Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің ашылуына 15 жыл толуына орай “Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысы басталмас бұрын меймандар музей алаңындағы Абылай ханның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Содан кейін кеш қонақтары “Ордасы Ұлы Абылайдың” деген атаумен өткізілген көрмені тамашалады. Оның барысында меймандарға “LED” экран арқылы музейдегі құнды жәдігерлер таныстырылды. Музей-кешен төрт залдан тұрады. Абылайдың туғанынан бастап, сұлтан атанғанға дейінгі, яғни, 1711 жылдан 1770 жылға дейінгі аралықты қамтыған зал, ханның тынығу бөлмесі, тақ залы және 1771-1780 жылдар аралығында хандық құрған кезеңді бейнелейтін жәдігерлер топтастырылған зал бар. Мұндағы кез келген бұйым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, батырлық-ержүректік қасиеттерінен сыр шертеді.
Конференция жұмысын “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің директоры Аян Садаев ашып, жүргізіп отырды. “Аталмыш музей 2008 жылдың 21 тамызында ашылып, өңірімізде, республикада баламасы жоқ мәдени ошаққа айналды. “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” картасына еніп, қазіргі таңда республикалық маңызы бар нысандардың бірі болып отыр, – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдіриисов осынау мерейлі күнге орай музейдің экспозиялар жасау маманы Гүлнәр Жұмабекованы, өлкетанушы Мұрат Ыдырысовты, Бизнес әкімшілендіру магистрі Әлия Нұғманованы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Музей қызметкерлері Алма Жепенова мен Алевтина Козлитинаға басқарманың Алғыс хаты берілді. Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің директоры Уәлихан Құлбаев, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова, музейдің бас қор сақтаушысы Людмила Шераухова “Amanat” партиясы облыстық филиалының Алғыс хатына ие болды.
Абылай ханның қазақ тарихында алатын орны ерекше. Жоңғарлармен болған шайқаста ол Төле бидің қосындарымен келіп, Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдан бата алып, жоңғардың бас батыры Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткенін, сосын қалың қолға рух беріп, “Абылайлап” жауға шабатынын бәріміз білеміз. Жігіттің ерлігімен жігерленген қазақ әскері оның соңынан қоса шауып, жоңғардың қолын талқандайды. Бұл туралы Үмбетей жыраудан қалған:
Ей, Абылай, Абылай.
Жиырма жасқа толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
“Абылайлап” шапқанда…
Сол ерлікпен хан болдың
Барша әлемге даң болдың,
– деген мына өлең де әмбеге аян.
Сол ұрыста қазақ қолын бастап келген Орта Жүздің ханы Әбілмәмбет ұрыс аяқталған соң жекпе-жекте Шарышты жеңген батырға іздеу салдырады. Ол Төле бидің әскерімен келген ұзын шашына қарап “Сабалақ” атанып кеткен жігіт болып шығады. Хан оның кім екенін жүйелеп сұрағанда бабасы Жәңгірден туған, өзінің атасы Тәукемен бірге туған аталасы Уәлибақының ұрпағы екенін анықтайды. Ол өз заманында хан тағы өзіне берілмегенге өкпелеп Үргеніштегі нағашыларына кетіп қалған екен. Ал Сабалақ Уәлибақының баласы Абылайдың немересі Әбілмансұр болып шығады. Атасы Абылайдың ерлігіне сүйсінген жас Әбілмансұр оның есімін пір тұтып, жауға шапқанда өзінің ұраны еткен.
Конференцияда баяндама жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай, жазушы-журналист Жақсыбай Самрат, “Дулатитану және өңір тарихы” ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің маманы Сейдахан Бақторазов, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова жиналғандарды осы және өзге де мәліметтерге қанықтырып, тарихи тұлғаның өмір жолына, музейдің ашылу тарихына жан-жақты тоқталды. Оқылған баяндамаларда ұлы ханның өмірі мен қызметіне шолу жасалып және оған қатысты жаңа деректер айтылып, ханның есімін өскелең ұрпақ – жастар арасында насихаттау үшін қандай іс-әрекеттер жасалу керектігі айтылды.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.