БАЛУАНДЫҚ – ҚАНДА БАР ҚАСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі – талантты спортшыларға бай өлке. Әсіресе жауырыны жер иіскемеген балуандар көп. Белдесу өнерінің бірнеше түрін меңгергендер де бар. Дзюдо, самбо, қазақ күресі және белбеу күресінен республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Дәурен Нұрғожинді өңірімізде танымайтындар кемде-кем. Соңғы жылдары бапкерлікке ауысып, төрешілердің арасынан табылып жүр. Бірақ бозкілемнен кеткен жоқ, ардагерлер арасындағы жарыстарға жиі шығып тұрады.

– Спорттық мансабымды әлі аяқтаған жоқпын. Облыстық балалар мен  жасөспірімдерге мамандандырылған «Олимп» спорт мектебінде қызмет етіп жүрмін. Жастарға дзюдоны үйретемінн. Бұдан бөлек өңіріміздің атынан кәсіби төреші ретінде республикалық және халықаралық жарыстарда төрелік етемін, – деген Дәурен жоғары санатты ұлттық дәрежедегі төреші атануға үміттілер қатарында.

Дәурен Нұрғожинді қызылжарлықтар облысқа белгілі бапкер Еслямбек Бекмурзиннің шәкірті ретінде таниды. Мектеп жасынан қазақ күресінің айла-тәсілдерін меңгертіп, үлкен спортқа әкелген жаттықтырушысының алдында өзін қарыздар санайды.

– Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы қазақ мектеп-гимназиясына оқуға қабылданған кезде қай спортпен айналысамын деп бас қатырмадым. Бірден ер жігітке тән өнерді меңгерсем деп шештім. 2000 жылы Еслямбек Бекмурзин ағаймен таныстым. Оның қол астында жаттығып, түрлі жарыстарға қатыстым. Ағаның үйреткен айла-тәсілдерін қолданып, ел біріншілігінде талай рет топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көріндім. Ол кісінің шәкірттеріне деген қамқорлығының арқасында күреске деген қызығушылығым артты. Кейін мен де жаттықтырушымның ізін басып, бапкерлікке ауыстым, – дейді Дәурен Нұрғожин.

Жігітке жеті өнер де аз. Дәурен қазақ күресінен бөлек самбо мен дзюдоны меңгеріп алды. Белбеу күресінің қыр-сырын да үйренді. Күрес – нағыз ерлерге тән спорт түрі. Балуан осы спорт түрлерінің әрқайсысынан республикалық және халықаралық додаларда бағын сынады. Ел біріншілігінде топ жарғанымен, әлемдік додаларда жолы болмады.

– Облыстық және республикалық жарыстарға қатысқан уақытта бар білген әдісімді қолданып, жүлделі орындарға ие болдым. Белбеу күресінен ұлттық құрамаға алындым. Өкініштісі, бұл спорт түрінен жеңімпаз атана алмадым. Қазір көп уақытымды шәкірттеріме арнаймын. Олар дзюдодан жоғары нәтижелерге жетуі үшін  бар білгенімді үйретіп жүрмін. Мен ала алмаған асуды шәкірттерім бағындыратынына сенімдімін, – дейді бапкер.  

Жақында жерлесіміз самбодан шеберлер арасында өткен әлем біріншілігіне қатысып, қола медальға қол жеткізді. Енді қазанның айының 28-30 аралығында Абу Дабиде шеберлер арасында өтетін дзюдодан әлем чемпионатында бақ сынағысы келеді.

– Оралдағы әлем біріншілігіне самбоның жілігін шағып, майын ішкен кілең мықтылар қатысты. Мен 35-39 жастағы спортшылар арасында сынға түстім. Төрт белдесудің тек біреуінде ғана жеңіліс таптым. Осылайша үшінші орын бұйырды. Әлі де талай сындарға қатысамын деп ойлаймын. Менің ойымша, жастарды сөзбен емес, іспен тәрбиелеу керек. Яғни өзім үлгі көрсеткім келеді, – деген ойда Дәурен Нұрғожин. «Қамшыға – бүлдіргі, балаға үлгі керек» деген осы болар.

Дәурен ұйымдастырушылық қабілетімен де танылып жүр. Қыркүйектің 23-і күні Петропавлда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан азаматтық қорғаныс қызметкерлерін еске алуға арналған қазақ күресінен «Бейбіт күннің батырлары» атты ашық турнир өткізуді жоспарлап отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp