздегі іргелі өндіріс орындарының бірі. Машина жасау саласында ойып алар орны бар кәсіпорын өндіріс бағытын әртараптандыруды көздеп отыр. Ондағы мамандар нарықтық экономикадағы бәскелестік пен даму әрекеттерін таразыға сала отырып, тағы бір бағытты қолға алуға ниетті. Зауыт алдағы уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасап шығармақ. Жоспар толықтай жүзеге асырылса, Орта Азияда осындай форматтағы ұшу аппараттарын шығаратын жалғыз кәсіпорын атанбақ.
Өндірісті дамытуға серпін беретін тың жоба еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Солтүстікқазақстандық зауыттың ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру ісі Қытай Халық Республикасы кәсіпорындарының бірімен серіктестік негізде орындалмақ.
Зауытта мамандар жасап шығарған төрт ұшу аппаратының тұсаукесері өтіп, олар сала мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таныстырылды. Бұл аппараттар болашақта өрт сөндіру, әскери қызмет, құқық қорғау саласында кеңінен қолданылмақ. Мамандар дронның 27 түрін құрастыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында ауыл шаруашылығына, орманшыларға, туризм саласына, құтқарушыларға да ыңғайлы құрылғылар болады.
Зауыттың қытайлық серіктестері өнім шығаратын құрал-жабдықтар мен кадр даярлау мәселесіне қолдау көрсетпек. Қазіргі уақытта бөлшектерінің 30 пайызы жергілікті зауытқа тиесілі, қалған бөлігі қытайлықтардың еншісі.
“Елімізде машина жасау саласында жұмыс істеп жатқан зауыттар аз емес. Солармен бірлесе отырып, қосалқы бөлшектерін жасауға тапсырыс беру бағытын іске қоспақпыз. Сондай-ақ өзіміздің зауытта қосымша цехтар ашылады”, – дейді бас директордың арнайы өнімдер жөніндегі орынбасары Тимур Нукерей.
Тапсырыс берушілердің қызығушылығы оянып, сұраныс артса, зауыт толықтай іске кіріседі. Осы бағытта еңбек етіп жатқан қырық адамның қатары да ұлғайтылады. Білікті мамандар тапшылығы сезілуде, бірақ зауыт әкімшілігі шетелдік әріптестерінің көмегімен қызметкерлерін қытайлық зауытқа тәжірибе шыңдауға жіберуді жоспарлап отыр.
Төрт ұшқышсыз ұшу аппаратын таныстыру рәсімінде құрылғылардың қалай жұмыс істейтіндігі жан-жақты айтылды. Бірінші ұшырылған аппараттың көмегімен жабық нысанға кіруге ниеттенген диверсиялық топтың әрекеттері қалай әшкереленетіні көрсетілді. Ұшқышсыз аппарат заң бұзушыларды жедел іздеу және командалық пунктке хабар беріп, қылмыскерлердің нақты координаттарын қауіпсіздік қызметіне тапсыру, оларды ұстау әрекеттеріне көмектесті. Мамандардың айтуынша, мұндай аппарат өрт кезінде де көп көмек көрсете алады. Бұл дрондар салмағы бірнеше килограмм болатын аспалы жабдықтарды еркін тасымалдайды. Өрт оқиғасы кезінде құрылғы жоғарыдан нысанның жағдайын барлаумен қатар, оның үстінен қазіргі заманауи өрт сөндіру қоспасын шашу арқылы отты ауыздықтайды.
Ұсынылған аппараттардың техникалық мүмкіндіктері оларды әскери және азаматтық бағытта пайдалануға септеспек. Құрылғылар жоғары дәлдікке ие, рельефті 3D форматында түсіруге мүмкіндігі бар. Ондай мүмкіндікті суда немесе орманды далада адамдарды құтқару үшін де пайдалануға болады. Әр аппараттың сипаттамалары түрлінше, 50 шақырымға дейін ұзап, 6 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алатындары да кездеседі.
– Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану әлемде кеңінен таралған. Мен мұны жаңа технологиялар саласындағы жетістік деп санаймын. Осы өндірістің арқасында Қазақстан дамудың анағұрлым жоғары деңгейіне көтеріле алады. Елдегі өндірісті локализациялай отырып, біз мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, көптеген маңызды мәселелерді шешеміз, – дейді Тимур Серікұлы.
Петропавл ауыр машина жасау зауытының бұл жобасының маңыздылығы – мамандардың ұшу аппараттарын тапсырыс берушінің сұранысына қарай бейімдеп, сипаттамасын өзгерте алуында. Сондай-ақ отандық өнімнің бағасы да қолжетімді болмақ.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.