Қазақ сыныптары көбейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда Петропавл қаласында 36 білім ордасы бар. Оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны – 6. Жылдан жылға қазақша оқимын деген бала саны артқанымен,  мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде орын саны шектеулі. Сондықтан биылғы оқу жылында облыс орталығындағы үш мектепте қазақ сыныбы ашылды.

Осыған дейін қазақ тілінде оқитын балалардың санын арттыру мақ­сатында жаңа 2023-2024 оқу жы­лында Петропавлдың орыс тілінде оқытатын 3 инновациялық мектеп – бірінші қалалық ІТ-лицей, “БЭСТ” гимназиясы, Бірінші гимназиясын­да 1-сынып ашылады деп жоспарланған болатын. Қазақ сыныбына оқушы жи­нау мақсатында ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстары сәуір айынан бастап жүргізілді. Жүргізілген кешенді жұмыстың нәтижесі көңіл көншітерлік.

Бірінші гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Жазира Қайыржа­нованың айтуынша, қазақ сыныбында 13 бала білім алып жатыр. Қабыл­данған оқушылардың барлығы мектепке даяр болып келген.

Қазақ сыныбының ашылуы – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің бірден-бір жолы. Бүгінгі оқушы – болашақ студент, маман, ата-ана. Осы жолда ана тілді білетін әрі еркін сөйлейтін адам ғана Абай тілін дамыта алады, ұлттық болмысты жоймайды. Оқушылардың жақындары гимназияда қазақ сыныбының ашылғанына қуанышты.

– Мұндағы мұғалімдер – білікті мамандар. Үлкен ұлым осы мектепте 3-ші сыныпта оқып жатыр. Қазақ сыныбы ашылғанда қатты қуандық. Бұл мектепте ағылшын, неміс тілдерін де тереңдетіп оқытады, – дейді қала тұрғыны Ұлан Әбдірахманов.

Өткен оқу жылында қазақ тілінде оқитын балалардың санын арт­тыру мақсатында облыстың 5 ауданындағы орыс тілді 8 мектепте қазақ сыныптары ашылған еді. Ал биыл аудандарды қоса алғанда орыс тілді 12 мектепте қазақ сыныптары ашылып, 87 бала қазақша білім нәрімен сусындап жүр. Жалпы өңірімізде қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны – 19 мыңға жуық.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp