«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСТЕН КЕТПЕС ҚАСІРЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1991 жылдың 29-шы тамызында Қазақстанның сол кездегі Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша еліміз әлем­де ядролық қарудан бас тартқан ал­ғашқы мемлекетке айналды. Бүгін жерімізге сансыз қайғы-қасірет әкел­ген ядролық жарылыстардың тоқта­тыл­ғанына 32 жыл толып отыр. Десе де, сол күндердің ызғары әлі күнге дейін сезіледі. Қазаққа небір ұлы тұл­ғаларды сыйлаған қасиетті Семей өңірінде орын алған қасірет бүгінге дейін ел есінде. Сынақ алаңына мың­даған жерлесіміз аттанды. Солар­дың арасында солтүстікқазақстан­дық­тар да болды. Отандастарымыз­дың біразы оралмады.

1994 жылы Қазақстанның Ядролық қару­ды таратпау келісіміне қосылуына бай­ланысты Ресей, Ұлы­британия мен АҚШ Қазақстанның қауіпсіздік кепілдері туралы меморандумға қол қойды. Бұл кепілдік­терге кейін Қытай мен Франция да қосылды. Сондай-ақ осы жылы Қа­зақстан АҚШ-қа 24 ядролық бом­баның (90 пайыз, 600 келі) уранын сатты. Бұл уран су ас­ты ядролық қаруы үшін жиналған еді. 1995 жыл­дың сәуірінде Қазақ­стан барлық ядролық қаруды Ресей ау­мағына шығарды. Ал 27 мамыр­да бұ­рынғы Семей поли­гонының ұңғы­масында соңғы ядро­лық заряд жойылды. Осы­лайша ел­де­гі ядро­лық қару мәсе­лесіне нүкте қойылды. 2000 жылы бұ­рынғы Семей ядролық сы­нақ поли­гонында соңғы ядролық сы­нақтарға арналған ұңғыма жо­йыл­ды. Осынау тарихи оқиғадан кейін елі­міздің түк­пір-түкпірінде “Семей полигоны” атты бірлестіктер құрыла бастады. Олардың негізгі міндеттері – Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін қолдау, Се­мейде Отан алдындағы бо­рышын атқарған азаматтарға қол ұшын созу.

Біздің облысымызда “Семей по­лигоны” қоғамдық бірлестігі 2016 жыл­дың 8-ші тамызында құрылған. Бұл ұйымның қазіргі төрағасы Ас­қат Төлепбергенов. Бүгінде бірлес­тік­тің құрамында 250 арда­гер бар. 2016-2022 жылдар аралы­ғында ұйымға мүше 20 шақты адам өмірден озыпты. Қолында жа­рылыс орын алған жерде болғанын растайтын құжаты бар 28 адам ғана мемле­кеттен жәрдемақы алып отыр. Олар жыл сайын сауықтыру ке­шендеріне барып ем қабылдайды, үш жылда бір рет тістерін емдетеді. Жеңіс күні мерекесі қар­саңында сыйақы ала­ды.

“Атом бомбаларының жарылыс­та­рын көзбен көріп, ай сайын бола­тын дүмпудің ортасында жүрдім”, – деп бастады әңгімесін Асқат Төлеп­бергенов. Оның айтуынша, 1970 жылдары Қызылжар өңірінен аттан­ған өрімдей жас жігіттер полигон аймағында әскери борыштарын өте­ген. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тас­талған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған. Бұл – адам­дардың ғұмырын қысқартып, мүге­дектікке шалдығуына әсер етті. “Мен қазақтың қаншама жігітінің үйлеріне мүгедек болып орал­ғанын білемін. Кейбір азаматтар ту­ған жерлеріне келгеннен кейін айық­пас дертке шалдықты. Отбасы, ба­ла-шағаның қызығын көрмей ерте көз жұмғанда­ры қаншама? Осы де­ректердің бар­лығы жанға жара сал­май қоймайды. Көп адамдар Семей полигонын Чер­нобыль оқиғасымен салыстырып жа­тады. Чернобыль – ол табиғи апат, ал Семейде жоспар­лы ядролық сынақ жүргізілді”, – дейді ол.

Семей өңірінде 40 жыл ішінде жүргізілген сынақтардың ұзын саны 500-ден асып жығылады. Салдары­нан талай адам ажал құшып, көбі түрлі ауруға шалдықты. Ал сәбилер­дің көпшілігі мүгедек болып дүниеге келді. Бірінен кейін бірі шетінеп кет­кен нәрестелердің санында шек бол­мады. Ресми мәліметтерге сүйен­сек, сол жылдары Семейге 600-дей жерлесіміз әскерге барған. Ал олар­дың жартысынан көбі өңірге қайта оралмапты. Кейбірі сырқаттанып, ал қалғандары ауыр жарақат алып көз жұмған екен.

2021 жылы по­лигонның жабыл­ға­нына 30 жыл толуы­на орай об­лыстық ардагерлер кеңесінің ұйым­дастыруымен 167 ар­дагер мерей­тойлық төсбелгімен ма­рапатталды. Сол жылғы 25 тамызда Қызылжар, Шал ақын аудандары­ның орталық­та­рында Семей полиго­нының құр­бандарына арналған бел­гітас қойыл­ды. Айыртау, Есіл, Мағ­жан Жұмабаев, Аққайың ауданда­рының әкімдері мен ардагерлер ке­ңестері қаза тапқандарды еске алу үшін ал­дағы уақытта белгі қоюды жоспар­лап отыр”, – дейді Асқат Төлепбер­генов.

Еліміздің ядролық қару­ды тарат­пау іс-шараларына бел­сен­ді атса­лысып, ядролық қауіп­сіздікті қам­тамасыз ету­де­гі елеулі үлесі əлем­дік қауым­дас­тыққа үлгі болып қала бер­мек. Отанымыз бейбіт бо­лашақ пен ядролық қарусыз əлемді құ­ру жолын таңдады. Дү­ние­жүзі­лік қауымдас­тықтың бар­лығы дерлік Қа­зақстан­ның ядро­лық қауіпсіздік са­ла­сына қос­қан үлесін мойындады. Сарап­шы­лардың айтуынша, ядролық қауіп­­сіздікті қамтамасыз ету – мем­ле­кетте қолайлы орта қа­лып­тас­ты­ру үшін жа­сал­ған қадам, сол себепті Қазақ­стан­ның бұл жер­дегі рөлін жо­ғары деп атауға бола­ды.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp