дайындық көңілден шыға ма?
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, өңір алты ай қысқа дайындалып жатыр. Көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығы пысықталып, тұрғындар тарапынан көмірге сұраныс артты.
Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандықтардың 37 пайызы көмір алып үлгерген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс аумағында көмірді дайындау және сатуға арналған 32 пункте 33 мың тонна көмір бар. Ал қара отынның құны маркасы мен жеткізу қашықтығына байланысты тоннасына 12 500 теңгеден 20 000 теңгеге бағаланған. Мәселен, Екібастұздың көмірі тоннасына 12 500 теңгеден 14 000 теңгеге, Шұбаркөл 16 600 теңгеден 19 000 теңгеге сатылып жатыр. Қаражараның бағасы – 15 500 теңгеден 20 000 теңге, ал Майкүбі көмірі 15 000-нан 18 000 теңге аралығында.
Көмірді жоспарлы түрде жеткізу үшін облыс әкімдігі «Жүк тасымалы» АҚ-мен бірлесіп, күнделікті вагондардың жүру маршрутына бақылайды. Сонымен қатар көмірді тиеп-жөнелту көлеміне, құрамның жөнелту және болу уақытын нақтылай отырып, мониторинг пен бақылау жүргізіледі. Ал бағаның көтерілуі фактісі анықталған жағдайда облыс әкімдігі бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі уәкілетті органның атына сұрау салмақ.
Орташа есеппен өңір тұрғындарына 419 мың тонна көмір қажет. Әзірге халық 157 мың тоннасын алып үлгерді. Ал бюджеттік мекемелер 136 мың тонна көмір алыпты. Яғни қажетті көлемнің 96 пайызы бар. Бұдан басқа, көмірді өткізу операторлары 228 мың тоннаны жөнелтуге шарт жасасқан.
Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығы аса маңызды. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсет Ысмағұловтың айтуынша, облыс орталығында орталықтандырылған жылыту желісіне 1 135 көпқабатты үй қосылған. Қазір 1 128 үй қысқа дайын.
Мамандардың айтуынша, солтүстікқазақстандықтарға жылу қыркүйек айының соңында беріледі. Егер ауа температурасы 3 тәулік көлемінде +10 немесе одан да төмен болса, нысандар жылытыла бастайды. Ал әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды ерте қосуға болады. Ол үшін мекеме тарапынан “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігіне тиісті өтініш жазу жеткілікті.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».