Ардагерлерін ардақтаған аудан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің соңғы жылы өткізген іс-шаралары, оң бастамалары көпке үлгі. Бұған аталған ауданда ұйымдастырылған облыстық  ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы барысында куә болдық.

Ауданда орынды құрметке бөленіп, еңбектері  еленіп жүрген аға буын өкілдерінің саны жыл сайын артып келеді. Тарихи тұлғаларымызды насихаттау, мәдени ескерткіштерімізді сақтау ісіне де зор көңіл бөлінуде. Шалақындықтардың жерлес ардагерлерге деген құрметі ерекше. Бүгінде аудандағы қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізу, демалысын ұйымдастыру да бір жолға қойылған. Аудан орталығында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған 3145 адамның есімі жазылған ескеркіш, Чернобыль апаты мен Семей полигоны ардагерлеріне арналған мемориал орнатылған. Осындай игі іс ірі ауылдық округтерде де жалғасын табуда. Жеңістің 70, 75 жылдығын жоғары деңгейде атап өткен шалақындықтар 80 жылдық мерейтойды  өз деңгейінде ұйымдастыруға дайындалуда. Осы шараларды жүйелі, сапалы өткізу, тұрғындарды ақпараттандыру жұмысының басы-қасында аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері жүр. Жалпы тәрбиелік жұмыстар өткізуде аудандағы 36 мектеп жанынан ашылған бұрыштар мен  музейлердің,   27 кітапхананың, 15 клубтың жұмысы көңіл қуантады. Жергілікті халық саны мен аталған мәдени орындардың қатнасы жағынан алғанда да Шал ақын ауданы көш бастап тұр.

Аудандағы ардагерлер кеңесінің жергілікті билік органдарымен, жастар ұйымдары, ақпарат құралдарымен байланысы да осы бағыттағы жұмыстардың жандануына себеп болып отыр. Кеңеске деген халықтың сенімі де жоғары деңгейде.

Алайда ардагерлер кеңесі, бастауыш ардагерлер ұйымдары, тұрақты комиссиялардың жұмысында кемшіліктер де орын алып жататыны жасырын емес. Ауылдағы аға буын өкілдерімен берік байланыстың орнамауы, мұғалімдер, ата-аналар, мемлекеттік қызметшілермен жүргізілетін жұмыстың аздығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы алға қойған міндеттерді жүзеге асруға кедергі келтіріп жатады. Кей ауылдардағы ардагерлер кеңесінің жұмысын насихаттайтын белсенділердің жоқтығы да жоспарлы жұмысты кешеуілдетуде. Соған қарамастан Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері белсенділік танытып, қоғамның оң бағытқа бет бұруына атсалысуда.

Осының бәрін ескере отырып біз Шал ақын ауданындағы жұмыс тәжірибесін мақұлдап, оны өзге де аудандарда тарату туралы шешім шығардық.      Бұдан былай мұндағы ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлерінің есімін жаңғырту жолындағы игі бастамалар өңір аумағында жүзеге аспақ. Алдағы уақытта төралқа отырысының материалдары жинақталып, кітап болып жарық көріп, барлық аумақтық ардагерлер кеңестеріне таратылмақ. Бұдан әрі аталған ұсынымдар аумақтық ардагерлер кеңесінің төрағаларының қатысуымен талданып, Президенттің «Тәуелсіздің бәрінен қымбат» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру жолдары айқындалады. Бұдан бөлек жеңістің 80 жылдығын атап өтуге орай дайындық жұмыстары бастау алмақ. Мерейтойды атап өтуге бастауыш ардагерлер ұйымдары, жастар ұйымдары, білім, мәдениет саласының өкілдері мен ауылдар мен ақаладағы зиялы қауым өкілдері де тартылады.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp