ТЫҢ ИДЕЯЛАР ИНКУБАТОРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде  ашылып жатқан кәсіптің дені  бизнес жоспардың дұрыс құрылмауы, қолдаудың  болмауының  салдарынан 3 жылға жетпей жұмысын  тоқтатады екен.  Осы орайда өңірімізде  жас стартапшыларды қолдау мақсатында «INHUB PETROPAVLOSK» бизнес-инкубаторы  құрылып, оның салтанатты ашулы рәсімі өтті.

 Елімізде   студенттер мен жас мамандардың   ІТ саласында ғана емес, басқа да түрлі жаңа инновациялық идеялары қолдауға  мұқтаж.  Бизнес-инкубатор ұйымы жетекшілерінің айтуынша,  жаңашыл жастардың сағын сындырмай,  керісінше сенімін арттыру үшін  түрлі бағытта оқыту бағдарламалары  жүргізілмек.

–Бизнес-инкубатор деген не? Бұл сөз бізге таңсық болуы мүмкін. Себебі  бұл – өңірімізде іске қосылып жатқан осындай алғашқы тың жоба. Қоғам «инкубатор» сөзін құс өсірумен байланыстырады. Енді бұның бизнеске де қатысы бар. Яғни біздің мақсатымыз – жас кәсіпкерлерді қолдау, оларға кеңес беріп қана қоймай, кәсібін жүргізу барысында жан-жақты жәрдем етіп, аяққа тұрып кетуіне  көмектесу. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды.  Мәселен, үстіміздегі жылдың 14-ші тамызы м ен 1-ші қыркүйегі  аралығында «Жасанды интеллект» атты курс  өткіздік. Оған 160-тан астам адам қатысуға өтініш білдіріп, 60 адам курсты аяқтады, – дейді «INHUB PETROPAVLOSK» бизнес-инкубаторының жетекшісі  Нұргүл Болатова.

Ұлттық ұлан әскери академиясында автоматтандыру бөлімінің аға-инженері болып жұмыс істейтін Қанат Сейітжан  –  мамандығы бойынша информатика пәнінің мұғалімі. Әскери оқу орнындағы IT саласын дамытып, оған өз үлесін қосқысы келеді. 36 жастағы азаматтың мақсаты – озық технологияның көмегімен басқарылатын «Ақылды әскери қалашық» құру.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтқандай, елдегі IT саласын дамыту керек. Бұдан Ұлттық ұлан академиясы да қалыс қалмағаны жөн. Негізінен бізде әскери бағытқа, техникаларға көп көңіл бөлінеді. Ал IT саласы қолдаудың жоқтығынан   ақсап  тұр десек болады», – деген Қанат Сейітжан жаңашыл  салаға  көңіл бөлмей, даму мүмкін емес екенін  айтып өтті.

ІТ саласы бойынша курсты отыздан астам адам тамамдаған. Осы курсты бітіргендердің көбісі келесі «Sprint incubation» курсына да жазылыпты. Бұл курс 4 қыркүйекте басталып, сегіз апта бойы кәсіпкерліктің  бірнеше түрі бойынша  жан-жақты білім береді. Сонымен қатар аталмыш курстың оқушылары өздерінің идеяларын таныстырып, сол  бойынша арнайы бизнес-жоспар жазып шығады. Ал курстың соңында болашақ кәсіпкер-оқушылар жобаларына  инвестор тартуға  қажет қабілет-қарымды игеріп шығады деген сенім зор.

Осы мақсатпен құрылған  жергілікті жоғары оқу орнының «Enaсtus Kozybayev» командасының мүшелері идеяларын сәтті жүзеге асыруда. Студенттер  экология саласы бойынша «ІТ-ферма» жобасын жасап, ол жұмыстарын Астанада өткен «ENAСTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2023» Ұлттық клубында таныстырды. Нәтижесінде 2,5 млн. теңгелік грантты ұтып алып, бизнес жобаларын жүзеге асыруға   кіріскен.

– Біздің жобамыз «ІТ-ферма» деп аталады. Бұл жоба бойынша төрт бассейннен тұратын гидропондық құрылғыны орнатып, ол жерде белгілі бір балық түрлерін өсірумен айналысамыз. Бұл балықтар суда еритін және биофильтрлерге, кварцефильтрлерге, шаңсорғыштарға,  гидропоникалық қондырғыға түсетін қалдықтарды шығарады. Бұл қондырғыларда олар сәндік өсімдіктерді, микрожасылдарды және көкөніс дақылдарын өсіреді. Жобаның мақсаты– жыл бойы біздің ауданда кездеспейтін балықты және органикалық тыңайтқыштарды өсіруге болатын инновациялық ферма құру. Бұл қалдық шығармайтын таза экологиялық  өндіріс болып табылады, – деген ««Enaсtus Kozybayev» командасының вице-капитаны Алдияр Ерсайын осы идеяны  оқушы кезінен жүзеге асырғысы келгенін айтты. Сонымен қатар ол алдағы уақытта мәзірінде тек балғын, таза табиғи балық пен балық өнімдерін ұсынатын мейрамхана ашуды армандайды.

Шара барысында кәсіпкерлікті дамыту туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Алға қойған жоспарлар нақтыланды.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp