Қазіргі таңда Петропавл қаласында 36 білім ордасы бар. Оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны – 6. Жылдан жылға қазақша оқимын деген бала саны артқанымен, мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде орын саны шектеулі. Сондықтан биылғы оқу жылында облыс орталығындағы үш мектепте қазақ сыныбы ашылды.
Осыған дейін қазақ тілінде оқитын балалардың санын арттыру мақсатында жаңа 2023-2024 оқу жылында Петропавлдың орыс тілінде оқытатын 3 инновациялық мектеп – бірінші қалалық ІТ-лицей, “БЭСТ” гимназиясы, Бірінші гимназиясында 1-сынып ашылады деп жоспарланған болатын. Қазақ сыныбына оқушы жинау мақсатында ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстары сәуір айынан бастап жүргізілді. Жүргізілген кешенді жұмыстың нәтижесі көңіл көншітерлік.
Бірінші гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Жазира Қайыржанованың айтуынша, қазақ сыныбында 13 бала білім алып жатыр. Қабылданған оқушылардың барлығы мектепке даяр болып келген.
Қазақ сыныбының ашылуы – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің бірден-бір жолы. Бүгінгі оқушы – болашақ студент, маман, ата-ана. Осы жолда ана тілді білетін әрі еркін сөйлейтін адам ғана Абай тілін дамыта алады, ұлттық болмысты жоймайды. Оқушылардың жақындары гимназияда қазақ сыныбының ашылғанына қуанышты.
– Мұндағы мұғалімдер – білікті мамандар. Үлкен ұлым осы мектепте 3-ші сыныпта оқып жатыр. Қазақ сыныбы ашылғанда қатты қуандық. Бұл мектепте ағылшын, неміс тілдерін де тереңдетіп оқытады, – дейді қала тұрғыны Ұлан Әбдірахманов.
Өткен оқу жылында қазақ тілінде оқитын балалардың санын арттыру мақсатында облыстың 5 ауданындағы орыс тілді 8 мектепте қазақ сыныптары ашылған еді. Ал биыл аудандарды қоса алғанда орыс тілді 12 мектепте қазақ сыныптары ашылып, 87 бала қазақша білім нәрімен сусындап жүр. Жалпы өңірімізде қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны – 19 мыңға жуық.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”