1991 жылдың 29-шы тамызында Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша еліміз әлемде ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекетке айналды. Бүгін жерімізге сансыз қайғы-қасірет әкелген ядролық жарылыстардың тоқтатылғанына 32 жыл толып отыр. Десе де, сол күндердің ызғары әлі күнге дейін сезіледі. Қазаққа небір ұлы тұлғаларды сыйлаған қасиетті Семей өңірінде орын алған қасірет бүгінге дейін ел есінде. Сынақ алаңына мыңдаған жерлесіміз аттанды. Солардың арасында солтүстікқазақстандықтар да болды. Отандастарымыздың біразы оралмады.
1994 жылы Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылуына байланысты Ресей, Ұлыбритания мен АҚШ Қазақстанның қауіпсіздік кепілдері туралы меморандумға қол қойды. Бұл кепілдіктерге кейін Қытай мен Франция да қосылды. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан АҚШ-қа 24 ядролық бомбаның (90 пайыз, 600 келі) уранын сатты. Бұл уран су асты ядролық қаруы үшін жиналған еді. 1995 жылдың сәуірінде Қазақстан барлық ядролық қаруды Ресей аумағына шығарды. Ал 27 мамырда бұрынғы Семей полигонының ұңғымасында соңғы ядролық заряд жойылды. Осылайша елдегі ядролық қару мәселесіне нүкте қойылды. 2000 жылы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында соңғы ядролық сынақтарға арналған ұңғыма жойылды. Осынау тарихи оқиғадан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде “Семей полигоны” атты бірлестіктер құрыла бастады. Олардың негізгі міндеттері – Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін қолдау, Семейде Отан алдындағы борышын атқарған азаматтарға қол ұшын созу.
Біздің облысымызда “Семей полигоны” қоғамдық бірлестігі 2016 жылдың 8-ші тамызында құрылған. Бұл ұйымның қазіргі төрағасы Асқат Төлепбергенов. Бүгінде бірлестіктің құрамында 250 ардагер бар. 2016-2022 жылдар аралығында ұйымға мүше 20 шақты адам өмірден озыпты. Қолында жарылыс орын алған жерде болғанын растайтын құжаты бар 28 адам ғана мемлекеттен жәрдемақы алып отыр. Олар жыл сайын сауықтыру кешендеріне барып ем қабылдайды, үш жылда бір рет тістерін емдетеді. Жеңіс күні мерекесі қарсаңында сыйақы алады.
“Атом бомбаларының жарылыстарын көзбен көріп, ай сайын болатын дүмпудің ортасында жүрдім”, – деп бастады әңгімесін Асқат Төлепбергенов. Оның айтуынша, 1970 жылдары Қызылжар өңірінен аттанған өрімдей жас жігіттер полигон аймағында әскери борыштарын өтеген. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған. Бұл – адамдардың ғұмырын қысқартып, мүгедектікке шалдығуына әсер етті. “Мен қазақтың қаншама жігітінің үйлеріне мүгедек болып оралғанын білемін. Кейбір азаматтар туған жерлеріне келгеннен кейін айықпас дертке шалдықты. Отбасы, бала-шағаның қызығын көрмей ерте көз жұмғандары қаншама? Осы деректердің барлығы жанға жара салмай қоймайды. Көп адамдар Семей полигонын Чернобыль оқиғасымен салыстырып жатады. Чернобыль – ол табиғи апат, ал Семейде жоспарлы ядролық сынақ жүргізілді”, – дейді ол.
Семей өңірінде 40 жыл ішінде жүргізілген сынақтардың ұзын саны 500-ден асып жығылады. Салдарынан талай адам ажал құшып, көбі түрлі ауруға шалдықты. Ал сәбилердің көпшілігі мүгедек болып дүниеге келді. Бірінен кейін бірі шетінеп кеткен нәрестелердің санында шек болмады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сол жылдары Семейге 600-дей жерлесіміз әскерге барған. Ал олардың жартысынан көбі өңірге қайта оралмапты. Кейбірі сырқаттанып, ал қалғандары ауыр жарақат алып көз жұмған екен.
2021 жылы полигонның жабылғанына 30 жыл толуына орай облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 167 ардагер мерейтойлық төсбелгімен марапатталды. Сол жылғы 25 тамызда Қызылжар, Шал ақын аудандарының орталықтарында Семей полигонының құрбандарына арналған белгітас қойылды. Айыртау, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандарының әкімдері мен ардагерлер кеңестері қаза тапқандарды еске алу үшін алдағы уақытта белгі қоюды жоспарлап отыр”, – дейді Асқат Төлепбергенов.
Еліміздің ядролық қаруды таратпау іс-шараларына белсенді атсалысып, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі үлесі əлемдік қауымдастыққа үлгі болып қала бермек. Отанымыз бейбіт болашақ пен ядролық қарусыз əлемді құру жолын таңдады. Дүниежүзілік қауымдастықтың барлығы дерлік Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласына қосқан үлесін мойындады. Сарапшылардың айтуынша, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекетте қолайлы орта қалыптастыру үшін жасалған қадам, сол себепті Қазақстанның бұл жердегі рөлін жоғары деп атауға болады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.