ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғасырлар тоғысынан, жылжыған жылдар ағысынан  күмбірлеген күйдің  қоңыр үні естіліп келеді. Түсінер түйсік, тыңдар құлақ барда күйдің  керуен көші тұрақсыз жалғаса беретіні анық.  Тарих толқынында қара домбыраның сырлы, шерлі  үнмен сөйлегені  бәрімізге белгілі. Біздің халық небір тар жол, тайғақ кешу, қиын-қыстау заманда да домбырасын қолынан тастамаған. Қуанғанда қуанышын, қайғырғанда жұбанышын домбыра үнімен жеткізіп келген. Қазақ халқының  қоржынында  бүгіндері   бес мыңға жуық күй бар екен.  Ұлттық өнеріміз – атадан ұрпаққа мирас болған күйшілік өнерді жанына серік еткендердің бірі  Ақан сері атындағы облыстық филармонияның   күйшісі Бәйімбет Құбайдолла.  Өнерпазбен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Бәйімбет  Асылханұлы,  халқымыздың ұлттық аспаптары –  домыраның, қобыздың үнімен жеткен күй өнерінің тарихы тереңде жатыр ғой. Сізді де осынау бекзат өнер өз тұңғиығына сан қилы тарихымен тартқан шығар.  Әйтпесе, екінің бірі, егіздің сыңары  күйші болуға талпынбайды емес пе?

Күй – қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы.  Ол өте көне өнер. Күйдің шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті сақ, ғұн, үйсін, қаңлы замандарынан сыр тартады. «Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар мынау еді»  деп айту мүмкін емес. Мысал ретінде Томирис туралы әпсананы айтуға болады. Одан кейін салтанат құрған  дәуір – Түрік қағанаты. Бұл кезеңдегі күйлердің де дерегі жоқтың қасы.  Ол әдебиетімізде «ұлыстық ояну кезеңі» деп аталады. Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіндердің тасқа қашап жазған жорық жырлары осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Келесі – Алтын Орда дәуірі, бұл кезеңдегі музыкалық мұрамыз – “Ақсақ құлан-Жошы хан” күйінің тараулары. «Күйдің ұлттық дәуірі» деп Қазақ хандығы заманын айта аламыз. Бұл жыраулық дәстүрдің кең таралып, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезі болатын.  Сол заманда пайда болған күйлер – тарихи күйлер қатарына қосылады. Оларда көп жағдайда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғысы баяндалады. Асан қайғының күйлері, қазақ пен ноғайдың айырылысқан трагедиясынан шыққан толғау күйлер, көне жер-су аттарына бағышталған тундылар осы кезеңмен байланысып жатыр. Күйдің пайда болуының тарихы мұнымен шектелмейді. Шыны керек, мені де оның ежелден келе жатқаны қызықтырды. Ең алдымен Қорқыт бабамыздан жеткен күйлер туралы оқи бастадым. Қобыз аспабында ойнау жаныма жақын болмағандықтан ол замандағы күйлер туралы жан-жақты білемін деп айта алмаймын. Домбырамен жеткен күйлер – халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Негізінен, күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы ретіндегі уақытаралық қатынастың басты құралы бола алады.

-Өткенге көз жіберсек, әрбір күйдің шығуына байланысты аңыз-әңгімелер көп айтылады.  «Салтанат» күйінің шығу тарихын естігенде тебіренген едім. Маман ретінде халық арасындағы танымал күйлерге тоқтала кетсеңіз.

– Сөзімнің басында айтып өткенімдей, қазақ халқында бүгіндері 5 мыңға жуық күй бар деседі.   Бұл, демек,  әрқайсысының өзіндік шығу уақиғалары бар деген сөз. Өзіңіз айтып отырған көпшілік арасында кеңінен танымал Қаратау күй мектебінің өкілі, дәулескер күйші Төлеген Момбековтің “Салтанат” күйін тыңдаған сайын кеудемізді өксік аралас мұң басып, жүрегіміз сыздайды. Осы бір күйдің өзінде  адамның сөзбен айтып жеткізе алмайтын сырын, мұңын тілсіз екі шектің мақамымен әр кеудеге құйып бере алатын сиқыр бар.  Туындының шығу тарихына тоқталсам, 1969 жылы Төлеген Момбеков  ағамыздың  асыл жары – Пернеш өмірден өтеді. Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен қалған Төкеңе бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген ағамыз бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын ренжітіп  қойыпты. Салтанат біраз жыл өтсе де,  дүниеден озған  шешесін ұмытпай: “Апама айтамын” деп зар еңіреп жылайды. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші ауыр күйзелгендей болып, тұнжыраңқы күй кешіп, қатты толқиды. Қызын жұбатып отырған  ағамыз: “Қайтемін, жаным-ау” деп қосыла жылайды. Сосын сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй  дүниеге келеді.  Күйдің атын “Салтанат”  деп қояды.

Ал «Назқоңыр» күйі Сүгірдің аңызбен астас махаббат жайын баян етеді. Тектіден текті аралап найман елінен айттырып алып келген аяулы жары, әйгілі күйші Мафруза бір жылдан соң көз тиіп қайтыс болады. «Назқоңыр»  – алғашқы күндердің қалың қайғысын, күйшінің басын тау мен тасқа соғып, бойын өртеген қасіреттен, өкініштен «ах» ұрған қиямет сәтін бейнелейді. Сондай-ақ бұл күйде Сүгір алғашқылардың бірі болып, адамның жүрегіндегі тәубаны бейнелейтін әуенді ойлап тапқан, енгізген.

Сонау төменгі сағаға барып, он екі мүшені талдырған, қайғыны судай іштірген күй жоғарғы сағаға қайтып келіп, кенет аунап түсіп, алқоңыр әуенге ауысады. Осыншама қайғыдан келіп күйдің мажорға ауысуы басындағы бұраудан ауытқымайтын, сол бұраумен аяқталатын қазақ күйі үшін жаңа құбылыс, сырт құлаққа тіпті жағымсыз модуляция болып естілуі мүмкін. Бірақ құлағыңыз үйрене келе Сүгір күйінің биік парасатына бас ұрасыз.

– Біздің ұғымымызда «әр қазақтың үйінің төрінде қамшы мен домбыра ілулі тұруы керек» деген түсінік бар. Мұның сыры неде? Домбыраның басқа аспаптардан өзгешелігі жайында айта кетсеңіз?

– Сіздің бұл сауалыңызға алаштың аяулы ақыны Мұқағали Мақатаевтың  «Бабаларым, рақмет сендерге!»  деп аталатын өлеңінің бір шумағымен жауап беруге болады. Ақын осы туындысында:

«Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраның шанағынан іздедім», –  деп тебіренеді ғой. Домбыра – қазақтың жаны, рухы. Ол рух әр отбасының төрінде тұруы тиіс.

Домбыраның үні күймен әрленіп отырған.  Күйге келер болсақ, қазақ әдебиетінің белді өкілі  Ілияс Жансүгіров үшін күй “сыбырлайды”, “мұңаяды”, “толғанады”, “зарланады”, “бұрқырайды”, “сарнайды”, “ақтарылады”, “лепілдейді”, “сылдырлайды”, “күмбірлейді”, “сыңқылдайды”, “күркірейді”, “сорғалайды”, “еркелейді”, “тербейді”. Яғни, күй- аспапты музыка ретінде сөзге кіріптар емес. Өмір тіршілік дерегін білдіретін ең мәнді сөз немесе сөйлем күйдің әуендік буын ырғағына ғана әсер етеді.

-Сіз Ақан сері атындағы облыстық филармонияда күйшісіз, шәкірт  тәрбиелеу ісімен де айналысып келесіз.  Күйші боламын деген өрендер көп пе?

– Мен Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық  классикалық гимназияда домбырадан сабақ беремін. Жалпымузыкамен айналысу баланың өзінің ішкі дүниесіне үңілуге көмектеседі.  Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына  күйдің ықпалы мол. Домбыра өнері – тәрбиенің басты құралы.  Сондықтан мен ең алдымен оқушыларымды домбыраның үні арқылы тәрбиелеуге баса назар аударамын. Домбыраға әуес бала сабырлы, дүниетанымы кең болады. Болашақта күйші болуды көздеп отырған шәкірттерім аз емес. Оларды күй өнеріне баулуда  А. Жұбановтың «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», Х. Тастановтың «Домбырадан сабақ беру методикасы», Л. Хамиди мен Б.Ғизатовтың «Домбыра үйрену мектебі», А. Тоқтағанов және Т.Бәділовтың «Домбыраға арналған гаммалар мен арпеджиолар» атты еңбектерді пайдаланудамын.  

Данышпан Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзі әр мұғалімнің басты ұстанымы болуы керек.  Кез келген пәннің ұстазы «уақытым өтсе болды» демей,  керісінше баланың санасына сәуле құюға ұмтылса нұр үстіне нұр емес пе?  Өз басым домбыраға құштар оқушыларымның әрқайсысының болашағынан зор үміт күтемін. Өйткені, олардың барлығы мектепке қазақтың қасиетті қара домбырасын арқалап келеді. Сырттай қарап отырып сүйсінесің.  Домбыраны ұстай алмайтын оқушыларым да болды. Оларға ең алдымен «Еркем-ай» әнін домбырада ойнауды үйретемін. «Еркем-айды» меңгерген баланы күйшілікке баулуға болады.    Содан кейін «Кеңес», «Келіншек» күйлерін үйрете бастаймын.  Серік Елжан,  Аружан Мұсайбекова,   Елдана Біржан, Батырхан Есентай есімді шәкірттеріммен мақтанамын.

Кез келген өнер иесінің үлгі тұтар ұстазы болады. Сіздің ұстазыңыз кім?

-Алғаш рет әріп танытқан ұстазым мен қолыма домбыра ұстатқан жанның  есімі жүрегімнің төрінде.  Мені күй өнеріне баулыған Майра Сұлтанқызын ерекше құрметтеймін.   Әкем дүниеден ерте өтті. Анамыз әке орнына әке, ана орнына ана болып, бізді өсірді, жеткізді.  Мен «домбыра үйренгім келеді» дегенде, анам қорадағы малды сатып жаңа аспап сатып алып берген еді.  Анамды өмірдегі тірегім, ұстазым деп білемін.

 Ал өнерде үлгі тұтар күйшілер аз емес. Шертпе күйдің шебері Жаңғали Жүзбайдың еңбегін жоғары бағалаймын.

-Күй өнерінің дәстүрлі ән секілді өз мектептері бар ғой?

-Қазіргі таңда еліміздегі күй мектептері жеті бағытқа, атап айтқанда,  Алтай (Шығыс Қазақстан), Арқа (Орталық Қазақстан),  Жетісу (Оңтүстік, Шығыс Қазақстан),  Қаратау (Оңтүстік Қазақстан), Жиделі-Байсын (Сырдария, Арал өңірі), Орда (Батыс Қазақстан), Түбек (Маңғыстау) күйшілік аймағы   болып бөлінеді. Күй өнерін осылайша мектептерге бөлу жүйесін Ақселеу Сейдімбек ағамыз  «Күй шежіресі» монографиясында жазып кеткен  болатын.  Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет  сынды өз мектебін қалыптастырған күйшілеріміз жетерлік.

Сіз көптеген  республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынадыңыз.  Жеңіспен оралған кездеріңіз аз емес.  Жалпы күй сайыстарының ұйымдастырылу деңгейі көңіліңізден шыға ма?

– Кез келген байқауда басқа өңірлердің  күйшілерімен танысып, шүйіркелесіп,  кәдімгідей бір орта көріп қаласың. Күй сайыстарының өнерпазға берері де сол емес пе?  Өз қабілетіңді, шеберлігіңді шыңдауға, өреңді  биіктетуге  мүмкіндік туады. Мен 2018 жылы Омбы қаласында ұйымдастырылған “Сібір жұлдыздарды жағады” атты  халықаралық сайыста жүлделі  1 орынға ие болдым. 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізілген  Тәтімбет және Құрманғазы атындағы аймақаралық сайыстың  3 орын иегерімін. 2021 жылы  Астана қаласында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған “Мен –  қазақпын” халықаралық сайысының ақтық кезеңіне жолдама алдым.  2022 жылы  Астана қаласында  «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған “Жеті қазына” республикалық сайысының финалисті атандым. Күй байқаулары жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде  ұйымдастырылып тұрады.  Соған қуанамын. Қазағы көп шоғырланған Түркістан, Қызылорда өңірлерінде мұндай байқаулардың санында шек жоқ. Бұл үрдіс біздің облыста да жалғасса деген тілегіміз бар. Қызылжарда күйшілік өнердің дамуы соңғы жылдары ғана қарқын ала бастады.

-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Мен шәкірт тәрбиелеу ісіне ерекше ден қойып отырмын. Оқушыларымды болашақта үлкен сахналардан көргім келеді.  Осы мақсатта жұмыс жасап жатырмын.

            Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp