Жұмыс істеуге жайлы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр  мемлекет  үшін маңызы зор, аса өзекті мәселелердің бірі – көші-қон саясаты. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері  көші-қон саясатына баса мән беріліп келеді. Себебі, жер аумағы кең мемлекетте халықтың жайлы қоныстануы – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Әрбір азаматтың тұрақты жұмысы, басыбайлы баспанасы болса, бұл халықтың әлеуетіне де,  өсіміне  де  оң әсер етеді.   Осы ретте  еліміздің  халық тығыз орналасқан оңтүстігі мен батыс облыстарынан Қызылжар өңіріне көш басын тірегендер саны аз емес.  

Солтүстікке қоныс аударуға негізінен 18-35 жас аралығындағы азаматтар келіседі. Себебі, осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада білімін жетілдіргісі келеді, бірі жоғары біліміне сай маман болуды көздейді,  жеке кәсібін ашуды  армандайды. Халық өте тығыз орналасқан Алматы, Астана, Шымкент секілді қалалар мен Оңтүстік өңірлерде қалаған жұмысына орналасу немесе жеке кәсібін дөңгелетіп әкету екінің біріне бұйыра бермейді. Керісінше, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерде бала саны аз балабақшалар мен мектептер де жетерлік.

Жетісу облысынан теріскейге қоныс аударған Қуаныш Қадырахунов әу баста басқа аймаққа көшу туралы жоспары болмаған. Көп уақыт бойы апластикалық қан аздық (апластическая анемия) дертімен ауырып, шипасын таппаған Қуанышқа таныстары жер ауыстыруға кеңес береді. Үнемі ауруханада қан құйдырып, барлық уақыты дәрігердің бақылауында өтетін ол тәуекелге бел буып, Мамлют ауданындағы   Бостандық ауданына көшіп келеді.

–Осында көшіп келген кейін дертімнің беті қайтып, бұрынғыдай емес, өзімді жақсы сезіне бастадым. Бұл жақтың саф таза ауасы мен орманы, суы мені дертімнен емдеп жазды. Көшіп келгенімен өкінбеймін.  Мемлекет берген үйлердің сапасы жақсы. Орналасып, үйренісіп кетуімізге көрсетілген қаржылай көмектің де септігі тиді.  Бұл жақ егін егіп, мал бағам дегендер үшін қолайлы. Бұл жақта да көп жердің  жеке қожалықтардың қолына өтіп кеткені қынжылтады. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында игерілмей, бос жатқан жерлерді кері қайтаруға тапсырма беріп еді. Қазір біртіндеп сол тапсырма іске асып бастады, – деген  Қуаныш Қадырахунов алдағы уақытта мыңдаған гектар жер ауыл шаруашылығымен айналысу үшін халыққа берілетініне, теріскейдің төскейі мал-жанға толатынына сенімді.  

Түркістан облысынан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Червонное ауылына көшіп келген Нағима Назарова жаңадан салынған үйлердің бірін бес жылға жалға алып, өз кәсібін ашыпты.   «Бастау бизнес» бойынша курсын оқығаннан кейін грант  беріліпті. Бұл қаржыға көлік сатып алып,  қазір жолаушы тасымалымен айналысып жүр.

–  Көпшілік оңтүстіктен солтүстікке көшуге жүрексінеді. Жұмыс үшін шетел асып та кетіп жатқандар бар. Ал Солтүстік Қазақстан  облысы өзіміздің жеріміз ғой. бұл жаққа өсемін, өнемін деп келу керек. Жұмыс істеймін деген адам  кәсіптің неше түрін ашады. Дипломың, арнайы білімің болса, кез келген мекемеден жұмыс таба аласың, – дейді Нағима Назарова.

Ал Жәнібек Мәменов Оңтүстік өңірден Ғабит Мүсірепов  атындағы ауданның  Новоишим ауылына отбасыммен көшіп келген. Бастапқы 1-2 ай тұрақты жұмыс таба алмай, қиналады.  Кейінірек Қазақстан теміржолына қатардағы монтер болып жұмысқа орналасыпты. «Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қаржылай көмектерді уақтылы алдым. Балаларым мектепке орналасты. Көп ұзамай  жұмысымда кадр бөлімінің басшысы болып қызметім жоғарылады. Көшіп келем деген ағайынға айтарым, жатырқайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осынау тиімді жағдайды ұтымды пайдаланып, шекара аймағындағы ауылдарымызды  сақтауға атсалысайық, –  дейді Жәнібек Мәменов.

Қарға тамырлы қазақ қилы заман­да шекара асып,  басқа елдерге де тастай батып, судай сіңген жоқ па?   Қазір өз елінде,  қолдайтын ағайындар мен биліктің барында жаңа қонысқа  бойы үйренері анық. Шал ақын ауданына  көшіп келген отбасылардың да айтар ойы  – осы. 

«Ұлан-байтақ даласы мен сәулетті қалалары бар қазақ жерінің облыстары бір-бірінен шалғай орналасқан. Сондықтан да болар, әр өңірдегі халық өсімі де, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да әр-алуан.Оңтүстік, батыс өңірлерінде халық тығыз орналасқандықтан, жұмыс табуда, баспана мәселесін шешуде қиындықтар бар. Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы іске қосылған бағдарлама аясында   Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына  үш отбасы көшіп келдік.  Мемлекет тарапынан үй алуымыз үшін арнайы сертификат берілді. Төрт мектеп жасындағы баламыз бар. Бірге көшіп келген қалған екі отбасының да бірінде жеті, енді бірінің  төрт баласы бар», деген Жанар Бақытқызы теріскейге қоныс аударғаны үшін еш өкінбейтінін жеткізді.

Қазір  балалар  мектепке барып жүр,    жұбайы  трактор жүргізушісі болып жұмысқа орналасыпты.  Мемлекет көрсететін қаржылық қолдаудың арқасында  балаларды мектепке дайындап, үйге қажетті заттар, бұзаулы сиыр сатып алыпты. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік оқуын оқыған Жанар Бақытқызы  енді грант байқауында бағын сынап көрмек. Мақсаты – мал асырап, ет, сүт өнімдерін сатумен айналысу.

–Бірге көшіп келген екі отбасының келіншектері де осы сертификатпен кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Бірі тігіншілікпен айналысса, екіншісі  ірімшік  сатпақ. Қолынан іс келетін адамға бұл аймақта айналысатын жұмыс жеткілікті. Шаруашылыққа икемім жоқ, дипломмен жұмыс істеймін деген адам да жұмыссыз қалмайды. Бұл жақтағы жағдайымызды оңтүстіктегі ағайын-туыс естіп,  көшіп келуге ниеттеніп отырғандары аз емес. Дәрігер, мұғалім мамандығы бар бірнеше отбасы көшіп келуге  қамданып жатыр, – дейді  Жанар Бақытқызы.

Жыл өткен сайын тиімді бағдарламаның нәтижесінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар саны жылдан жылға арта түсті. Ең маңыздысы, қоныс аударушылар халық аз шоғырланған  өңірлердегі  іргесі сөгілген  ауыл-аймақтарды  сақтап қалуға өз үлестерін қосуда. Оңтүстіктен солтүстікке  бет алған көш көрікті  болсын!

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

 «Soltüstik Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp