АЛТЫН АСТЫҚ — ЕЛ ЫРЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жауын-шашын салдарынан егін орағы бір аптаға кешеуілдеуде

Өңірімізде жауын-шашынның салдарынан егін орағы шамамен бір аптаға кешеуілдеп жатыр. Әзірге дәнді және бұршақты дақылдардың тек 27 пайызы ғана жиналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, тамыз айында 51,9 мм. мөлшерінде жауын жауған. Бұл әдеттегі нормадан 108 пайызға артық. Жоғары ылғалдылық диқандарға піскен астықты жинап алуды қиындатып отыр.  Салдарынан 30 тамыздан бастап 6 қыркүйекке дейін егін орағы уақытша тоқтатылды. Жауын-шашын басылғаннан кейін өңір диқандары алқап басына шыққанымен, “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары өңірде алдағы күндері тағы да жауын жауатынын хабар-лады.

“Қазіргі уақытта облысымыздағы 919,1 мың гектар дәнді және бұр-шақты алқаптың астығы қамбаға құйылды. Жалпы биыл 3,2 млн. алқапқа дәнді, 960 мың гектар жерге майлы дақыл егілген”, – делінген басқарма берген хабарламада.

Күзгі дала жұмыстарына 13 мың техника жұмылдырылған. Егін ора­ғына 58,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Өңірде 317 астық кептіргіш бар, олардың өнімділігі сағатына 9,7 мың тонна. Жауын-шашынға байланыс­ты қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінде өңірлерге арзан бағамен қосымша дизель оты­нын бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Жанар-жағармай бидайды кептіруге пайдаланылмақ. 

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp