АЖАРЫ ГҮЛДЕЙ ЖАЙНАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданының құрылғанына — 95 жыл

Биыл қазаққа құт мекен болып, ұлтымыздың мақтанышына айналған, талай айбынды тұлғаларды тудырған Уәлиханов ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт ішінде бұл мекен ауқымды өзгерістерді бастан кешіріп, тарихтың талай сынынан өтті.

Уәлиханов ауданының 95 жылын мерекелеу салтанаты аудандық Мәдениет үйінде бастау алды. Салтанатты шараның әлқиссасы осы жерден түлеп ұшқан Шөже Қар­жаубайұлы, Зейнелғабиден әл-Жауһари, Әлдебек би, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Жүнісов сынды тұлғалардың рухына тағзым етуден басталды. Одан кейін аудан мерейтойына орай ұйымдастырылған шаралар қорытындыланып, байқау жеңімпаздары марапатталды. Ауданның тарихына қатысты үздік мақала байқауының бас бәйгесін Қазақстанның құрметті журналисті Роза Жүнісова иеленді. Сол сияқты балалар арасында өткен байқау жеңімпаз­дарына да марапаттар табысталды. Одан әрі тарих ғылымдарының докторы, профессор, “Интеллект орда” халықаралық әлеуметтікгуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының директо­ры Саттар Мәжітов төрге шы­ғып, еліміздің рухани, әлеуметтік дамуына, білім беру саласына үлес қосқан Марат Балтабаев, Данагүл Кәрімова, Зүлфира Тілеуқабылова бастаған аудан тұрғындарын марапаттады. Жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген қазақ күресінен әлем кубогында еліміздің намысын қорғап, 100 килограмм салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Алтынбек Аусағитов та құрметке бөленді.

Ауданның 95 жылдығымен қатар биыл осы жердің құрметті азаматтары да мерейлі жасқа толып отыр. Биыл 75 жастың биігінен көрінген облысымыздың құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бүгінде елордада тұрып жатқан Серік Негимов пен қоғам қайраткері Әнуарбек Сағитовтың иығына шапан жабылды. Сонымен қатар мереке күні ауданның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға “Уәлиханов ауданының құрметті азаматы” атағы берілді. Аталған марапат Әубәкір Бек­теміров, Ермек Махатов, Ғалия Нұрмағзанова, Бауыржан Тастыбаев, Виктор Харланов, Орынбай Смайыловтарға табысталды.

Солтүстігінде Ресеймен, шығысы мен оңтүстігінде еліміздің Ақмола, Павлодар облыстарымен шектесетін Уәлиханов ауданының құрамына 11 ауылдық округ, 27 елді мекен кіреді. Бұл жер – алғашқы абайтанушы, ағар­тушыжазушылардың бірі Зейнелғабиден Әмреұлы, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Алаш қайраткері, халқының бас бостандығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған Смағұл Сәдуақасов, белгілі әнші Ермек Серкебаев, ұлт әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі Сәкен Жүнісов, белгілі балуан Ахметжан Қазымбетовтерді әлдилеген киелі мекен. Медицина және биология ғылымдарының докторы, профессор Жұмажан Бейсенбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпанов, тарих ғылымдарының докторы Сәттар Мә­житов, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Мұхамедкәрім Құрманов және Тұрсынбек Мәліков, опера жұлдызы Қайыржан Жолдыбаев, каратэдо бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушы Қайыртай Сарманов, Социалистік Еңбек Ерлері Есілбай Қадралин, Қибадат Оразалиндер де әр салада жемісті еңбек етіп, ел мерейін өсірді.

Ашылғанына ғасырға жуықтаған ауданда осы күні де оң өзгерістер орын алып, тұрғындар игілігі үшін игі істер істелуде. Бұл жайлы жұртшы­лықты мерейтоймен құттықтаған аудан әкімі Қайрат Пішенбаев баяндады.

– Киелі Уәлиханов ауданы, қасиетті туған мекеніміздің 95 жылдық мерейтойына қош келдіңіздер! Бүгінгі жиын өткен тарихқа бойлап, алдағы даму мүмкіндіктерімізді сараптауға арналып отыр. Ауданның тойы – осы елдің өсіп, өркендеуіне өмірін арнап, тер төккен жандардың да тойы. Аудан тарихы жайлы сөз еткенде жаңа кен орындарының ашылуын, диқандар мен малшылардың, дәрігерлер мен мұғалімдердің және өзге де аза­маттардың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Біз өткеннен қалған дүниені сақтап қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени да­муының жаңа мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек. Осы күні аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың құны 7 млрд. теңгеге жетіп отыр, – деді Қайрат Сәкенұлы.

Осы күні аудан орталығы Кішкенекөл ауылы жаңа кейіпке еніп, мұнда бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда,  ауылда заманауи емхана, жабық жүзу бассейні, мұз айдыны салынып жатыр.  Орталық алаң мен орталық стадион да жөндеуден өтуде.

Аудан бойынша 5 ауылда су мұнарасы салынып жатса, 4 елді ме­кеннің жолдары жөнделген. Облыс­тық, аудандық маңызы бар жолдардың 3 бағыты қалыпқа келтірілуде. Құны 11 млрд. теңге болатын 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жалғасуда. Көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру, ойын, спорт алаңдарын салу бойынша да істелген іс көп. 2019 жылдан бастап “Қызыл оба” тарихи ескерткішінде зерттеу жүргізілуде.

Мерейтой аясында аламан бәйге, аудандық командалар арасында көкпар, түйе палуандар күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, қой көтеру, қол күрес, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары қолданбалы өнер көрмесін тамашалап, мерекелік жәрмеңкенің көркін қыздырды.

Уәлиханов ауданының атынан түрлі жарыстарға қатысып жүрген Қанат Өмірзақов бәйгенің дүбірін естіп, облыс орталығынан арнайы келіпті.

– Мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етудемін. Туған жердің туын желбірету үшін күреске қатыстым. Алғашқы ай­налымда басым түстім. Келесі қарсыласым да осал болған жоқ. Осы сайыста бабым келісіп, бі­рінші орынды иелендім, – дейді түйе палуан атанған Қанат Өмірзақов.

Күрестің бас бәйгесін Уәлиханов ау­да­нының палуаны иеленсе, екін­ші орынды шалақындықтар Батырхан Қайырбек пен үшінші орынды Мейірбек Рахимов еншіледі. Аламан бәйгенің үшінші орыны “Шантөбе” тұлпарын тізгіндеген айыртаулық шабандоз Рахат Бегімбаевқа, екінші орын оқтай озған “Пуля” атты жүйрікті мінген Рахман Рамазановқа берілсе, зеренділік Жанат Құсайыновқа бірінші орынның жүлдесі табысталды.

Мерекелік шаралар легі концертпен жалғасып, жиналғандар бел­гілі әнші Толқын Забированың әнін тыңдады. Ал кешкісін би кеші ұйымдастырылып, тұрғындар отшашуды тамашалады.

Гүлнәр АПЛЕСАНОВА,

аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp