«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақтың қайсар қызы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегі адам түсініп болмайтын небір аумалы-төкпелі оқиғаларға, әлеуметтік қайшылықтарға толы болды. Таптық күрестің ширыққаны соншалық, сеңдей соғылысқан халық не істерлерін білмей қатты дағдарып қалды. Күнкөріс қиындап кетті. Осындай өліара шақта жүрегі елім, жерім деп соққан қазақтың арда ұлдары мен аяулы қыздары саяси сахна төріне көтеріліп, азаматтық белсенділігімен, нақты ұстанымымен, айқын көзқарасымен алмастай жарқылдап, көзге түсті. Солардың бірі – Гүлшахра Досымбекованың өзгелерден бөлекше болмыс-бітімі ұлықтауға әбден лайық.

Өкінішке қарай, ол туралы мәліметтер мардымсыз, тым аз. Оның жарғақ құлағы жастыққа тимей халқы үшін үлкен істер тындырып, тұлғалық, қайраткерлік деңгейге көтерілгенін оқу-тоқуы көп, көзі қарақты деген азаматтардың өздері Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатовтың балдызы (әйелі Ғайнижамалдың туған сіңлісі) деумен ғана шектеліп жүр.  Оның ғұмыры қысқа, бірақ өте мағыналы өтті. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, отбасы, ошақ қасынан алған тәлім-тәрбиесі өмір жолын басқа арнаға өзгертті. Жоғары дәрігерлік білімі бар әкесі Баймұрат атақты ғалым-әдебиетші Алекторовтың өтінішімен қазақ фольклорын жинастырған екен.

 Бұл шаңырақта Сара, Ғайнижамал және Гүлшахра  есімді үш қыз жауқазындай желкілдеп бойжеткен. Ағаштан қиып салған үйлері Омбы қаласындағы Любин даңғылында, астық базарына тақау орналасқан. Әкелері мәңгі келмес сапарға аттанып, бұларға Оматай деген етжақын туысы қарайласады. Сара мен Ғайнижамал үйде мұғалімнен сабақ алса, тумысынан өжет, өткір Гүлшахра әйелдер гимназиясын бітіріп, тіршілігі қыж-қыж қайнап жатқан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кетеді. Кейін Омбы ауыл шаруашылығы институты медицина (ветеринария) факультетінің тыңдаушысы бола жүріп, Батыс Сібір қоғамдық бірлестіктерінің тарихында өшпес жарқын із қалдырады. Тарқатып айтатын болсақ,  “Бірлік” және “Жас азамат” атты қазақ жастар ұйымдарының негізін қаласып, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С. Сейфуллин, Ж. Шанин,  Б.Майлин, Ж. Аймауытов сияқты көрнекті тұлғалармен қоян-қолтық араласады. Оған бір жағынан, Смағұл Сәдуақасовтың болашақ жары, жоғары білімді дәрігер Лиза Бөкейхановамен сырлас болуы айтарлықтай ықпалын тигізген. Смағұл ол кезде “Орталық Сібір” кооператив одағында қызмет атқарған. Омбы оқу орындарындағы қазақтың жастары бір-бірін жете таныған, жиі араласып тұрған.

1919 жылы 20 ақпанда “Сарыарқа” газетінде жарық көрген мына мақала ерекше назар аудартады. Онда “Тілек” қоғамының жетекшісі Ғаббас Тоғжанов “Приход-Омбы” жастарының қазақ тіліндегі қайырымдылық кешінің өтуіне 6392 рубль мөлшерінде қаражат жинағанына ризашылығын білдірген. Мәселен ортақ үлеске Сұлтан Абдрахимов – 300, Шаяхмет Өтегенов – 23, Аққағаз Досжанова – 50 рубль және бір күміс түрік монетасын, Әмина Қуанышева – алтын сақина, Гүлшахра Досымбекова – күміс сақина, Аспандияр Черманов – ширек темекі, Мұратбек Сейітов – бір фунт қант, Ғайнижамал Досымбекова – бір күміс монета, Жами Төлемісов – бір фунт шай, Балтабай Боранқұлов бір күміс шанышқы қосқан. Ж.Аймауытов редакторлық еткен “Абай” басылымы қазақтың үкілі қыздарының мұқтаж студенттерге қол ұшын беруге бастамашы болғанына сүйсінеді.

Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешу” ғұмырнамалық романында апалы-сіңлілі Досымбековалар жайлы тебірене жазған. Міржақып пен Ғайнижамалдың үйлену тойына шақырылған Мағжан Гүлшахарға ағалық ілтипат, ізет көрсеткен. Айтпақшы жерлестерінің қайырымдылық қорға жинаған қаражаты есебінен С.Сәдуақасов Омбыдағы оқуын жалғастырған.

 Гүлшахра Әмина Қуанышева, Жамал Бақшилова, Әмина Нұрымова, Жамал Тастемірова, Гүлшара Жалтырова, тағы басқа құрбыларымен қаланың мәдени өміріне белсене араласқан, әсіресе театр қойылымдарына барғанды ұнатқан. Кейін Ақмола губерниясы ревкомының органы – “Бостандық туы” газетінің жұмысына атсалысқан. Петропавлдағы ауқатты саудагердің қызы Әмина Қуанышева Сібір бөлімшесі инспекциясының нұсқаушысы болған, Ақмола губерниялық әйелдер бөлімін басқарған. “Бостандық туы” басылымында мақалалары жүйелі түрде жарияланған. 1942-1949 жылдары Қазақ педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс оқыған. Сосын қызметін Ғылым академиясында жалғастырған. Жұбайы Ғали Алматы университетінде жоғары математика пәнінің оқытушысы болған, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған.

1920 жылы Қазақ үкіметін құру туралы маңызды шешімнің қабылдануына байланысты Омбыдағы қаракөз қыз-жігіттердің көпшілігі туған өлкеге оралып, білімдері мен бойларындағы күш-жігерлерін ұлтына арнауды мақсат еткен. Олардың қатарында Гүлшахра да елге қарай қос өкпесін қолына алып, құсша ұшып жеткен. Оның Петропавлдағы балалар үйінің меңгерушісі қызметін атқарғаны жайлы деректерді Солтүстік Қазақстан және Ресейдің Орынбор облыстық мұрағат қорынан тауып, өшкеніміз жанғандай, өлгеніміз тірілгендей күй кешкенімізді қайтып жасырарсың?! Уездік білім бөлімінің алфавиттік тізілімінде өз қолымен қалдырған жазулар да – қымбат жәдігерлердің бірі. Оның қазан төңкерісі және кеңестік өкіметтің алғашқы кезеңіндегі әлеуметтік белсенділігін тек Омбымен ғана байланыстырып келсек, енді тарихтың жаңа парақтарын ақтара отырып, газет оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдік.

Ақмола губерниясында жетім балалар үйлері санының күрт көбеюіне 1921-1922 жылдардағы жаппай ашаршылық айтарлықтай әсер еткені анық.  Петропавлдағы №3 балалар үйі 1919 жылы 19 желтоқсанда мұсылман жұмысшылар клубының негізінде ашылған. Оған әр жылдары Кәрім Акчурин, Бибінұр Сағдеева, Исхақ Мұстаев, Зугра Давлеткилдеева жетекшілік еткен. 1923 жылдың көктемінде Орынбордың “Советская степь” газеті былай деп жазады: “Петропавлдағы №3 мұсылман балалар үйі өте үлгілілер санатында. Құрылғаннан бергі үш жылдың ішінде небір қиындықтарға төтеп беріп, дін аман өтті. Бұл үйде қазір 85 бала, 1 меңгеруші, 2 қызметкер және бір саяси нұсқаушы бар. Техникалық персонал жоқ, өйткені барлық жұмыстарды балалардың өздері орындайды. Өзін-өзі ақтау төлем жүйесіне біртіндеп көше отырып, оқу және түптеу шеберханалары ұйымдастырылды. Етік және слесарь шеберханаларын ашу жоспарланған. Барлық балалар сауатты, ана тілінде және орыс тілінде оқиды. Мұнда губком бекіткен белсенді жұмысшылар саяси әңгімелер жүргізеді. Алты тәрбиеленуші рабфакқа дайындалса, екеуі өнер студиясындағы үйірмеге барады. Балалар болашақта республиканың лайықты қызметкерлері болу үшін қажетті білім алуға тынбай ұмтылып жүр”. Гүлшахра Баймұратқызы басшылық еткен кезеңде жетім балалар үйі осындай биік белестерді бағындырған.

Ол Петропавлда Алаш қайраткері, Торғай өңірінің тумасы, “Қызыл керуен” экспедициясына қатысушы, “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ” газеттерінің қызметкері, 29 жастағы Ахметсафа Юсуповты жолықтырды. Көңілдері жарасқан жастар отау тігіп, Орынборға қоныс аударады. Гүлшахра Қазақ халық комиссарлар кеңесінің хатшылығына жұмысқа орналасады. Н.Нұрмақов, М.Саматов, Ә.Жанділдин сияқты үкімет басшыларымен істес бола жүріп, зор ұйымдастырушылық қабілетімен, мінезінің өжеттілігімен сүйсіндіреді. Алайда Алаш қайраткерлерінің идеясын қолдады, сөзін сөйледі деген желеумен 1929 жылы Ахметсафаның тұтқындалуы оған үлкен соққы болып тиеді. Не керек, контрреволюциялық ұйымға мүше болды, кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген жаламен күйеуі 1930 жылы ату жазасына кесіледі. 1988 жылы қылмыстық іс қайта қаралып, толық ақталады. Ол Мәскеудегі Ваганковский зиратына жерленген.

Гүлшахра басқа түскен қиындыққа мойымай, белсенді қоғамдық қызметін бір сәт те тоқтатпайды. Керісінше қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі – әкесінен алған тәлім-тәжірибесін пайдалану арқылы іш сүзегі, тырысқақ, шешек, құрт ауруы секілді жұқпалы кеселдерге қарсы ем-домдар қолданады. Республиканың оңтүстік өңірлерін тынбай аралап, тіпті Қырғыз Республикасының аумағында да медициналық қызмет көрсетуіне тура келеді. Оның балалар ауруларының алдын алудағы қажырлы еңбегі ұшан-теңіз. Қайда барса да, күйеуінен қалған жалғыз тұяқ – Фариданы жанынан тастамайды. Ажалға қарсы дауа бар ма? 1933 жылы қазақтың аяулы қызы Талас ауданында іш сүзегінен қайтыс болады.

Фариданың кейінгі өмірі белгісіз. Міржақып пен Ғайнижамалдың қызы Гүлнар Дулатова өз естелігінде әкелерін тұтқындап,  Мәскеуге әкеткен кезде бұлар (Ж. Аймауытовтың ұлы мен Фариза) Қызылорда станциясында қалғанын айтады. Фаризаның одан арғы тағдыры жайлы ешкім тап ештеңе басып айта алмайды. Қазақстанды тұрақтады ма, әлде Қырғызстан асып кетті ме, жетімдер үйіне тапсырылды ма, біреулер бауырына басты ма, нақты дерек жоқ.

Тынбай іздестірсе, аспанда жұлдыздай жарқырап, қысқа ғұмырында ағартушылық, мәдениет, медицина салаларына теңдессіз үлес қосып, есімі ел аузында сақталып қалған қазақтың қайсар қызына қатысты деректердің архив мұрағаттарынан табылып қалуы әбден ықтимал. 

Гүлнар МҰҚАНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих

ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp